Саудадағы барлық кедергіні жою қажет
Алғашқылардың бірі болып ТАСС ақпарат агенттігі жазды. Ақпарат құралы Қазақстан Президентінің «Бізге 2025 жылға қарай өзара саудадағы барлық кедергіні жою қажет. Бұл – бірлестігіміздің толыққанды қызмет етуінің маңызды талабы», деген сөзін келтіре отырып, Н.Назарбаев Еуразиялық экономикалық комиссия мен үкіметтерге осы бағыттағы жұмысты жандандыру қажет деп есептейтінін жазды.
Бұдан әрі Елбасының экономиканың басты секторларындағы ірі жобаларды іске асыру қажеттілігіне де тоқталғанын, осыған байланысты, Комиссия мен Еуразия экономикалық одағына мүше елдердің үкіметтеріне осындай жобалардың тізімін жасау ұсынылғанын да айтып өткен.
Өзара ықпалдастықты кеңейту маңызды
Нұрсұлтан Назарбаевтың 2025 жылға қарай ЕАЭО елдерінің өзара саудасындағы барлық кедергілерді жоюға шақырғаны, сондай-ақ ЕАЭО аясында өзара ықпалдастықты одан әрі кеңейту үдерістеріне қолдау көрсетіп, Еуразия экономикалық комиссиясы мен оған мүше елдердің үкіметтері тарапынан жаңа жұмыс бағыттарының әрқайсысының экономикалық тұрғыдан мақсатқа қаншалықты сай келетіндігіне терең талдау жасау қажеттігін атап өткенін Interfax ақпарат агенттігі де хабарлады.
Ақпарат агенттігі Н.Назарбаевтың: «Жалпы, біз Еуразия экономикалық одағының негізгі мақсаттарына – тауарлар мен қызметтердің, капитал мен жұмыс күшінің еркін айналымын қамтамасыз етуге батыл қадам жасап келеміз. Сонымен бірге Еуразия экономикалық одағының толыққанды жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін тағы да күш жұмылдыруымыз керек», деген сөздерін мысалға алған.
Сондай-ақ Мемлекет басшысының төрт «еркіндікті» қамтамасыз етуге бағытталған құжаттар бойынша жұмысты аяқтаудың, соның ішінде ЕАЭО елдерінің азаматтарын зейнетақымен қамту туралы келісімнің маңыздылығын айтқанын да атап көрсеткен.
ЕАЭО-да өсімнің оң қарқыны бар
Беларусь телеграф агенттігі Санкт-Петербургте өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Еуразиялық экономикалық одақтағы өсімнің оң динамикасын атап көрсеткеніне тоқталды. «Әлемдік экономиканың құбылмалылығына байланысты сыртқы жағдайлар мен тәуекелдерге қарамастан, біз өсімнің оң қарқынын сақтап қала алдық. Биылғы қаңтар-қыркүйек айларында сыртқы және өзара сауда-саттық көлемі айтарлықтай артты» деді Қазақстан Президенті. Бұдан әрі ақпарат агенттігі ЕАЭО ІЖӨ-нің жиынтық көлемінің, капиталға салынған инвестициялар мен өнеркәсіптік өндірістің қаншалықты пайызға өскенін салыстыра отырып көрсеткен.
Цифрландыру мәселелері сөз болды
CA-News Қазақстан Президентінің цифландырудың қаншалықты маңызды екенін әрі осы жолда атқарылып жатқан маңызды мәселелерді айтқанын жазды. Жиында Н.Назарбаев цифрландыру мәселелерінің 2025 жылға дейінгі негізгі бағыттарын іске асыру жөніндегі жұмыстардың нәтижелеріне тоқталған болатын.
Дайындаған Мәдина ЖӘЛЕЛҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»