Өнер • 13 Желтоқсан, 2018

Ит жүгіртіп, құс салған кәсіби құсбегі Мақпал Әбдіразақова туралы

1902 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Осыдан біраз бұрын елі­міздің бұқаралық ақпарат құ­рал­дары Ұлыбританияның  Daily Mail басылымы және ағыл­­шын режиссері Отто Белл түсірген «Бүркітші қыз» ат­ты деректі фильм арқылы әлем­ге танымал болған моңғо­лия­лық қазақ қызы Айшолпан Нұр­ғайыпқызының Астанаға келген сапарын жан-жақты ашып көрсетті. Сол кезде еске бірден қазақтың кәсіби бүркітші қызы Мақпал Әбдіразақова түскен болатын. 

Ит жүгіртіп, құс салған кәсіби құсбегі Мақпал Әбдіразақова туралы

Иә, осыдан 15 жыл бұрын құсбегілер арасындағы республикалық, халықаралық сайыстарда топ жарып жүрген ару қыз туралы да кезінде елі­міздің журналистері жарыса жаз­ып, ақпарат таратқан еді-ау. Енді міне, еске түскен осы бір жайт «Сол Мақпал қазір қайда екен?» деген сұраққа жауап іздеуге түрткі болған-ды...

Біз іздеген Мақпал қыз қа­зір­гі уақытта Қарағанды об­лы­сындағы Шет ауданының орта­лығы Ақсу-Аюлы кентін­дегі мұрағат бөлімінде еңбек етеді екен. Өзінің атын жал­пақ­ жұртқа танымал еткен құс­бе­гілік өнерін әлі тастамап­ты. Тіпті кейінгі кездері ит жүгір­туге ықыласы ауып, үйін­де бір­неше құмай тазы ұстайтын кө­рінеді.

– Қазақ «Ит – жеті қазына­ның бірі» деп тегін айтпаған ғой. Біздің Шет өңірінде қас­қыр­ға тайсалмай түсетін текті та­зының тұқымы сақталып қал­­­ған. Менің тазылары­ма да­ланың жыртқышы әлі жолы­ға қойған жоқ, ал түлкі, қоян ке­зіксе қа­ғып тастап отырады, – деп бас­­­­­та­ды Мақпал өзі­нің сүйікті ісі­­­ жайындағы әңгімесін.

– Жал­­­­­­­­пы атам, одан кейін әкем ит­­ жүгіртіп, құс салған саят­шы адамдар. Қыз болсам  да осы дәстүрді жалғастырып жүр­генімді мақтаныш етемін. Қымсынбаймын да, бұл ісіме өкініп те көрген емеспін. Ал­ғаш­қы жауған қар, тұмса та­биғат, жүйрік ат, құмай тазы – бұл дегеніңіз күйбең тірліктен азырақ тыныққысы келген адам үшін дүниенің рахаты емес пе?!

Бүгінде ол құмай тазыны­ баптап ұстаудың әдіс-тәсілін бір кісідей меңгеріп алған. «Қан­сонарда Мақпалды үй­ден таппайсыз. тазыларын соңы­нан ертіп, тау-таста аң қа­ғып жүреді», деп күледі үй ішіндегілер.

* * *

Бешпентінің белін қынай буынып, қарагердің үстінде қаққан қазықтай отырып, бал­­дағына қыран құсын қон­ды­рып, соңынан құмай тазы­сын ертіп, Аюлы тауын бетке ал­ған қызды көргенде ауыл тұр­­ғын­­дары алғашында аңта­­ры­лып-ақ­ қалған. Келе-келе ғой көз үй­ренгені. Иә, «Тап осы – қыз­ ба­ланың қолы емес-ау», деп­ күң­кілдегендер де бол­­­­­­­ды-ау­­ кезінде. Әуелде таңырқап, со­­сын қолдап-қолпаштағандар да­ табылған.  Әлбетте, Мақпал мұ­ның біріне де пысқырып қарамады. Оған өзінің жаны сүйетін іспен айналысқаны әл­деқайда маңыздырақ еді.

Мақпал жұдырықтай кезі­нен қыран құстың тілін бі­ліп өсті. Бәрі де әкесінің «Үш­қо­ңыр» дейтін құсына жем бе­ріп, оны күтіп-бағудан бас­талған.

– Әкем кезінде облыс орта­лы­ғындағы «Қайрат» ат спорты мектебінде жаттықтырушы болып істеді. Қыран құсқа деген ын­тызарлығымды оятқан да сол кісі. Бетімнен қақпай, қайта біл­генін үйретуден жалыққан емес. Ал ең бірінші жарысыма 15 жасқа толғанымда қа­тыс­тым. Бұдан да ертерек сын­ға түсуге болушы еді, жа­сым­ның кішілігіне байланыс­ты рұқсат етілмеді. Амал жоқ,­­ бүр­кітшілерге сыртынан­ қызы­ға қарап, кезегім қашан келер екен деп күтіп жүретінмін,  – дейді Мақпал ұяң жымиып.

Бүркітші қыз қатысқан ал­ғашқы жарыс Алматы облы­сындағы Есік қаласында өткен еді. Сол жерде Мақпал қыздың құс­бегілікке деген икеміне, құс­тың тілін білуге деген құш­тарлығына тәнті болған ақ­сақалдар, «Қыран» федерация­сы» қоғамдық қорының атқа­рушы директоры Бағдат Мүп­текеқызы ақ баталарын бе­ріп, бүркітші бойжеткеннің саят­керлік өнердегі тұсауын кескен болатын.

Мақпалдың тұңғыш рет топ жарған сайысы 2002 жы­лы Алматы облысындағы Еңбек­шіқазақ ауданында өткен «Сонар-2002» республикалық бүр­кіт­шілер байқауы еді. Одан кейінгі жарыстарда да Мақ­палдың қанжығасы ұдайы май­ланып жүрді. 2003 жылы ұлттық спортты дамытуға қос­қан үлесі үшін «Спорт ше­бері» атағына ие болды. 2006­ жы­лы «Бүркітші қыз» құр­мет­ті атағына лайықты деп тан­ыл­са, арада екі жыл өткенде «Ұлттық спорттың үздіктері» ат­ты республикалық байқауда «Ұлы дала аруы» аталымы бойын­ша жеңімпаз атанды.

* * *

Шыны керек, Мақпалдың ата-анасы ол Қарағандыдағы «Болашақ» университетін тә­мам­дап, қолына заңгердің дип­­ломын алғанында, қалада қа­латын шығар деп жүретін. Алайда жас қыздың ойлағаны бас­қаша болып шықты. Алып қалаға қолды бір бұлғады да, туған ауылына қайтып келген. Біреу нанбас, ал өзіне аян – үйде қалған Ақжелке құсы мен Аққұс тазысын қимаған еді...

Ақжелке демекші, осы қы­ран құсты Мақпалға әкесіне еріп Алматы облысында өт­кен жарысқа барғанында жер­гі­лікті бүркітшілер сыйға тарт­қан. Жұдырықтай ғана жүні үрпиген балапан-тұғын. Сол сәт­тен бастап бүркіттің балапаны мен бойжеткен қыздың арасы жіпсіз байланған еді. Өз қолынан тамақтандырып, үс­тінен бір қауырсынын да тү­сірмей, бағып-қағып өсірді. Әке­сінің ақыл-кеңесіне құлақ түре жүріп, қыран құсты баулуды кәдімгідей  меңгеріп алған.

Мақпалдың Ақжелкесі мі­незді құс. Аңға шыққанында, абай­ламасаң өзіңді жазым етер­дей оғаш қылықтарын та­лай көрсеткен. Дегенмен, ие­сінің сабырлы мінезі, аялы ала­қанының жылуы қыран құс­ты үнемі сабасына түсіріп оты­ратын. Осы Ақжелкемен Мақ­пал қыз бүркітшілер арасында өткен талай сайыста ер-аза­маттардың жуан ортасында жалғыз жүріп жүлдегер болды.

Бүркіт еттен басқа тамаққа қа­рамайды. Қыс айларында­ күніне екі жүз граммға дейін жас ет жесе, жаз күндері бір килоға дейін қылғымай жұ­та­ды. Көбіне Ақжелкеге өзі түс­кен қоянның етін береді. Ал қыран құсы алған түлкі-қар­сақ­та тіпті де есеп жоқ. Ал­тайы қызыл түлкілердің әкесі шү­беректей қылып илеген те­рілері Ақсу-Аюлыдағы талай сән­қой жеңгелерінің мойынына жаға болып, бүгінге дейін көздің жауын алып жүр...

– Қыран құс ерте көктемнен қара күзге дейін түлекте отырады. Қыркүйек айы туғанда сал­қын қорада ұстап, баптауды бастаймыз, – дейді қанына саят­шылық сіңген Мақпал. – Қанаты түлегеннен кейін, атын атап шақырып, қолға қон­дыруға баулимыз. Одан кейін түлкі, қоянның терісіне түсіріп, дағдыландырамыз. Соңынан ет жегіземіз. Мұның бәрі кезең-кезеңімен, баппен істелінетін жаттығу тәсілдері.

* * *

Зады, ит жүгіртіп, құс салу Әбдіразақовтар әулеті үшін атадан балаға мирас болып келе жатқан киелі өнер. Мақпалдың әкесі Мұрат Әбдіразақов Ар­қа өңіріне белгілі құсбегі. Қа­зақстанның құсбегілер ара­сындағы  біріншіліктерінің бір­неше дүркін жеңімпазы, спорт шебері. Мұраттың әкесі де заманында қыран құстың ті­лін білген бүркітші болыпты. «Әке көрген оқ жонар» деген, ен­ді міне, әкеден үйренген істі қы­зы Мақпалдың  бойына дарыта білді. Жалпы, Мақпал үй­дегі бес баланың ішіндегі екі қыздың кенжесі. Ағасы Серік пен інісі Асан да құсбегілік өнермен шұғылданады екен.

– Бүркіт ұстап, оны баптау де­геніңіз айтқанға ғана оңай іс. Мұнымен айналысу үшін ең алдымен құсқа сенен басқа жа­қын жанның жоқтығын се­зіну керек. Сонда ғана қыран құс иесіне илігеді, – деп сыр ақ­тарады Мақпал. – Жақында Моң­ғолияда тұратын бүркітші қыз Айшолпан туралы естіп, оның табысына қатты қуандым. Алыста жүрген сіңлімнің осындай бейнеті мол іспен айналысып жүрген өжеттігі тәнті етті. Ай­шолпанның бейнесінен он үш жасымда қыран құстың тілін білсем деп қиялға қанат бітірген өзімді көргендей болдым...

Бүгінде жұрт Мақпал есім­ді бүркітші қызды мүлдем ұмы­тып кетті деуге болмас. Ара-тұра жарыстарға, түрлі іс-­шараларға шақырту алып тұ­рады. Тіпті, ауылда тұратын бүр­кітші қызды шетелден іздеп келіп жататын саяхатшылар да бар. Олар тал шыбықтай бұ­ралған ару қыздың атпен құй­ғытып келіп, түлкі-қарсақ, қоянға құс салған өнерін көріп, таңданып һәм тамсанып жатады. Сол үшін де алыстағы Аме­рикадан, Кәрі құрлықтан аттың терін аямай келеді.

– Егер де рухани жаңғыру ая­сында деректі фильм, киноға түсу туралы көңілге қонымды ұсы­ныстар түсіп жатса, қарсы болмас едім. Қазақтың ата кә­сібі, төл өнері – құс салып, ит жү­гіртуді насихаттауға өзіндік үле­сімді қосуға әрқашан да­йын­мын, – дейді Мақпал нық се­німмен.

Көшпелілердің құсбегілік сынды бекзат өнері келешекте қазақтың әлем таныған брен­діне айналар болса, ата-ба­ба кәсібіне тұлымшағы жел­біреген бүлдіршін кезінен адал­дық танытып жүрген Арқаның ару қызы Мақпалдың жұлдызы тіпті де жарқырай түсер еді-ау. Бір кем дүние – осыны  әлі күнге құнттамай жүргендейміз...

 

Қайрат ӘБІЛДА,

«Егемен Қазақстан»

Қарағанды облысы,

Шет ауданы