Шығармашылық көрмені өткізудегі басты мақсат – ұлттық құндылықтарымыздың бірі қыш өнерін қайта жандандыру. Сапасы өте берік келетін қыш бұйымдарды өндірудің тарихы әріде жатыр. Әуелде шаруашылық, тұрмыстық мақсатта кең қолданысқа ие болған қыш өндірісінің технологиялық тәсілдері бүгінде әлдеқайда жетіле түскен. Мәселен, осы көрмеге қойылған түрлі кәдесыйлар, гүлге арналған әдемі құмыралар, қыштан жасалған картиналар мен фотосуретке арналған рамкалар көптің қызығушылығын оятып, өзіндік даралығымен үлкен сұранысқа ие екенін аңғартты. Сәндік қолданбалы өнер кафедрасының студенттері мен академиялық ұтқырлық бойынша факультетте оқып жатқан ресейлік студенттер Александра Шуплякова және Татьяна Тетерина шеберлік дәрістерін көрсетті.
– Əр халықтың тарихы қасиетті құндылықтарымен қымбат екенін Мемлекет басшысы «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында айрықша атады. Студенттердің оқу және шығармашылық жұмыстары аясында көпшілікке ұлттық дәстүрімізде ерекше тарихи мәнге ие ұлтымыздың қолөнер бұйымдарын кеңінен насихаттау басты мақсатымыз, – дейді кескіндеме, мүсін және дизайн факультетінің деканы Бауыржан Байділда.
Көрме барысында академияның студенттері ұлттық күйіміз бен жырымызды әуелетіп, көпшілікті тәнті етті. Көрмеге жиылған қауым қазақтың қасиетті қолөнер бұйымдарын асқан шеберлікпен жасап жүрген он саусағынан өнер тамған жастарға үлкен ризашылығын білдірді.
Сапарбай ПАРМАНҚҰЛ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ