Байқау іріктеуіне 8 бен 12 жас аралығындағы 3 578 бала қатысып, 19 финалист іріктеліп алынды. Қазақстанның әр өңірінен келген іріктеу жеңімпаздары «Бала дауысы Астана жүрегінде» концерттік бағдарламасында вокалдық шеберліктерін көрсетті.
Салтанатты марапаттау кешінде сөз сөйлеген қор құрылтайшысы Әлия Нұрсұлтанқызы өскелең ұрпақты отаншылдыққа тәрбиелеп, зияткерлік және тұлғалық әлеуетін дамытуда маңызы зор жобаның қажеттілігі турасында сөз қозғады.
«Қазір материалды құндылықтар салтанат құрған заманда өмір сүріп жатырмыз. Сол себепті «Бала дауысы» сияқты өміршең жобалар ауадай қажет. Біз мұнда сұлулық пен қуаныш әлемімен қауышып, шынайы өнермен сусындаймыз. Төрт баланың анасы ретінде балаларым рухани құндылықты бәрінен жоғары қоятын ортада өмір сүрсе деймін. Ол әлемді жасайтын да өзіміз. Барлығын өзімізден бастауымыз керек. Мейірімді адамдардың қолынан ұлы істер келеді!», деді байқаудың идея авторы Әлия Нұрсұлтанқызы.
Телекөрермендер бір ай бойы балалардың өнерін тамашалап, өздеріне ұнаған үміткерге дауыс бере отырып, «Халық сүйіктісі» арнайы иегері ретінде маңғыстаулық Дильназ Тілепованы лайық деп таныды. Байқаудың кәсіби қазылар алқасы құрамында Майра Мұхамедқызы, Жеңіс Сейдоллаұлы, Айқын Төлепберген, Данияр Өтеген, Жанар Дұғалова, Әсем Жакетаева және Серік Ибрагимов секілді танымал өнерпаздар төрелік етті. Шығысқазақстандық Мәулен Ахметқалиев, Алматыдан келген Темірлан Осымқұл және солтүстікқазақстандық Әмина Жапар алғашқы үш орынды өзара бөлісті. Барлық финалист «Бала дауысының» символы – «Ғажайып нота» жүлдесімен марапатталып, естелік сыйлықтарды арқалап қайтты.
Әлия Назарбаеваның «Жандану әлемі» қорының ұйымдастыруымен еліміздің дарынды балаларына арналған ауқымды жоба Мәдениет және спорт министрлігінің, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы Қорының қолдауымен өтті. «Бала дауысының» төртінші маусымы 2019 жылдың наурыз айында Қостанайда жалғасын табады.
Ая ӨМІРТАЙ,
«Егемен Қазақстан»