Қоржындағы қос жүлде де әйелдерге тиесілі. 51 кило салмақтағы Ангелина Лукас алтыннан алқа тағынды. Жартылай финалда латвиялық Карина Лесконы қапы қалдырған ол ақтық сында польшалық Сандра Драбиктен басым түсті. 64 кило салмақта бақ сынаған Рима Волосенконың да жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілуге тамаша мүмкіндігі болды. Алайда финалдық сайыста отандасымыз ресейлік Наталия Шадиринаға есе жіберді. Өзге екі салмақ дәрежесінде де Ресей қыздары жеңімпаз атанды. Олар – Елена Гапешина (75 кило) мен Любовь Юсупова (81 кило).
Ерлер арасындағы бәсекеде төрт боксшымыз өнер көрсеткенімен, олардың ешқайсы жеңіс тұғырына көтеріле алмады. Біздің жігіттер арасынан Мерей Құрманғазы (56 кило) мен Бекболат Құрамысов (69 кило) ширек финалға дейін жетті. Бірақ шешуші тұста Мерей Францияның, ал Бекболат Литваның өкілінен ұтылды.
Ерлер сайысында Ресей құрама командасының мүшелері жеті бас жүлдені олжалады. Олар – Батор Сагалуев (52 кило), Бахтовар Назиров (56 кило), Артур Сұбханқұлов (60 кило), Алиса Шафиров (64 кило), Якуб Нуриев (69 кило), Владимир Мироншиков (75 кило) және Владимир Шишкин (81 кило). Ал тағы үш салмақта беларуссиялық Евгений Кармилчук (49 кило), эквадорлық Хулио Кастилио (91 кило) және әзірбайжандық Магомед Абдуллаев (+91 кило) топ жарды.
Ғалым СҮЛЕЙМЕН,
«Егемен Қазақстан»