Қазақстан • 24 Желтоқсан, 2018

Теңіз жағалауына миф кейіпкерлері «жайғасты»

1380 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақ даласының және халқының, соның ішінде Маңғыстау өңірінің арғы дәуірі, мифологиясы туралы ғалым Серікбол Қондыбай шығармаларында кеңінен суреттеледі. Ғалымның еңбектерін оқып, зерттеу біздің тарихымызға жаңаша қарап, келешегіміз үшін кемел істерді межелеуге мүмкіндік береді. 

Теңіз жағалауына миф кейіпкерлері «жайғасты»

С.Қондыбай шығарма­ла­рын зерделеу, насихаттауға қы­зығушылық Маңғыстауда бұ­дан оншақты жыл бұрын қолға алынды. Нәтижесінде бірнеше ірі ғылыми-тәжі­ри­белік конференция өткі­зіліп, ғалымның том-том шы­ғармалары басылып шықты. Туған ауылы Шетпе кентінен мұражай, Ақтау қаласынан Серікбол Қондыбай атындағы орта мектеп ашылды. Серікбол шығармаларындағы мифтік кейіпкерлердің «ортамызға оралып», ұрпақтың көз алдында көрініс табуы – маң­ғыс­таулықтар арасында көп­­тен айтылып келе жат­қан мә­селе болатын. «Әне са­лы­­­­нады екен, міне ашылады екен» деп халықты бі­раз жыл дәмелендірген алаң­ның Тәуелсіздік мерекесі қар­саңында тұсауы кесілді. 

Мемлекет басшысы «Ұлы да­ланың жеті қы­ры» ма­қа­ласында «... прото­мем­лекеттік бірлестіктердің де­ні қазіргі Қазақстан аума­ғында құрылып, қазақ ұл­ты этногенезінің негізгі эле­­менттерін құрап отыр. Біз айт­қалы отырған зор мәдени жетістіктер шо­ғы­ры даламызға сырттан келген жоқ, керісінше, көп­шілігі осы кең­байтақ өлкеде пайда болып, содан кейін Батыс пен Шығысқа, Күнгей мен Теріскейге тарал­ды. Кейінгі жылдары та­былған тарихи жәдігерлер біз­дің бабаларымыздың өз за­ма­нындағы ең озық, ең үздік тех­нологиялық жаңа­лықтарға тікелей қатысы бар екенін айғақтайды. Бұл жәдігерлер Ұлы даланың жаһандық та­рихтағы орнына тың көзқа­распен қарауға мүмкіндік бе­реді» деген болатын. Жалпы Се­рікбол шы­ғармаларымен үн­десетін осы ой Маңғыстау өңірінде біраз істерді атқаруға бола­тындығын аңғартады. Оның үстіне Каспий теңізі жа­ға­лауын, Ақтау қаласы мен Маң­ғыстау даласындағы көрікті жерлерді туризм са­ла­сының іргелі орындарына айналдыру туралы ма­ңыз­ды тапсырманы орындау үшін де біраз ізденістер мен қиял­дардың жемісі қажет-ақ. «Ұлы даланың жеті қыры» мақа­ласында Елбасы «Өз жазуы мен мифоло­гиясы бар Қазақстанның ежел­гі тұр­ғын­дарының озық мәде­ниеті болды. Олардың мұрасының жарқын көрінісі, көркем болмысы мен рухани байлығының айшықты белгісі – «аң стилі» өнері. Жануарлар бейнесін тұрмыста пайдалану адам мен табиғаттың өзара бай­ланы­сының символына баланып, көшпенділердің рухани бағдарын айқындап отыр­ған» деуі Маңғыстау өңі­ріне, тастағы таңбаларға қа­тысты айтылғандай. Ал Серік­бол шығармаларында бұл ұғым­дарға қатысты түсі­ніктер тұ­нып тұр. Маңғыстауда «Ұлы да­ланың жеті қыры» мақа­ла­сындағы міндеттерді жү­зеге асы­рамын деушілерге С.Қон­дыбай шығармаларын жата-жастана оқып, ғылым мен қиял­ды ұштастырып, әдемі де мағыналы жұмыстарды тын­ды­руына мүмкіндік мол. 

Тәуелсіздік мерекесі ая­сында Каспий теңізі жаға­лауынан ашылған «Мифтер алаңы» осы жұмыстардың бастамасындай. Мифтер ала­ңына Суын айғыр, Нұр Төле, Аққу, Түйе үстіндегі қыз, Ай­даһар, тағы басқа миф­тік кейіпкерлер бейнелеген 13 кішігірім сәулет туындылары орнатылды.

Кейіпкерлер арасында Көне қазақтың дү­ниетанымындағы киелі ны­шанның белгісі болып саналатын Сарыүйек жылан бейнесі, түркі дүние­та­нымындағы жо­ғарғы Жа­ра­тушыны еске са­латын Күнбасты Тәңір бей­несі, күллі түркі әлемінің басты тотемі − Көкбөрі бей­несі, сондай-ақ Ұлы дала сақ­­шылары бейнесі бар − жалпы өлкенің 2000 жылдық та­ри­хынан сыр шертетін дай-мас­сагет, сармат дәуірінің ерек­ше ескерткіштері бей­нелен­ген. 
«Мифтер алаңына» келу­шілер үшін жағалауда ұзын­дығы 102 метрді, ені 24 метрді құрайтын баспалдақ салынды. Сондай-ақ 50949 шаршы метр кеспе тас, 4496 шаршы метр көгал, ұзындығы 1800 метрді құрайтын веложол, 6 алаңнан құралған 100 метр мифтер алаңы мен 300 көлікке арналған автотұрақ салынды. 

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

Маңғыстау облысы