Рәсім барысында Президент Н.Назарбаевқа Ауғанстан Ислам Республикасының елшісі Мохаммад Фархад Азими, Қырғыз Республикасының елшісі Жээнбек Кулубаев, Литва Республикасының елшісі Гинтаутас Васюлис, Иран Ислам Республикасының елшісі Маджид Самадзаде Сабер, Армения Республикасының елшісі Гагик Галачян Сенім грамотасын табыс етті.
Нұрсұлтан Назарбаев елшілерді Қазақстандағы дипломатиялық қызметтерінің ресми түрде басталуымен құттықтап, бүгінгі салтанатты рәсімнің Тәуелсіздік күні қарсаңында өтуінің символдық мәніне тоқталды.
– Біз 27 жыл ішінде экономикасы қарқынды өсіп келе жатқан заманауи мемлекетке айналдық. Бүгінде елімізде бейбітшілік пен қоғамдық келісімді қамтамасыз етіп, халықтың әл-ауқатын арттыруға баса мән береміз. Әлемнің озық дамыған 30 елінің қатарына қосылу мақсатымен ауқымды бағдарламалар мен реформаларды жүзеге асырып келеміз, – деді Қазақстан Президенті.
Елбасы азаматтардың тұрмыс сапасын жақсарту мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының бірі екенін айтты.
Мемлекет басшысы Қазақстанның халықаралық және өңірлік қақтығыстарды шешу жөніндегі қызметіне ерекше тоқталып, соның бір айғағы ретінде Сирияда бейбітшілік орнатуға бағытталған «Астана процесін» атап өтті.
– Әлемде әскери қақтығыс ошақтары көбейіп, санкциялық текетірес пен сауда соғысы өршіп тұрған жағдайда өзара сенім болмаса, дағдарысқа қарсы кез келген іс-қимылдың оң нәтижесі болмайды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы еліміздің Қырғыз Республикасымен сауда-экономикалық ынтымақтастық пен достық қатынастарды одан әрі дамытуға ниетті екеніне тоқталып, бұл ел Орталық Азиядағы маңызды әріптесіміз ғана емес, сондай-ақ тарихи тамырымыз тереңге жайылған бауырлас мемлекет болып саналатынын айтты.
– Біз Қырғызстанмен достыққа және өзара түсіністікке негізделген стратегиялық әріптестікті дамытуға айрықша мән береміз. Үкіметтеріміздің осы бағыттағы тиімді жұмысы екі ел арасындағы қарым-қатынастарды жаңа белестерге көтереді деп сенемін, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев Армениямен саяси, сауда-экономикалық және гуманитарлық ынтымақтастық өзара сенім мен құрмет рухында дамып келе жатқанын айтып, Астана мен Ереванның Еуразия экономикалық одағы аясындағы байланыстарының перспективасына ерекше тоқталды.
– Соңғы жылдары өзара тауар айналымының көлемі артып келеді. 2017 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 68,4 пайызға жетті. Сонымен қатар елдеріміздің сауда-экономика саласындағы әлеуетін толық пайдаланған маңызды, – деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев Иран өңірдегі Қазақстанның маңызды серіктесі саналатынын айтып, Тегеранмен көлік, логистика, ауыл шаруашылығы, пайдалы қазбалар өндіру және металлургия салаларындағы ынтымақтастық аясын кеңейту қажеттігіне назар аударды.
– Ақтауда қол қойылған Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенция елдеріміз арасындағы өзара ықпалдастықты нығайтуға тың серпін беретініне сенімдімін. Біз Иранның ядролық бағдарламасына қатысты халықаралық келісімнің сақталуын және оның әрі қарай тиімді жүзеге асырылуын құптаймыз, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы еліміздің Ауғанстанмен қарым-қатынасы достық пен өзара түсіністік рухында ілгерілеп келе жатқанына тоқталып, Қазақстан бұл елдегі жағдайды тұрақтандыруға, оны әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамытуға елеулі үлес қосып отырғанын атап өтті.
– Біз Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің мүшесі ретінде Ауғанстан мәселелерін шешуге атсалысып келеміз. Кабулға жыл сайын қаржылай, техникалық және гуманитарлық көмек көрсетілуде. Ауған жастарына арналған білім беру бағдарламасы жүзеге асырылуда. Сондай-ақ біз Кабулға азық-түлік тауарларын жеткізетін негізгі елдердің бірі болуға әзірміз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті еліміздің Литвамен ықпалдастығының бүгінгі деңгейін жоғары бағалап, көлік-транзит саласындағы ынтымақтастық, сондай-ақ Астана мен Вильнюс арасында тікелей әуе қатынасының ашылуы екіжақты байланысты одан әрі нығайтуға мүмкіндік беретінін айтты.
Соңында Мемлекет басшысы елшілерді Қазақстандағы жауапты әрі мәртебелі миссияларының басталуымен тағы да құттықтап, олардың қызметтері елдеріміз арасындағы ынтымақтастықты дамытуға зор үлес қосатынына сенім білдірді.
Бұдан кейін Қазақстанда дипломатиялық миссиялары жаңадан басталған елшілер журналистерге арнап брифинг өткізді.
Бірінші кезекте сөз алған Ауғанстан Ислам Республикасының елшісі Мохаммад Фархад Азими Қазақстан халқына өз елінің ыстық сәлемін жолдай отырып, екі елдің өзара ынтымақтастығы жыл өткен сайын нығайып келе жатқанын жеткізді. Сондай-ақ ол Қазақстан тарапы Ауғанстанға түрлі бағыттар бойынша үлкен қолдау көрсетіп келе жатқанын атап өтті әрі елімізді ұлық мерекеміз − Тәуелсіздік күнімен құттықтады.
Қырғыз Республикасының елшісі Жээнбек Кулубаев Қазақстан-Қырғызстан байланыстары өз деңгейінде екенін, тараптардың арасындағы сауда-экономикалық және гуманитарлық бағыттардағы қарым-қатынас екі елдің өзара ынтымақтастығын көрсететінін сөз етті. Оның айтуынша, Қазақстанның шетелден инвестиция тарту, экономиканы цифрландыру, кластерлер құру ісіндегі мол тәжірибесі Қырғызстан үшін аса маңызды. Бұдан бөлек, ол бауырлас мемлекеттердің арасындағы рухани байланыстың тарихы жоғары деңгейде жалғасын тауып отырғанын айта келіп, белгілі жазушы Шыңғыс Айтматовтың 90 жылдық мерейтойы Қазақстанда кең көлемде аталып өткенін, оның есімі Астана көшелерінің біріне берілгенін, бұл шараларға Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың баса назар аударғанын жеткізді.
Сондай-ақ брифингте Литва Республикасының елшісі Гинтаутас Васюлис, Иран Ислам Республикасының елшісі Маджид Самадзаде Сабер, Армения Республикасының елшісі Гагик Галачян өз елдерінің Қазақстанмен ынтымақтастығын одан әрі арттыра түсуге күш-жігерлерін жұмсайтынын жеткізе келіп, барша қазақстандықтарды алда келе жатқан Тәуелсіздік мерекесімен құттықтады.
Жолдыбай БАЗАР,
«Егемен Қазақстан»