Ауыр атлетика • 21 Желтоқсан, 2018

Ауыр атлетикадан «Катар кубогы» басталды

381 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Дохада ауыр атлетикадан «Катар кубогы» басталды. 2020 жылы Токиода алауы тұтанатын Олимпия ойындарының лицензиялық турнирі саналатын айтулы додада Қазақстанның да бірнеше спортшылары бақ сынауда.   

Ауыр атлетикадан «Катар кубогы» басталды

Жерлестеріміздің арасынан жарыс жолына Игорь Сон мен Арли Чонтей алғашқы болып шықты. 61 кило салмақ дәрежесінде өнер көрсететін жерлестеріміз жақсы нәтиже көрсетті. Қоссайыстың қорытындысы бойынша 267 (149+118) килолық зілтемірді еңсерген Сон күміс медальді мойына ілді. Сондай-ақ, ол жекелеген жаттығулардың екеуінде де екінші орынға табан тіреді. Ал жуырда ғана Ашхабадта өткен әлем чемпионатында жеңіс тұғырына көтеріліп, өз жанкүйерлерін қуантқан Чонтей бұл жолы төртінші орында қалып қойды. Оның нәтижесі – 245 (115+130) кило. Бұл салмақтың бас жүлдесін Жапонияның мықтысы Хаято Хираи олжалады. Ол Игорь Соннан бес кило артық салмақты еңсерді.

67 кило салмақта күш сынасқан Фархад Харки ел сенімін ақтай алмады. Рио Олимпиадасының қола жүлдегері, Дүниежүзілік Универсиаданың жеңімпазы, Азия чемпионатының күміс жүлдегері айтулы додада төртінші сатыға табан тіреді.

«Катар кубогы» жолындағы жарыстың алдағы күндері Арли Чонтей (61 кило), Игорь Сон (61 кило), Фархад Харки (67 кило), Нижат Рахимов (73 кило), Айдар Қазов (81 кило), Рүстем Сыбай (96 кило), Илья Ильин (109 кило) және Карина Горичева (64 кило) мен Раушан Мешітханова (87 кило) сынды спортшылар өнер көрсетеді.

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Егемен Қазақстан».