Аймақтар • 21 Желтоқсан, 2018

Киберспорт қарқын алып келеді

429 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматыда киберспорттың «StarCraft 2» сайысынан Орталық Азияның ашық турнирі өз мәресіне жетті. Бұл жайында HUB ақпараттық-спорттық орталығы хабарлайды.

Киберспорт  қарқын алып келеді

Киберспорт – бейнеойындар негізінен құралған командалық немесе жекелеген сайыстар. Оны «компьютерлік» немесе «электронды спорт түрі» деп те атайды. Киберспортты бірінші болып ресми түрде Ресей Федерациясы мойындады.  Ал Қазақстанда киберспорт федерациясы 2018 жылдың 1 маусымында тіркелсе, сол жылдың 25 шілдесінде ол елімізде ресми спорт түрі ретінде мойындалды.

– Киберспорт сегіз сайыстық жаттығулардан тұрады. Олар бір-біріне мүлдем ұқсамайды. Біз Алматыда «StarCraft 2» стратегиясы бойынша жарыс өткіздік. Бұл сайыстар шахматқа қатты ұқсас. Ол жерде жас ерекшелігіне шектеу қойылмайды. 10 жастағы бала да, егде тартқан адамдар да осы ойынды ойнай алады. Қазіргі кезде біз жасөспірімдер лигасы, киберспорттық академия жəне үздіксіз турнирлер секілді бірнеше жобаны қолға алып жатырмыз, – дейді Қазақстанның киберспорт федерациясының вице-президенті Евгений Богатырев.

«StarCraft 2»-ден Орталық Азияның ашық турнирінің жеңімпазы атағын Əділет "Lightweight" Сатыбалдин олжалады. Ол 1 200 000 теңгеге иелік етті. Екінші орында - Владимир "Upakovka" Деркульский. Оған 500 000 теңге сыйақы берілді. Үшінші орынды еншілеген Алмат "Replicant" Төлеуғалиев 200 000 теңгені қалтаға басса, төртінші сатыға табан тіреген Антон "AntonyZerg" Рудьке 100 000 теңге бұйырды.

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ