Қазақстан • 11 Желтоқсан, 2018

Н.Нығматулин Чехияның Қазақстандағы Елшісі Э.Жигованы қабылдады

528 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін Мәжілісте Палата Төрағасы Нұрлан Нығматулин Чехия Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Элишка Жигованы қабылдады.

Н.Нығматулин Чехияның Қазақстандағы Елшісі Э.Жигованы қабылдады

Кездесу барысында Нұрлан Нығматулин атап өткендей, Чехия Қазақстанның Орталық және Шығыс Еуропадағы маңызды әріптесі болып табылады. Дипломатиялық қатынас орнаған 25 жыл ішінде екі ел арасында белсенді саяси үнқатысу орнаған. Осы уақыт ішінде сауда, экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық қарқынды түрде дамыды. Қазақстандық және чехиялық парламентшілер арасындағы өзара іс-қимылдың жақсы тәжірибесінің арқасында тиімді парламентаралық байланыс орнады.

Мәжіліс Төрағасы бұл Қазақстан мен Чехия президенттері Нұрсұлтан Назарбаев пен Милош Земанның өзара түсіністікке негізделген бірлескен жұмысының нәтижесі екенін атап өтті.

Нұрлан Нығматулин Қазақстан-Чехия қарым-қатынасы, оның ішінде парламентаралық деңгейде екі ел арасындағы ынтамақтастықтың одан әрі нығая түсетініне сенім білдірді.

Қазақстан – бұл Еуропа мен Азия арасындағы көпір екенін алға тартқан Мәжіліс Төрағасы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың келесі жылы Еуразия кеңістігіндегі 25 жылдығын атап өту идеясының маңыздылығына тоқталды.

Өз кезегінде Чехия елшісі екіжақты қарым-қатынастардың кең ауқымын атай отырып, Қазақстан Чехия үшін Орталық Азия аймағындағы ең маңызды мемлекет екенін айтты. Элишка Жигова Чехия Еуропалық Одақта Қазақстанмен қалай тиімді жұмыс істеу керектігін көрсетуі мүмкін деген пікірін білдірді. Сонымен қатар, дипломат екі жақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту үшін парламентаралық құрамдастардың маңыздылығына назар аударды.