2015 жылы басталған «Ұлттық музейге сый тарту» атты республикалық акция аясында халқымыздың саяси-әлеуметтік және рухани-мәдени өміріне өлшеусіз үлес қосқан танымал тұлғалардың ұрпақтары бүгінге дейін көздерінің қарашығындай сақтап келген дүниелерді музей қорына тапсырды. Қорытынды салтанатты көрмеге Жұмабек Тәшеновтің дипломатиялық төлқұжаты мен ордендері, Қ.Мырзалиевтің қаламсабы мен қолсағаты, Ж.Үшкемпіровтің алтын медальдары мен жарыстарға киген киімдері, Г.Исмаилованың қыл қаламдары мен сәнді сөмкелері, Серік Сәпиев, Юрий Мельниченко, Владимир Смирнов, Бақыт Сәрсекбаев сынды олимп шыңын бағындырған саңлақтардың жеке заттары қойылды.
Салтанатты шараға мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхаммед Қонаевтың жиені Жаннета Серікбаева, Қазақстанның халық әртісі Гүлжан Әспетова, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, айтыскер ақын Надежда Лушникова, актер Санжар Мәдиев, суретші Әбілхан Қастеевтің шөбересі Айсаным Қастеева, Мәриям Жагорқызының немересі Қабиба Нұрбекова және өзге де елімізге белгілі өнер қайраткерлері, жастар қатысты.
Қорларды есепке алу бөлімінің жетекшісі Бәтеш Ақбасова қордағы экспонаттардың әрқайсысының сирек әрі қайталанбайтын соны дүниелер екенін айтады.
– Алғашқы акциялар алдымен үлкен қалалар – Астана мен Алматыда өтсе, кейін республика бойынша жалғасын тапты. Үш жылға ұласқан акция кезінде 300-ден аса жеке тұлға 4 мыңға жуық жәдігерді сыйға тартты. Келіп түскен экспонаттарды музей қорының іріктеу комиссиясындағы тәжірибелі мамандар сараптамадан өткізеді. Осыдан кейін тақырыптық бағытта салаланып, экспозиция залдарына орналастырылады. «Өткенді қадірле, бүгінді бағала, келешекке сенімді күшейт» деген жақсы сөз бар. Акцияға белсене қатысқан ел азаматтары мен қоғам қайраткерлеріне, өзге де атсалысқан жандарға ризашылығымызды білдіреміз. Мұраны тапсырушылар үшін ынталандыру жолдары да қарастырылған, – дейді Бәтеш Ақбасова.
Шара аясында Әміре Қашаубаевтың 1925 жылы Парижде өнер көрсеткені үшін алған күміс медалі музей қорына салтанатты түрде табыс етілді. Тапсырылған экспонаттардың арасында «қазақ вальсінің королі» атанған Шәмшінің «Кубань» пианиносы көзге ерекше жылы ұшырайды. Музыка аспабын Шымкент жастары 1965 жылы композиторға сыйға тартса керек. «Дударари-дудым, Бір сен үшін тудым» деп шырқаған Мәриям Жагорқызының сыры кетсе де, сыны кете қоймаған ағаш айнасы да осы қатардан орын теуіпті. Сондай-ақ халық суретшісі Әбілхан Қастеевтің пленэр шатыры мен мольберті де осы көрмеде жарасым тауыпты. Суретшінің қызы Гүлдария Қастеева әкесінің «Түрксібтің салынуы», «Жамбыл мен Калинин» атты жұмыстарының эскизін де осы музей қорына тарту етіп отыр.
Тарихымызды тануға, түгендеуге үлес қосқан тағылымды шара мұнымен аяқталмайды. Әулетіндегі мұраға қалған бұйымды өткізуге ықыласты жандарға музей есігі әрдайым ашық. Ал музейге тапсырылған зат ауа, ылғал, шаң-тозаң, күннің көзі, электр жарығы секілді шіруге, бүлінуге, жойылуға әсер ететін құбылыстардың бәрінен сақтандырылып, арнайы күтімдегі жәдігер ұрпақтан ұрпаққа жетпек.
Ая ӨМІРТАЙ,
«Егемен Қазақстан»