Бұл есім жанкүйерлерге жақсы таныс. Марина көркем гимнастикадан Олимпия ойындарының жеңімпазы атанған КСРО-ның тұңғыш спортшысы. Бұл атаққа Лобач 1988 жылы Сеулде қол жеткізді. Одан бөлек, беларуссиялық ару 1987 жылы Варнадағы әлем чемпионатында 1 алтын және 2 қола медальді иеленсе, 1985 жылы Вальядолидте қолаға қол созды. Еуропа біріншілігінде жеңіп алған 2 алтын мен 2 қола медалі тағы бар. Ал 1986 жылы Мәскеуде жалауы желбіреген Ізгі ниет ойындарын 2 алтын және 2 күміс жүлдемен қорытындылады.
Міне, осы саңлақ спортшының құрметіне Минскіде жыл сайын дүбірлі дода өтіп тұрады. Биылғы жарыста 10 мемлекеттің сұлулары бақ сынады. Осы бәсекеде қазақстандық Сәбина Бақатованың бағы жанып, ол күміс медальді мойнына ілді. Бұл жерлесіміздің халықаралық жарыстардағы алғашқы табысы емес. Үстіміздегі жылы астаналық ару Малайзияның астанасы – Куала-Лумпурде өткен Азия біріншілігінде 2 алтын және 1 қола медальді жеңіп алған еді.
Ғалым СҮЛЕЙМЕН,
«Егемен Қазақстан»