Бүгінгі таңда алға шыққан ауыл шаруашылығы саласының да бұл ретте халықтың тұрмыс сапасының артуына қосатын өзіндік үлесі мол. Асыраушы саланың алға қойған мақсаты егін, мал шаруашылығын еселеп, елдің әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған. Бүгінде шаруаларға мемлекет тарапынан тиісті қолдау да көрсетіліп келеді.
Ежелден жердің көркі саналған Меркі ауданында Елбасының тапсырмалары мен бастамаларын ауыл шаруашылығы саласында іске асыру жұмыстары жүйелі жүргізілуде. Ауданда жалпы көлемі 705697,0 гектар жер болса, оның 202173 гектары ауыл шаруашылығы саласына тиесілі. Меркі жерінде бүгінде 84 мыңнан астам халық тұрады. Көпшілігі негізінен асыраушы саланың игілігін көріп, тірлігін тіктеп келеді. Аудан әкімі Мейірхан Өмірбековтің айтуынша, ауданда негізінен өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы салаларына тиісті көңіл бөлінген. Бұл ретте атқарылған жұмыстардың көлемі де ауқымды. Аудан бойынша өндірілген өнім мен көрсетілген қызмет көлемі 10 миллиард теңгені құраған. Ал елімізді Индустриялық-инновациялық дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында Меркі ауданында кәсіпкерлікті қолдау картасы бойынша жалпы құны 1,7 миллиард теңге болатын 2 инвестициялық жоба жүзеге асырылған. Нәтижесінде 38 жаңа жұмыс орны ашылып, жергілікті тұрғындар жұмыспен қамтылған. Сонымен қатар «Орталық Азия қант компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Меркі филиалының жылына 200 мың тоннаға дейін өнім шығару әлеуетіне ие болғаны өңір экономикасының артып отырғанын көрсетеді.
Бүгінгі таңда шағын және орта бизнесті дамыту басты назарда. Бұл орайда ауданда ағымдағы жылы жалпы құны 662 миллион теңге болатын «Са-Ба ЛТД» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің «Шағын мұнай өңдеу зауытын қайта жаңғырту» жобасы кәсіпкерлікті қолдау картасына енгізіліп отыр. Қазіргі кезде ауданда 4433 шағын және орта кәсіпкерлік нысаны жұмыс істейді. Бұл нысандардың бәрі де халықтың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған. «Сонымен қатар аудандағы «KazMicroFinance» микрокредиттік ұйымы мен «Меркі несие серіктестігі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тарапынан 4814 азамат және 93 шаруа қожалығы несиелендірілді. Бөлінген несие көлемі 3 миллиард теңгені құрайды. Ал аудан бойынша 5 миллиард 111,6 миллион теңге инвестиция биылғы қаңтар және тамыз айлары аралығында негізгі қорға салынды», дейді аудан әкімі.
Мемлекет үшін мал шаруашылығының да маңызы зор. Бұл орайда шаруаларға жеңілдетілген несие, мал басы үшін субсидия беріліп келеді. Нәтижесінде ауданда мал басы өз төлі есебінен көбейтілуде. Бүгінде ауданда 48 834 мүйізді ірі қара, 276 664 қой-ешкі, 13 422 жылқы, 123 түйе және 81 395 үй құстары бар. Шаруалардың айтуынша, Меркіде мал басының артуына ауданда құрылған ауыл шаруашылығы кооперативтерінің септігі тиіп отыр. Бүгінде ауданда сүт бағытында 6 және ет бағытында 4 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылып, жұмыс істеп келеді. Аталған агроқұрылымдар осы уақытқа дейін 1530 тонна ет және 439 тонна сүт өндірген. Шаруаларға өнімдері үшін мемлекет тарапынан 67 926 110 теңге көлемінде субсидия берілген. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы саласында аудан бойынша 6 миллиард 687,6 миллион теңгенің өнімі өндірілген. Бұл көрсеткіштің өзі ауданның айтарлықтай табысқа қол жеткізгенін көрсетеді.
Бұл орайда мал басын асылдандыру да маңызды іс. Ежелден бір-бірінен төрт түлік малының амандығын сұрауды ұмытпаған халқымыздың мал бағу, оны асылдандыру ертедегі кәсібі. Мәселен, Меркі ауданындағы «Бахор» шаруа қожалығы бүгінде қолдан ұрықтандыру тәсілін қолға алуда. Нәтижесінде әр аналық бастан тек ұрғашы төл алуға болады екен. Мал басын көбейтудің мұндай заманауи тәсілі қазіргі кезде көптеген меркілік шаруаларға үлгі болуда.
Меркі ауданы жасыл табиғатымен ерекше. Сонымен қатар мал жайылымына да қолайлы аймақ. Бүгінде мал басын көбейтуді, асылдандыруды қолға алып отырған меркілік шаруалардың жоспары ауқымды. Олар әрдайым мемлекет қолдауының нәтижесінде жоғары көрсеткішке қол жеткізіп келе жатқандығын айтады. Бүгінде Жамбыл өңірінде алдыңғылардың бірі болып ауыл шаруашылығы кооперативін құрып, ет, сүт бағытында жұмыс атқарып келе жатқан, сонымен қатар мал басын көбейтуде көптеген тәсілдерді қолданып отырған Меркі ауданының мүмкіндігі асыраушы саланы алға шығаруымен ерекше.
Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы