Екі тарап бағдарламаға одан әрі қатысу үшін Қазақстан өңірлерінің әлеуетін дамыту және арттыру қажеттігін атап өтті. Осыған байланысты Дүниежүзілік банкі кеңес беру, әкімдіктердің кредит қабілеттілігін бағалау, бағдарламаның талаптарына жауап беретін инвестициялық жобалар портфелін әзірлеу сынды басқа да техникалық көмек беру мүмкіндіктерін қарастырады.
«Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының негізгі мәселесі осы саладағы ашықтықтың жетіспеушілігі мен коммуналдық желілердің әбден тозығының жеткені болып отыр. Біз қазір шетелдік компаниялармен және халықаралық қаржы ұйымдарымен барынша белсенді кездесулер өткізіп отырмыз. Жүргізіліп жатқан жұмыстың негізгі мақсаты – жаңа технологиялар трансфері, бюджеттен тыс инвестицияларды тарту, Қазақстанның тұрғын үй-коммуналдық саласының айқындылығын қамтамасыз ету және инвестициялық тартымдылығын арттыру», – деді «ТКШ ҚазОрталығы» АҚ Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Әділхан Өмірбаев.
Дүниежүзілік Банк инфрақұрылымын дамыту жөніндегі бағдарламаның жетекшісі Пол Валлели Қазақстанның қалалары мен инфрақұрылымын дамыту секторында ұсынылған міндеттер өте маңызды екенін атады. Және олардың табысты шешу үшін тиісті реформаларды жүргізуде жан-жақты қамтылып, екшелген әрі тұрақты бағдарлама қажет деді. Ол сондай-ақ Дүниежүзілік банк ТКШ нормативтік базасын, менеджмент стандарттарын жетілдіру, коммуналдық кәсіпорындардың сапасы мен тиімділігін арттыру, жобаларды қаржыландырудың оңтайлы жүйесін қамтамасыз ету жөніндегі шаралар кешенін қамтитын баламалы бағдарламаны қарастыруға дайын екенін атады.
Өз кезегінде «ТКШ ҚазОрталығы» АҚ өкілдері Қазақстан Үкіметі осы саланы дамыту үшін ұсынып отырған шаралар легі туралы сөз қозғады. Олар ТКШ кешенін цифрландыруды, көп пәтерлі тұрғын үйлерді аспаптандыру бағдарламасы мен өңірлер әкімдіктерімен бірлесіп іске асырылатын жаңа технологияларды енгізу жөніндегі жобаларды қамтиды.
Тараптар әріптестікті күшейтуге келісті және ҚР тұрғын үй-коммуналдық секторын жаңғырту саласындағы ынтымақтастықты дамыту үшін келесі қадамдарды талқылады.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ