«Талғар» аудандық газетінің мәліметтері бойынша, «Ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі» конкурсының нәтижесі бойынша Талғар ауданы бірінші дәрежелі диплом мен 400000 теңгенің сертификатын иеленген.
Аграрлы өңірдің бүгінгі жетістіктерінде аудан басшысы Рыскелді Сатбаевтың іскерлігі мен заманауи үрдістерді шаруашылық салаларында енгізуге байланысты жасаған игі жұмыстарды, сондай-ақ Е.Толқынов мен бөлім қызметкерлерінің еңбегі зор екендігін атап кетуге болады. Әкімдік мәліметтері бойынша, ауыл шаруашылығы саласында 36559,0 млн. теңгенің жиынтық өнімі өндірілген. 33895 гектар егістік алқабына 13725 гектар дәнді-дақылдар, 4860 гектар майлық дақылдар, 3785 гектар картоп, 2721 гектар көкөніс, 220 гектар бақша және 8584 гектар жем-азықтық дақылдар егілген, 45 гектар алқапқа жеміс-жидек дақылдары отырғызылған. Оның 5 гектары «Апорт» сорты, ал 40 гектары қарқынды бақ. 4,55 гектарды құрайтын 23 жылыжай шаруашылығынан 540 тонна өнім алынып, екінші дақыл айналымына көшеттер отырғызылған. 1,9 млрд теңгеге 2 инвестициялық жоба іске қосылған. «Баймене» ЖШС – 40 га алқапқа қарқынды бақ отырғызса, «Алматы» АШӨК – 800 басқа арналған сүт фермасын салған. «Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» мемлекеттік бағдарламасы аясында 6 кооператив құрылған.
Эльвира СЕРІКҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ