27 Ақпан, 2010

АДАМ ӘЛЕУЕТІНІҢ ЖАРШЫСЫ

1034 рет
көрсетілді
38 мин
оқу үшін
Абайдың “Қара сөздерінде” есті адамның айырықша сипаты ретінде оның әрдайым өзіне өзі есеп беру қабілетін атап көрсеткені баршамызға мәлім. Бүгінгідей құбылмалы, алмағайып заманда естияр ердің ғана емес, еңсесі биік елдің де мезгіл-мезгіл өз ұмтылыстарының ұрымтал тұстарын айқындап, алдағы межелерді қисынды ақыл-ой мен нақтылы есептің пәрменімен сәулелендіріп алуы заңды құбылыс. Жария етілген Елбасы Жолдауынан Қазақ елінің соңғы онжылдықта жүріп өткен жолында кездескен қиындықтарды еңсеріп, қол жет­кіз­ген жетістіктеріне байсалды баға берудің жар­қын үлгісін көруге болады. Жалпы, Елбасының жыл сайынғы Жолдауларына тән ерекше сипат – олардың арасындағы үзбей сақталатын са­бақтастық. Бұл жолы да Президент еліміздің алда­ғы онжылдықтағы жан-жақты дамуының негізгі бағыттарын айқындап беру барысында “Қазақстан-2030” Стратегиясы бойынша атқа­рыл­ған істерге тоқталып, олардың таяу жыл­да­ры және келешекте орындалар шаруаларға жолашарлық пәрменін атап көрсетті. Он жылда жеткен жетістіктеріміз айтуға тұрарлық. Қараңыз: 2008 жылы 2000 жылмен салыстырғанда республиканың ішкі жалпы өнімі екі есе артқан, орташа айлық жалақы 5 есе, ал зейнетақының орташа көлемі 3 есе өс­кен. Он жылда 652 мектеп пен 463 денсаулық сақтау нысаны салынған. Елдің тұрмысының жақ­сарып келе жатқандығы, әлеуметтік-эко­но­микалық көрсеткіштердің өсіп келе жатқан­ды­ғы тілге тиек болды. Жолдауда елімізде алда атқарылар ауқымды жоспарлар төңірегінде, оларды жүзеге асыру тетіктері жөнінде терең талдау жасалды. Болашақта да өткен жылдардағыдай “Жол картасына” үлкен маңыз беріліп отыр. Биылғы “Жол картасы” аясында шағын және орта биз­неске басымдық берілмек. Елбасы “жаңа эко­но­миканың қозғаушы күші” деп атаған кәсіп­керлік әртараптандырудың өзегі болатынды­ғына назар аударып, Үкіметке 2010 жылдан бас­тап аймақтардағы кәсіпкерлікті дамыту бой­ынша бірыңғай бюджеттік бағдарлама әзірлеуге тапсырма берді. Бұл “Бизнестің жол картасы — 2020” деп аталмақ. Яғни, алдағы уақытта Қазақстанның әр азаматы жеке кәсіпкерлікпен айналысуға мүмкіншілік алады. Ал бұл халық­тың арасындағы жұмыссыздықты азайтуға, соған сәйкес елдің тұрмысын жақсартуға септі­гін тигізеді. “Бизнестің жол картасы-2020” бағдар­ла­ма­сының аясында жасалатын жұмыстар қы­руар. Отандық өндірушілердің мүддесін қор­ғауға бағытталған жүйе түзу, шет мемлекет­тер­мен байланыс жасаудың жаңа сатысына көте­рілу, Ресей, Беларусь және Қазақстан ара­сындағы Кедендік одақтың, бірыңғай экономи­калық кеңістіктің талаптарына жауап бере оты­рып, отандық бизнестің мүддесін қорғау, Батыс Еуропа-Батыс Қытай автомагистралды жолы­ның мүмкіндіктерін кеңінен пайдалану секілді міндеттер мен мақсаттар тұр алдымызда. Жолдаудағы білім беру жүйесі мен ғылым саласындағы айтылған сындарлы пікірлер елі­міздің зиялы қауымымен қатар, қарапайым ха­лықтың көкейінен шықты деп ойлаймын. Әсіресе, балаларды 2020 жылға дейін балабақ­ша­мен толық қамтамасыз ету және осы бағытта қабылданатын арнаулы “Балапан” бағдарлама­сы еліміздің жас жеткіншектері үшін үлкен қол­дау болып табылмақ. Сол сияқты он екі жыл­дық мектеп бағдарламасын жүзеге асыру, жоғары оқу орындарының әлемдік аренадағы бәсекеге қабілеттілігін арттыру мәселесі туралы айтылған тұжырымдар мен берілген тапсыр­малар қазіргі өмір талабымен үндесіп жатыр. Соңғы жылдардағы Жолдаулардың арқауы болып келе жатқан бір қағидат – экономика әлеуетінің адам әлеуетіне тікелей байланысты екендігін жан-жақты талдап, қоғамдағы көкей­кес­ті мәселелерді шешу тетігінің адами капи­тал­ға барып тірелетіндігіне барша қазақ­стан­дықтарды иландырып, осы бағыттағы асуларды бағындыруға жұмылдыру. Елбасымыз бүгінгі Жолдауында да еліміз алдағы онжылдықта иек артар жаңа мүмкіндіктерді жүзеге асыратын негізгі күш – бүкіл Қазақстан халқы деді. Осы­ған орай, бүгінгі және таяу жылдардағы Пре­зидент белгілеп беріп отырған негізгі міндет­тердің бірі – қоғамның, оның жүйелі және гуманистік бағытта дамуын қамтамасыз ететін жаңа әлеуметтік сапасын қалыптастыру. Осы басты міндеттен әр ұжымның, әрбір азаматтың алдында тұрған нақты міндеттер туындайды. Айталық, Жолдауда жария етілген әлеуметтік саланы дамытуға, осы сала қызметкерлерінің әл-ауқатын жақсартуға бағытталған шаралар жоғары оқу орындары қызметкерлерінің, ел болашағы – студент жастарымыздың өздеріне жүктелген міндеттерді жүйелі де жоғары сапалы деңгейде атқаруға деген құлшыныстарын арттыра түсері сөзсіз. Елбасы атап көрсеткеніндей, алдағы он­жыл­дықта білім беру саласында тың қадамдар жасалмақ. Жаңа “Ғылым туралы” заң, жаңа заманауи оқу орындарының ашылуы, білім мен ғылым саласын қаржыландырудағы соны серпілістер біздің мүмкіндіктерімізді байытып, жауапкершілік деңгейін де көтере түспек. Жоспарланған жұмыстардың барлығын сапалы һәм нәтижелі жүргізудің басты алғышарты – білімді мамандар. Адам капиталының сапасын арттыру арқылы біз дүниежүзілік интеграцияға қатыса аламыз. Бұл тұрғыда Елбасы үш бағытқа – “Жаңа халықаралық университет”, “Ар­нау­лы қор” және “Интеллектуалды мектептер” се­кілді білім беру мекемелерін ашу жұмыстарына үлкен мән беріп отыр. Жоғары білімнің сапасы ең жоғары халықаралық талаптарға жауап беруі қажеттігі айтылды. Рас, біз әлемнің жетекші уни­верситеттерінің қатарына кіре алмай отыр­мыз. Бірақ соған дайындық жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Институтта білім беру ісі толығымен кре­дит­тік оқу жүйесіне көшірілді. Бұл да болса жаңа­ғы айтқан дүниежүзілік талаптарға жауап берудің алғышарттары. Жақында Италияның Болонья қаласына барып, дүниежүзілік уни­верситеттердің Ұлы хартиясына қол қойып келдім. Институттың жиырмаға жуық шетелдік білім және ғылым орталықтарымен байланысы бар. Әлемнің жетекші оқу орындарының рейтингісіне енуге батыл кірісуіміз керек. Оқу орындарының дүниежүзілік рейтингісін жасайтын орындармен бұған дейін байланыс жасағанымыз жоқ. Енді биылдан бастап Білім және ғылым министрі бізге осы мәселеге қа­тыс­ты тапсырма беріп отыр. Қазіргі күні инс­ти­тут қазақстандық тәуелсіз агенттік өткізетін ак­кредитацияға дайындық жұмыстарын жүргізуде. Жолдауда соңғы жылдардағыдай әлеуметтік мәселелерге жеткілікті дәрежеде көңіл бөлін­ген. Халықтың әлеуметтік әлеуетін ұдайы, жүйе­лі түрде көтеру экономикалық дамудың не­гізгі мақсаты екендігі тағы да паш етілді. Әсі­ресе, бюджеттік сала қызметкерлерінің еңбек­ақы­сын мерзімінен бұрын, 1 сәуірден бастап көтеру, студенттердің шәкіртақысын тағы да 25 пайызға көбейту туралы шешім қабылдау руха­ни саланың лайықты қарқынмен дамуын көз­деген қамқорлық белгісі деп білеміз. Бұған жауап – институтымыздың әрбір оқытушысы мен студентінің өз ісіндегі биік деңгейлі жауап­кершілігі, жұмыс сапасын жақсартуға деген қызу құлшынысы. Институт Ақтөбе облыстық әкімдігімен және облыстық білім департаментімен, аудан­дық әкімдік және білім бөлімдерімен институт түлектерін болашақ еңбек орындарына орна­лас­тыру, түлектердің еңбекпен қамтылуы, яғни әлеуметтік серіктестік бағытында тығыз қарым-қатынас орнатқан. Мұндай ынтымақтастық дәстүрге айналған деуге болады. Жыл сайын наурыз, сәуір айларында институтта “Түлек­тер­ді болашақ еңбек орындарына орналастыру” ша­расы өткізіледі. Аталған шараға Ақтөбе об­лыс­тық білім басқармасы мен Ақтөбе қалалық білім бөлімінің басшылары және кадрлар жөніндегі бас мамандары, аудандық білім бө­лімдерінің меңгерушілері шақырылады. Соңғы жылдары бұл шараға көршілес Атырау об­лыс­тық және қалалық, аудандық білім бөлімдерінің басшылары мен бас мамандары да қатысып жүр. Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың “Біз білім-ғылым саласында бәсекеге қабілетті бол­масақ, өз мақсатымызға жете алмаймыз. Бар­лығы мектептен, ал Қазақстан үшін ауыл мек­те­бінен басталады”, – деген сөздерін басшы­лыққа алып, республика жастарына үндеу тастаған біздің түлектер 3 жылдан бері өз еңбек жолдарын ауыл мектептерінде бастап келеді. Оларға ел Үкіметінің 2009 жылдың 18 ақпанындағы “Ауылдық елді мекендерге келген жас мамандарға әлеуметтік қолдау көрсету” туралы №183 қаулысының талаптарына сәйкес және жергілікті әкімдіктер тарапынан бірқатар әлеуметтік жеңілдіктер жасалып жатқанын айтуға болады. Мысалы, былтырғы түлектеріміздің ішінен облысымыздың мұғалім кадрлар жетіспейтін аудан мектептеріне барған жас мамандарға 16 үй, 161 жалдамалы пәтер, 29 қызметтік үй берілді, әр жас маманға 4000-8000 теңге көлемінде коммуналдық төлемақы, тегін медициналық тексеру және т.б. әлеуметтік жеңілдіктер, ең бастысы – ауылға барған әр жас маманға 90 мың теңге көлемінде көтерме төлемақы тағайындалды. Осы бағыттағы жұмыстар биыл да өз жалғасын табады. Институттағы оқу-тәрбие ісінің сапасын көтеру мәселесінің тиісті деңгейде шешілуі сту­денттер құрамының сапасына тікелей байла­ныс­ты екендігі белгілі. Бүгінгі күні студент­тері­міздің 60 пайыздан астамы мемлекеттік білім гранты негізінде оқиды. Былтыр 63 студентіміз ақылы бөлімнен бюджеттік бөлімге ауысты­рыл­ды, 55 студентіміз облыс әкімінің грантын ие­лен­ді, олардың 13-і жетім, 11-і толық емес от­ба­сынан, 31-і табысы аз отбасыларынан шық­қан студенттер, 5 студентіміз атаулы стипен­дия­лар иегерлері, 12 студентке ректор стипен­дия­сы тағайындалған. Биылға тағайындалатын облыс әкімінің грантына 35 студентіміз үміткер болып отыр. Институтта мұқтаж студенттерімізді әлеу­мет­тік тұрғыдан қолдау мәселесіне де жете көңіл бөлініп келеді. Атаулы күндер, діни мейрамдар қарсаңында әртүрлі қайырымдылық акцияларын өткізу дәстүрге айналды. Мәселен, биылғы Құрбан айт мерекесінің алдында ата-анасынан айрылған 42 студентке қаржылай көмек көрсетілді. Қыз балаларға – 48900 тең­ге­ден, ер балаларға – 43300 теңгеден, барлығы 2 миллион теңге көлемінде бір жолғы жәр­дем­ақы тапсырылды. Бұған қоса институт оқыту­шыларының бастамасымен қаржылай, киім-кешек түрінде жастарға қолдау көрсеткендер бар. Биылғы оқу жылына әлеуметтік жағдайы төмен 18 студентке оқу төлемақысы бойынша 1,5 миллион теңге көлемінде жеңілдік қарас­тырылды, 8 жетім студент институт асхана­сында тегін тамақтанады. Мұндай қамқорлық шаралары алдағы уақытта да әрдайым назарымыздан тыс қалмақ емес. Қандай істе де жақсы нәтижеге жетудің бас­ты шарттарының бірегейі – елдегі ынтымақ, қоғамдағы бауырластық. Елбасы өз Жол­дауында осы мәселелерге де үлкен мән берді, саяси партиялардың басын біріктіруге шақыр­ды. Президентіміз атап көрсеткеніндей, елдегі кез келген партия болсын, қоғамдық ұйым болсын, баршасы қазақстандықтардың мүддесі үшін жұмыс жасауы қажет. Өткен жылы жеті саяси партия әлеуметтік және саяси тұрақты­лық­ты қамтамасыз ету туралы меморандум әзірлеп, оған қол қойды. Елбасы осы бағыттағы жұмыстарды әрі қарай жалғастыра беруге, партияаралық үнқатысудан нақты іске көшуге, ұлттық стратегиямызды кешеуілдетпей қабылдауға шақырды. Президент Н.Ә.Назарбаев алдағы онжыл­дықта атқарылар іргелі істерді игерудің басты тетіктерін сөз ете келе, жақсылыққа ұмтылыс – жамандыққа іркілістен басталатындығын қадап айтып, осы қағидаттың туған елін қалт­қысыз сүйетін әр азаматтың сүйенер тірегіне, барша қазақстандықтардың өмірлік ұстаны­мының өзегіне айналуы тиіс екендігіне баса назар аударды. Бұл талап біздің ұжымның да әрбір мүшесіне тиесілі өміршең талап деп білеміз. Еліміздегі педагогикалық жоғары оқу орын­дарының алдыңғы қатарында келе жатқан біздің институт ұжымы да Жолдауда белгіленген міндеттерді абыроймен орындау бағытында жұмыс істей бермек. Ғалымжан НҰРЫШЕВ, Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық  институтының ректоры, “Нұр Отан” ХДП Ақтөбе филиалы  партиялық бақылау комиссиясының төрағасы. ЕЛІМІЗДІ ЖАҢА БИІКТЕРДЕН КӨРГІМІЗ КЕЛЕДІ Республикалық ақпараттық-насихат тобымен өткен кездесулерге қатысқан жұртшылықтың ой-пікірлері  осыған саяды Бір топ Парламент Мәжілісі депутаттары Қызылжар өңірін ара­лап, Елбасының “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” Жолдауын жұртшылыққа түсіндір­ге­ніне көп уақыт өте қойған жоқ. Осы сапардың ізі суымай жатып Ауыл шаруашылығы министрі Ақыл­бек Күрішбаев бастаған рес­публикалық ақпараттық-насихат тобы келіп жетті. Сайдың тасындай іріктеліп үгітші, насихатшылар та­рихи құжаттың маңыздылығын ес­керген болу керек, кездесу-жүз­де­су­лерді бірден бастап кетті. Олар­дың әсерлі әңгімелерін алдымен әкімдіктің үлкен залына жиналған солтүстікқазақстандықтар тыңдады. Кездесуді аймақ басшысы Серік Біләлов ашып, Мемлекет басшы­сы­ның Жолдауынан туын­дайтын талаптар мен міндеттерді жан-жақты түсіндіру жұмыстарына үлкен жауапкершілікпен әзірленіп, 700-ге тарта адамды қамтитын 15 ақпараттық-насихат топтарының тартылғанын, 200-ден астам кез­десулердің өткізілгенін, таяу он­жыл­дықтағы мақсаттар мен өршіл қимылдар жоғары қолдау тауып отырғанын жеткізді. Одан кейін сөз Ауыл шаруа­шылығы министрі, республикалық ақпараттық-насихат тобының же­тек­шісі А.Күрішбаевқа берілді. Ақыл­бек Қажығұлұлы биылғы Жолдау “Қазақстан-2030” Страте­гия­сы бағдарламасы шеңберінде құрылғанын, еліміздің таяудағы онжылдықтағы экономикалық зор мүмкіндіктерін белгілеп бергенін, осының негізінде Қазақстанды көш­басшы, қуатты индустриялы ел­дер қатарына жеткізу міндеті қойылып отырғанын әңгімеледі. Әлемдік дағдарыстың алдын алуға бағытталған кешенді шаралар өз жемісін беріп келеді. “Жол кар­та­сы” бойынша айтарлықтай жұ­мыс­тар атқарылды. Оның игілігін бірінші кезекте ауылдықтар көрді. Бағдарлама биыл да жалғасын тау­ып, қомақты қаржы қарастырылып отыр. Шағын және орта бизнесті қолдау мақсатымен былтыр 123 мил­лиард теңге бөлінді. Үкімет әлеуметтік міндеттемелерді тиімді атқару уәдесінде тұрды. Зейнетақы, жалақы, шәкіртақы көбейіп, өмір сүрудің ең төменгі деңгейінен аз табыс табатын адамдардың үлесі, жұмыссыздық деңгейі қысқарды. Қол жеткен толайым табыстар Қа­зақстанды экономикалық жағынан айтарлықтай нығайтып, адам әлеуе­тінің жоғары деңгейі бар елдер қатарына қосты. Алдағы міндеттер бұдан да ұланғайыр. Оларды Пре­зи­дент атап берді. Жасыратыны жоқ, дамыған мемлекеттерге қара­ған­да бізде еңбек өнімділігі әлде­қайда төмен. Ауыл шаруашылы­ғында үш мың АҚШ доллары төңірегінде ғана. Сондықтан біздің міндетіміз – 2014 жылға таман агро­өнеркәсіптік кешенде өнімді­лік­ті кемінде екі есе өсіру. Елбасы еңбек өнімділігін еселей түсудің кешенді жолдарын белгілеп, эко­номиканы әртараптандыруға, ин­дустрияландыру картасын іске асы­руға аса маңыз берді. Сонда таяу­дағы бес жылда жалпы көлемі 6,5 триллион теңгенің 162 жобасы иге­ріледі деген сөз. Бұл – ІЖӨ-нің 40 пайыз­дан астамын құрайды. Сонда үш жылда 200 мыңнан астам жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Ал, АӨК-де 40 жоба қолға алы­нады. Олардың 15-ін биыл 1 шілдеге дейін пайдалануға беретін боламыз. Министр алда тұрған өзекті мә­селенің біріне азық-түлік қауіп­сіздігі мен экспорттық әлеуетті жат­қызды. Импорттық тәуелділік­тен арылудың ұтымды жолы – азық-түлік тауарларының ішкі ры­ногын қалыптастыру. 2014 жылға қарай отандық тағам өнімдерінің үлесі 80 пайызды құрауы тиіс. Бұл орайда, “Қазагро” 22 жобаны қар­жы­ландыратын болады. Ауыл ша­руа­шылық шикізаттарын қайта өңдеу саласында да түйінді мәсе­лелер жеткілікті. Елімізде еттің – 22, сүттің – 27, көкөністің – 4 пайызы ғана өңделетінін ескерсек, өңдеу өнеркәсібі жаңартуды қажет етеді. Ақылбек Қажығұлұлы әрта­рап­тандыру ауыл шаруашы­лы­ғы­ның барлық саласын қамту тиіс­тілігін көлденең тартты. Солтүстік өңір негізінен бидай, оңтүстік­те­гі­лер күріш, мақта өсірумен шұғыл­данады. Оның өзінде өнімділік төмен. Өйткені, минералдық тың­айт­қыштарды жеткілікті дәрежеде қолданбайды. Ал, майлы дақылдар­дың үлесі мүлдем аз. Ауыспалы егіс жүйесі қатаң сақталмағаннан кейін жер тозып, құнарынан айырылады. Жиында республикалық ақпа­рат­тандыру және байланыс агент­тігінің төрағасы Қуанышбек Есе­кеев сөз алып, өз саласы бойынша индустриялық-инновациялық кар­таның орындалуын әңгімелеп берді. Бұл бағытта 97 жоба қолға алы­нып­ты. Ол ел телеарналарының сандық жүйеге көшуіне байланысты отан­дық өнімдер жасау тәжірибесіне Қызылжар өңірінің бірінші болып атсалысуын құптады. Ақпараттық-насихат тобының мүшелері облыс орталығында бес бағытқа бөлініп, Жолдаудың мән-маңызын түсіндіруге арналған бұ­дан басқа да маңызды кездесулер ұйымдастырды. А. Күрішбаев Ұлы Отан соғысының ардагері А. Ре­шет­няктің шаңырағына арнайы бас сұғып, хал-жағдайын сұрады. Түр­лі-түсті теледидар тарту етті. – Біз сияқты аға ұрпаққа жасалып отыр­ған шынайы қамқорлыққа алғыс­тан басқа айтарымыз жоқ. Прези­дентіміз бірде-бір ардагерді мате­риал­дық қолдаусыз қалдырмау жөнін­де жергілікті биліктегілерге нақты тапсырма берді. Төленетін бір жолғы жәрдемақысы да қомақ­ты екен. Бәрінен де құрметін айтсаңшы! – деді сексеннің сең­гірі­нен асқан қарт жауынгер. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары Біржан Нұрымбетов сала қызмет­кер­лерімен кездесу барысында Қа­зақстанның барлық азаматтарының өмір сапасы мен деңгейін жақсарту, әлеуметтік тұрақтылық пен қор­ға­луды нығайту басты бағдар ретінде қала беретінін, 2009 жылы әлеу­мет­тік көмекке 813 миллиард теңге жұм­салғанын, 2010 жылы 922 мил­лиард, 2011 жылы 1 триллион 26 миллиард теңге құрайтынын жет­кізді. 2020 жылға қарай жұмыс­сыз­дық деңгейі 5 пайыздан, ал табыс­тары ең төменгі күнкөріс деңгейі­нен төмен халықтың үлесі 8 пайыз­дан асырмау шаралары қабыл­данды. “Жол картасы” аясында 248 мың адам жұмысқа орналасса, 125 мың адам әлеуметтік жұмыстарға тартылды. Бағдарлама ұзартылып, 100 миллиард теңге бөлінді. Алай­да, деді вице-министр, елімізде тіркелген жұмыссыздар саны жарты миллионнан асады. Көбінің кәсіби біліктілігі жоқ болғандықтан, қайта даярлау курстарын ұйымдастыра­тын боламыз. Сосын мына бір проблеманы алға тартты. Ол – тыл еңбеккерлерінің мәртебесінің нақ­ты айқындалмағаны. Жиынға қа­тысушылар 1938-1939 жылы туған жандарды тыл еңбеккерлері қата­ры­на қосуды, зиянды өндіріске жататын мамандықтар тізімін қайта қарауды, медицина мамандарын әлеуметтік қызметшілер қатарына кіргізуді өтінді. – Биылдан бастап алты бала тәрбиелеп-өсірген ана “Күміс алқа” ие­гері атана алады. Алайда, қайтыс бол­ған балалардың санатқа кірмеуі қа­лай? Оларды түн ұйқысын төрт бө­­ліп, бағып-қаққан жоқ па? деген сауал­мен вице-министр келісетінін білдірді. Білім және ғылым министрлігі орта білім департаментінің дирек­то­ры Нұрғали Аршабеков ұстаздар қауымымен болған кездесуде 12 жылдық оқыту моделіне, мектеп жасына дейінгі оқытумен және тәр­биемен қамтамасыз етуді арттыруға бағытталған “Балапан” арнайы бағдарламасына қатысты атқарыла­тын шараларды ортаға салды. Елі­міз­де шағын комплектілі мектеп­тер­дің саны – 4300. Көбі оқушы­лар­дың аздығынан жабылудың алдында тұр. Оған қатысты тұжы­рымдама әзірленіп жатқан көрінеді. Ішкі істер вице-министрі Алек­сандр Кулинич пен Экономика және бюджетті жоспарлау министр­лігі инвестициялық саясат депар­таменті директорының орынбасары Арман Әбеновтің “Нұр Отан” ХДП облыстық бөлімшесінің ғимара­тын­да саяси ұйым мүшелерімен, депу­таттармен, жастар өкілдерімен өткізген әңгімелері Жолдау талап­тары төңірегінде өрбіді. Топ мүшелері аудандарды ара­лауға жүріп кетті. Солтүстік Қазақстан облысы. ҚОҒАМ КҮШІ ЖҰМЫЛДЫРЫЛАДЫ Алматы қалалық мәслихатындағы “Нұр Отан” ХДП депутаттары­ның форумы өтті. Форумның мақсаты депутаттық корпус және жер­гі­лікті атқарушы органдардың өкілдерімен Алматы қаласындағы “Нұр Отан” ХДП-ның Халықтық тұғырнамасының орындалу барысын және Елбасының биылғы “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” атты халыққа Жолдауын жүзеге асыруды жоспарлауды кешенді әрі жан-жақты талқылау болды. Жиында баяндама жасаған “Нұр Отан” ХДП Алматы қала­лық филиалы төрағасының бірін­ші орынбасары Аманкелді Кәрі­мол­дин партияның Халықтық тұ­ғырнамасында алға қойылған мін­деттерді жүзеге асыруда қалалық және аудандық филиалдары жер­гі­лікті мемлекеттік билік өкіл­де­рімен бірлесе мақсатты жұмыстар жүргізіп отырғанына тоқтала ке­ліп, экономиканы көтеруде, әлеу­меттік бағдарламалар мен жоба­лар­дың орындалуын қамтамасыз етуде, орта және шағын кәсіп­кер­лікті дамытуда, әлеуметтік жағы­нан аз қамтылған жіктерді қол­дау­да, жемқорлықпен күресті кү­шейтуде атқарылып жатқан нақты шараларды алға тартты. – Мәслихаттағы 37 депутат­тың 34-і “Нұр Отан” ХДП-ның мүшесі, – деді Аманкелді Кәрім­ұлы. – Біздер Елбасының Жол­дауы­на байланысты жұмыстың сапасын одан әрі жоғарылатуды сөз­бен емес, нақты іспен көрсе­ту­ді міндеттеп отырмыз. Елбасы Жол­дауын әрбір қала тұрғыны білуі керек. Жақында біздер халық арасында сауалдама жүргізгенде, қала тұрғындарының 80 пайыз­­дайы Жолдауды білетін болып шық­ты. Бұл біз үшін үлкен жаңалық бол­ды. Яғни, халық Президентті қолдап, бағдарламаны түсіністік­пен қабылдауда. Оның үстіне Жол­дауда нақтылы шешіліп жат­қан мәселелер де бар. Мәселен, ден­саулық сақтау саласы, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 65 жыл­дығына байланысты үлкен ша­ралар өткізу жоспарланған. Ендігі мақсат – халыққа Жолдауда көте­рілген мәселелер бойынша жа­салған бағдарламаларды жеткізу. Сондай-ақ форумда Алматы қа­лалық мәслихатындағы “Нұр Отан” ХДП депутаттар фракция­сы­ның басшысы, партия Саяси кеңесінің мүшесі Тілектес Есполов фракцияның жұмысына жан-жақ­ты тоқтала келіп, биылғы шақы­ры­лым бойынша 27 сессия өт­кі­зілгенін, екі жыл ішінде 3 мың азамат қабылданғанын, сонымен қатар, депутаттардың өз сайлау округтеріндегі еңбек ұжымдарымен кездесіп, Елбасының халыққа Жолдауы бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілгендігін айтты. Форум қорытындысында қаты­сушылар мемлекеттік атқарушы органдарға, кәсіпорындар мен ұйымдар басшыларына, Алматы қаласының тұрғындарына Прези­дент Н.Назарбаевтың халыққа Жолдауындағы Қазақстанның даму стра­тегиясын жүзеге асыруда қоғамдық күш жұмылдыру мақ­сатында үндеу қабылдады. БІЗ БІРГЕМІЗ Еркін ӘБІЛ. Елбасының ағымдағы жылғы “Жаңа онжылдық – жаңа эко­но­микалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” атты Жол­дауында алдағы онжылдықта ел дамуына бағытталған жаңа мін­деттерді айқындап берді. Ел бо­лашағы – жастар. Содан да Елба­сы өз Жолдауында “Жастар – біздің болашағымыздың негізі, өз болашағын құрудың жаңа мүмкіндіктеріне қол жеткізеді” деп қадап айтқан болатын. Осы­ған орай облыстық ішкі саясат басқармасы мен “Нұр Отан” ХДП жанындағы “Жас Отан” жас­тар қанаты” Қызылорда об­лыс­тық филиалының ұйымдас­ты­руымен “Елбасының Жолдауы – Сыр жастарының қолдауы” атты патриоттық жастар акциясын өткізді. Жастар акциясы Елбасы Жол­дауының саяси маңыздылығы мен құндылығын жастарға ұғын­дыруды, ел іргесінің бүтіндігі мен бірлігін, жастардың жоғары пат­риоттық белсенділігін мейлінше көтеруді мақсат етіп қойды. Акцияға “Нұр Отан” ХДП-ның жас мүшелері, жастар ұйым­дарының өкілдері, есімдері елі­мізге танымал жас өнерпаздар мен спортшылар, жоғары және орта оқу орындарының студент­тері, яғни жүздеген жалынды жас қатысып, еліміздің көк байрақ­тарын толқындата тербетіп, ұрандата үн қатып жатты. “Елбасының Жолдауы – Сыр жастарының қолдауы” акциясын облыс әкімінің орынбасары Р.Нұр­таев алғысөзбен ашып берді. – Елбасымыз еліміздің бола­ша­ғы – жастарға айрықша қол­дау жасап отыр. Өздеріңізге мә­лім, жас мамандарды қолдау, оларға зор сенім арту жалғасын таба бермек. Содан да сендерді, жастар, Елбасы Жолдауында қойылға міндеттерді бір кісідей бірлікпен шешуге шақырамын, – деген ол жастардың еліміздегі жасампаз істерді жалғастыра беретініне деген сенімін жеткізді. Акцияда сөз алған “Нұр Отан” ХДП-ның Қызылорда об­лыс­тық филиалы төрағасының бі­рінші орынбасары Ө.Болатбеков: – Қазақстан – бәріміздің ор­тақ қарашаңырағымыз. Содан да еліміздің ертеңі – сендерді елі­міздің шаңырағы шайқалмауға, қайта ел еңсесін тіктей түсуге сүбелі үлес қосуларыңа шақы­ра­мын,– десе, еңбек ардагері А.Дәулетов: – Ертеңгі күніміз бүгінгіден де берекелі болады. Олай дейті­нім, бүгінгі патриот жастар Елба­сымыздың сарабдал саясатын қолдап, еліміздің кемел келеше­гіне барынша қызмет етеді. “Ата көрген оқ жонар” деп атам қазақ айтқандай, аға буын ізімен келе жатқан сендер бақыттысыңдар. Осы әрдайым естеріңде болуы керек, – деп жастардың дуылдата соққан қол шапалақтарының құрметіне кенелді. Жас көшбасшы С.Мырзатаев пен жас спортшы Ғ.Өлментаева акцияға қатысушы жастарға “Біз біргеміз!” деген ұранды тастауы сол екен, еліміздің көк байрағын көкке жарыса көтерген жастар “Менің елім” әнін асқақтата шырқады. Жастар акциясын мың бұралған билер мен патриоттық әндер тербетіп тұрды. Қызылорда. БОЛАШАҒЫМЫЗ  ЖАРҚЫН Сағадат СӘРСЕНҒАЛИЕВА, гинеколог-дәрігер. Жаңақала – Алматы мен Астананы айтпағанда, өз облысымыздың орталығы Орал қаласының өзінен шалғай жатқан аудан. Бірақ бұл фактор біздің ауданның тұрғындарына ел ішінде жүзеге асып жатқан игіліктерді сезінуге еш кедергі емес. Жаңақала ауданының өзінде жүзеге асқан жоба, орайы келген шаруа аз емес. Мен өзім маман ретінде жолдамамен қаладан ауылға отбасыммен қоныс аударған гинеколог-дәрігермін. Елбасымыз ауылға келген мамандардың тұрақтап жұмыс жасауы үшін оларға қажетті тұрмыстық жағдай жасауды жергілікті әкімдерге мықтап тапсырғаны мәлім. Бұл тапсырманың өзіміз көшіп келген Жаңақала ауда­нында толық жүзеге асып жатқанына куә болып жүрмін. Құс та жайлы жерге ұя салады ғой, менің осында тұрақтап қалуым – жағдайымның табылғандығы. 24 мыңға жуық халқы бар Жаңа­қа­ла ауданына біздің мамандығымыз аса қажет екен. Аудан әкімдігі бізді өте жылы қабылдады. Газы, суы бар тұрмысқа қолайлы баспанамен қам­тамасыз етті. Көшіп келгеніміз үшін қаржылай көтермеақы берді. Алаңсыз жұмыс жасауымызға жағдай туғызды. Өзіміз сықылды ауылға маман ретінде көшіп келген отбасылардың ұл-қызы балабақшамен де қамтылуда. Аудандарды былай қойып, облыс орталығында, тіпті республика көле­мін­де дәрігер мамандар тапшы. Ес­туім­ше, облысымызға 290 дәрігер же­тіспейді екен. Облыс басшылығы жас мамандар мен тәжірибелі дәрігерлерді облысқа шақыру үшін үй-жайы, қар­жысы мен малына дейін қарастырыл­ған “әлеуметтік пакет” әзірлепті. Со­ның арқасында былтыр облысымызға 35 дәрігер көшіп келген. Жалпы, Жаңақала ауданы ата сал­тын сақтаған, дәстүрін бұзбаған, бір­лі­гі мығым, тірлігі жарасты, бір сөз­бен айтқанда, сүттей ұйыған ел екен. Берекелі тірлік пен ынтымақты еңбектің арқасында бұл аудан тұр­ғын­дары өткен жылы бүкіл әлемді қал­тыратқан қаржы дағдарысын сезі­ніп жарытқан жоқ. Өйткені, аудан әкімінің есебінде естігенім, тек “Жол картасы” бойынша ауданға 229,4 млн. теңге қаржы бөлініп, білім беру, мәдениет, ауылдарды көркейтіп-көгалдандыру, жолдарды салу мен жөндеу жұмыстары жүргізіліп, осынау еңбек майданына 600-ге жуық жұмыссыз тартылыпты. Жаңақала – облыста барлық ауылдық округ орталықтары  таза суға қоса, көгілдір отынмен қамтылған аудан. Тіпті аудандағы біраз кішігірім ауылдардың өзі әлгіндей әлеуметтік игіліктің рахатын көріп отыр. Енді қалған елді мекендердің де біржола “қолдарын жылы суға малар” күндері алыс емес. “100 мектеп, 100 аурухана” бағ­дар­ламасы бойынша облыстағы алғаш­қы мектеп те осы Жаңақала ауданында са­лынды. Өткен жылдың соңында “Азғыр”, “Капустин Яр” по­ли­гондарынан зардап шеккен өңір тұр­ғындарына ар­налып, Жаңақала кентінде ауданаралық сауықтыру ор­талығының салынып, пайдалануға берілуі де Елбасы мен Үкі­меттің жергілікті жұртқа жасаған нақты қамқорлығы­ның айқын бір мысалы. Бүгіндері әлі “сыры кеппеген” су жаңа орталықтың игілігін тек біздің аудан ғана емес, көршілес аудандар­дың денсаулығы сыр берген тұрғын­дары да көруде. Аяғын басып көрмеген кісі “жер­дің түбі”, “ит өлген жер” санайтын Жаңақала ауданы жыл санап өсіп, өр­кен­деп келеді. Мәселен, аудан орталығындағы “Достық” алаңы абат­тан­дырылып, тіпті онда субұрқақ орна­тылуы, ауылдың ажарын ашып, тұрғындардың еңсесін бір көтеріп тастады. Тек соңғы бір-екі жылда аудан аума­ғында 12 мың түп тал-терек егілді. Күні кеше ауданы­мызда қаланың халқы ішіп отырған “Хрустальный” суын шығаратын қондырғыға дейін орнатылды. Өткен жылы халықпен тікелей эфирде байланыс жасап, жұртшы­лық­тың мұң-мұқтажын, ұсыныс-пікірін айтуына мүмкіндік берген Елбасымыз ел тілегін де ескерусіз қалдырмады. Соның бірі бүлдіршіндерді балабақ­ша­мен қамтуды жақсартуды Үкімет арқылы жергілікті әкімдерге тапсыр­ды. Бұл тапсырма да алдымен біздің ауданда жүзеге асып, өте қысқа мер­зім ішінде “Балбөбек” балабақшасы ашылып, пайдалануға берілді. Облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов халықты балабақшамен қамтуда аса мұқияттылық танытып отыр. “Нарықтың заманында отбасындағы бір адамның жұмыс істемей, бала бағып отыруы, біріншіден, отбасылық қоржынға салмақ салады. Екіншіден, демографиялық өсімге әсер етуі мүмкін. Осы жағдайды ескере отырып, халықты балабақшамен қамтуды кезек күттірмейтін шаруаға қосып отырмыз. 2007 жылы мектепке дейінгі тәрбие бүлдіршіндердің 41%-ын қамтыса, қазір бұл көрсеткіш 68,5%-ға жетіп отыр, республика бойынша үшінші орынға шықтық”, – деген екен облыс әкімі газетке берген сұхбаттарының бірінде. Егер Елбасы Нұр­сұлтан Назарбаевтың “Жаңа онжылдық – жаңа эко­номикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” деп аталған биылғы Жолдауында көрсетілген “Балапан” бағдарламасы іске қосылса, біздің облыста балабақшаға кезекке тұратын күннің өтуі алыс емес. Ал қаржы дағдарысына байланысты бюджеттік сала қызметкерлерінің еңбекақысын 25 пайызға өсіру алты айға кейін шегерілгеніне түсіністікпен қарап едік. Енді сәуір айынан бастап жалақымыздың көбейетінін біліп, халық үшін жағдайдың бәрін жасаған Президентімізге бас иіп отырмыз. Біз ауыл тұрғынымыз. Бірақ тұрмыс-тіршілігіміздің қаладан айырмасы шамалы. Біз ел-жұртын осындай игілікке жеткізген Елбасымызға сенеміз. Демек, ертеңіміздің бұдан да жарқын болары кәміл. Батыс Қазақстан облысы, Жаңақала ауданы.