Міне, осы тұста Қазақ елінің абыройын асқақтататын маңызды сәттер туды. Одақтас он бес республика жастарының ішінен озық шығып, әлем біріншілігіне бару кеудемде мақтаныш отын лаулатып, төбемді көкке жеткізгендей болды. Отыз жасқа таяған шағымда Олимпиада чемпионы атану – өзімді ғана емес, қазақ халқын әлемге танытатын ерекше бір әсерлі кезеңдер еді. Міне, осылайша спорттың ауыр салмағын арқалай жүріп, үлкен межелерді бағындырып, өз ісімнің кәсіпқойы атандым.
Өмірімнің өткен күндерін осылайша еске ала отырып, бүгінгі қазақ жастарында арман жоқ деп ойлаймын. Жаңа технологиялар қарыштап дамыған заманда білім алуға да, жұмыс істеп, елге пайда әкелуге де мүмкіндік көп-ақ. Алдымызда асымыз, басымызда баспана бар, жұмысты таңдап істейтін дәрежедеміз. Осы бақытымызды ұзағынан сүйіндірсін дегім келеді. Күні кеше Кеңес одағы ыдырап, жеке-дара мемлекет болып, Тәуелсіздігімізді алған сәтті жанарларға жас тола қарсы алғанымыз шындық. Міне, содан бері де жиырма жеті жыл сырғып өтіпті...
Қазақ елінің азаматы ретіндегі жеке тәжірибеме келетін болсам, ата-бабаларымыз мұра етіп қалдырған төрт түлікті дамыту шаруашылығына бет бұрғаныма жиырма жылдан асыпты. Осы уақыт ішінде жас күнімде меңгерген ауыл шаруашылығы саласының мамандығы алдағы өміріме азық болғаны анық. Бүгінде Қазақстанда өндірілетін табиғи өнімдерге Еуропа, Азия, Орталық Азия елдері зор қызығушылық танытып отыр. Әсіресе табиғи ет, сүт өнімдеріне сұраныс артып келеді.
Қазіргі кезде өзім еңбек етіп жүрген «Жақсылық» шаруа-қожалығындағы бес мыңнан аса ірі қара және жылқы малын өсірумен 70-тен аса адам айналысады. Өнімдеріміз Өзбекстан, Тәжікстан елдеріне экспортталады. Ауылды көтерсек деген ниетпен Жамбыл ауданының Мыңбаев ауылында 100 бала тәрбиеленетін балабақша, 200-ден аса бала жаттығатын спорт кешенін, жас отбасыларға арнап 50 баспана тұрғыздық.
Өткен жылы Елбасының қолынан «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын алып тұрған сәтте ауылдарды көтеруге байланысты өзімнің арманымды жеткізген едім. Бүгінде үлкен спортта жетістікке жетіп, кейіннен мемлекеттің игілігі жолында еңбегін жалғасырып, посткеңестік елдерде Еңбек Ері деген атаққа жеткен Олимпия ойындарының және де әлемнің екі дүркін чемпионы Петр Киров, Олимпия ойындарының үш дүркін жеңімпазы, тоғыз дүркін әлем чемпионы Александр Карелинмен үшеу екенбіз. Мұны айтып отырған себебім, елімізде жетістікке жеткен, өз кәсібінің биігіне көтерілген азаматтар аз емес.
Мысалы, Қазақстанда шамамен бес мыңға жуық ауыл бар десек, міне, осы азаматтарымыздың әрқайсысы бір-бір ауылды қамқорлығына алып, демеушілік жасаса, қандай мәртебе болар еді. «Ауылына қарап, азаматын таны» демей ме, халық даналығы. «Көп көтерген жүк жеңіл» дей отырып, қара шаңырағымызға қамқорлық танытып жатсақ, қанеки.
Елбасы «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласын не себепті жариялады? Деректерге сүйенсек, сонау 37-жылдарға дейін елімізде 50 миллионға жуық мал басы болған екен. Сол жылдардың өзінде дәл қазіргідей заманауи жағдай жасалмаған тұста қазақ малын көбейтіп, шұрайлы жерлері өзінің көркімен тамсандырған. Төрт түлігі ұлан-ғайыр даласына жайылған Қазақ елі осы дархан даланы қорғап, ұрпағына мұра етіп қалдырды. Сәйгүлігі даласының сәнін келтіріп, ел қорғауда көлігі, жесе асы, ішсе сусыны болған.
Міне, біздің рухани жаңғыруымыздың түп-төркіні сонау ұлы бабалар тарихында жатқандығына Елбасы баршаның назарын аударып отыр. Елімізді саяси сахнада жоғары дәрежеге көтеріп, әлемге танытып отырғандығы Мемлекет басшысының саясаткерлігі, көрегендігінің арқасы дер едім. Дара жолы айқын, нақты бағыты бекем еліміздің болашағы жастардың қолында. Өзінің ділін, тілін сақтай отырып, кез келген азамат білім алып, өз жағдайын ғана емес, бүтіндей елге қамқорлық жасауына мүмкіндік молынан бар.
Жақында Ақтөбе облысының Амангелді ауылына барып қайттым. Елу шақты отбасы тұратын шағын ауыл өзінше көрікті екен. Ауылға іскер азаматтар қолдау көрсетіп, жаңа бір тынысын ашыпты. Мешіті, кітапханасы, мектебі, емханасы, т.б. ел игілігі үшін жасалған ауылдың келбеті өзгелерге үлгі дерсіз. Алдағы уақытта Атырау өңіріне де барып қайтпақ ниеттемін. Өзім білім алып, үлкен өмірге қадам басқан Шығыс Қазақстан өңірі де құрметпен шақырып отыр. Абай, Шәкәрім өскен өңірге барып тағзым етіп келу менің де борышым емес пе?!
Осындай құрметтің барлығы еселі еңбегімнің арқасы дер едім. Туған халқыма айтар алғысым шексіз. Ел мен жерді киелі деп құрметтейтін халықпыз. Осы игі дәстүрімізді болашақ ұрпағымыз жалғастырып, ілім мен білімге, заманауи кәсіптерді игеріп ел игілігіне еңбек етіп жатқан, одан асқан бақыт бар ма?.. Осы тұста «Еңбек түбі – береке, көптің түбі – мереке», «Ер дәулеті – еңбек» деген халық даналығының өмірлік тәжірибеден алынғандығына көз жеткізе түсеміз. Осы игі істерімізді жастарға үлгі ете отырып, ел дамуының келешегі жолында бірлесе еңбек етсек, еліміздің келешегі жарқын болатынына сенімім мол.
Жақсылық ҮШКЕМПІРОВ,
Қазақстанның Еңбек Ері,
халықаралық дәрежедегі спорт шебері