– Есімің жүректі толқытатын құдіретті екен! – дедік көрген беттен ұзын бойлы, әдеміше келген жігітке. – Бір ғана Қазақстан бар ма десек, екінші Қазақстан Майқайыңда жүр екен ғой! – деп қуана таңданып, танысып та жатырмыз.
– Иә, атым – Қазақстан! Мен 1994 жылы 17 ақпанда Баянауыл ауданының Жаңажол ауылында дүниеге келдім, – деді.
– Ерекше есіміңді кім қойған?
– Атамекеніне асығып жеткен қазақтың бір ұлымын ғой. Алыста жүрген қазақ үшін туған ел, азаматтығын алған туған Отаннан артық ештеңе жоқ қой! – деп толқи сөйледі Қазақстан.
Иә, 1991 жылы еліміз егемендігін алған алғашқы күндері-ақ атамекенге қарай ат басын бұрған көш басталды. Осы жылы Моңғолияның Баянөлгей аймағында тұрған Қуантай Құмархан мен Зоя Шари де ұлдары Бақтияр, Мұрат, қыздары Мереке, Сайрангүл, Сұңқары бар 5 баласын жетелеп елге оралған екен.
– Шеттегі қазақ атажұртқа елім, жерім деп жетті. Нұрсұлтан Назарбаевқа бүкіл ғұмырында ырза. Менің де ырзалығым, жүрек тебіренткен қуанышым осы. Сөйтіп, атамекенде туған ұлыма Қазақстан деген есім бердім, – дейді Қуантай ағамыз.
Қуантай ағаның үйінің өзі тарихи музей іспеттес екен. Жарқыраған дүниеден бұрын ұлы батыр-жыраулардың суреттері, тулары, айнала ою-өрнек, ұлттық салт-дәстүрге сай бұйымдар, шежіре мен өткеніміз туралы жазылған кітаптарға толы.
– Елге келген соң «Шежіре-естелік» жаздым, қызым. Әрине, бала кезден өскен Қобда өзені, Тұлба көлі, Бөкен, Сайыр таулары, Қоңырөлең, Борты, Қарасай, Дөрекөл, Қату, Бұрғысты, Қарабасты, Қызылбасты, Дабаты сияқты өлкелердің соңымызда қалғаны елестеп елеңдететіні де бар. Бірақ, ата-бабаның жерінен қымбат не бар?! – деп сыртында көгілдір таулары көліне шомылған суреті бар кітапты бізге ұсынды.
Кейін Қуантай ағамыздың отбасы Баянауылдың Жаңажол ауылынан 1996 жылы Майқайың кентіне көшіп келеді.
Ал біз әңгімелеп отырған Қазақстан Қуантайұлы бауырымыз аталған кенттегі мектепте оқып, білім алады.
– Мектепті бітірген соң, Астанадағы «Қазақстан темір жолы» АҚ-ға қарасты теміржол колледжіне оқуға түсіп, тепловоз машинисі мамандығын алып шықтым. Әке жолын қудым десем де болады, өйткені ол кісінің кәсіби мамандығы механик. Моңғолияда жүргізуші, автотехник мамандығын, жол, құрылыс салаларын жете меңгерген. Біздің кентіміз өндірістік кент саналады, айналасында үлкенді-кішілі кәсіпорындар аз емес. Жастарға жұмыс бар, – дейді Қазақстан.
Ал анасы Зоя «Күміс алқа» иегері. Ағамыз кенттегі жергілікті қоғамдастық кеңес мүшесі. Бұл күндері кентте үш мыңға жуық атажұртқа оралған ағайындар отбасы тұрып жатыр. Зоя апамыз бен Қуантай ағамыз екеуі ұл-қыздарынан Айзада, Дастан, Ділнәз, Самал, Сауран, Әйкерім, Айзере, Аян, Алдияр, Жасмин атты немерелер өсіріп, қызығын көріп отыр.
– Ұлымыз Қазақстанның да енді үйленіп, отбасын құруын күтудеміз. Сол жақсы күнге, тойға жеткізсін. Немерелеріміздің де ұлы атамекендерінде туып-өскендеріне тәубе! – дейді Зоя апамыз.
– Әрине, ата-анама жақсы келін әкелемін деген ойым бар. Егемен еліміздің іргесі берік, көк туы жарқырай берсін! Бүкіл бір елдің есімін алып жүрген мен де елдіктің, егемендіктің егесі болуға дайынмын! – деп тілек қосты Қазақстан.
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Павлодар облысы,
Баянауыл ауданы,
Майқайың кенті