Аймақтар • 10 Желтоқсан, 2018

Сәулет ескерткіштерінің 3D картасы жасалды

922 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қызылорда облысында жасалған 3D картаға қола дәуірінен бүгінгі күнге дейінгі 150 ескерткіштің виртуалды үлгілері - 60 археология ескерткіші және 90 сәулет ескерткіші кіреді.

Сәулет ескерткіштерінің 3D картасы жасалды

Қызылорда облысының аумағында 30 республикалық және 256 жергілікті маңызға ие 286 ескерткіш бар.

«Бұл - Орталық Азия үшін тарихи және мәдени ескерткіштерді қалпына келтіруге бағытталған бірегей жоба. Ең озық жабдықтар мен технологиялардың көмегімен барлық нысандардың құжаттамасы дайындалған. Осылайша танымдық тарихи анықтама ғана емес, ескерткіштерді егжей-тегжейлі зерттеуге арналған аса дәлдікке негізделген құрал болмақ. Қазір түрік әріптестеріміз қызығушылық танытуда», деді жоба авторы, Халықаралық Орталық Азия зерттеу институтының директоры Дмитрий Воякин.

Ол аймақтың мәдени ескерткіштерінің 3Д-картасы - «virtualmap.xyz» интерактивті веб - ресурсын құру үшін 33 000-нан астам сурет, ежелгі қалашықтардағы 4000-нан астам сурет, 40 000-нан астам аэрофотосуреттер және 13 сағаттан асатын пилотсыз ұшу аппараттарынан бейне түсірілімдер мен 450-ден аса және жерден 1000-нан астам панорамалық сурет жасалғандығын айтады.

Карта арнайы virtualmap.xyz сайтта ұсынылатын болады. Қазіргі уақытта толықтыру жұмыстары жүргізілуде. 2019 жылдың қаңтар айында қолжетімді болады деп жоспарланып отыр.

Бақтияр ТАЙЖАН,

«Егемен Қазақстан»

Қызылорда облысы