Қазақстан қор биржасы басқармасының төрайымы Алина Алдамбергеннің айтуынша, бүгінде KASE мақсаты – шығындарды азайту, қызметтерді жақсарту және әмбебап қор биржасы болып табылатын, KASE-нің әзірлеген барлық өнімдерді ұсынуға қол жеткізетін, заманауи технологияларға көшу.
Қазақстан қор биржасының жоспарлары мен мақсаттары, перспективалық бағыттары сұхбатымыздың негізгі тақырыбына айналды.
– Алина Өтемісқызы, 2018 жыл KASE үшін динамика тұрғысынан екпінді жыл болды: жазда Clearstream жүйесінде есеп айырысатын, бағалы қағаздар тізіміне мемлекеттік бағалы қағаздарды (МБҚ) енгізу жобасы іске қосылды. Жуырда Мәскеу биржасымен стратегиялық ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды, қытайлық бағыт белсенділендірілді. Мұның барлығы кезекті кезеңде биржаның перспективалық даму бағыттарын көрсетуге ұқсайды…
– Ширек ғасырда KASE үлкен жолды еңсеріп, өңірдегі ең заманауи және жоғары технологиялық биржа болып қалыптасты. Мұның бәріне қол жеткізу үшін биржа әр даму кезеңінде қаржы нарығының дамытушы локомотиві рөлін атқарды. Сондықтан, бүгінгі таңда да, бәсекелестік өршігенде де, басып озуға қадамдар жасауымыз керек. Егер біз осы қадамдарды дұрыс таңдамасақ, біздің орнымызды тартымдырақ ұсыныс жасаған басқалар дереу басады.
Осы жылы жергілікті қор нарығын дамытуға, сондай-ақ капиталдың жаһандық нарығымен тығыз интеграциялануға бағытталған, бірқатар жобаларды бастадық. Ең бастысы, бұл Clearstream және Мәскеу биржасымен (MOEX) ынтымақтастық.
Атап айтсақ, Қазақстанның МБҚ-мен жасалған мәмілелері бойынша Clearstream халықаралық депозитарийі арқылы есеп айырысулар халықаралық инвесторлардың қазақстандық қор нарығына қолжетімділігін едәуір жеңілдетеді. Қазақстанда шетелдік инвесторлар үшін, олар мойындайтын, түсінікті және үйреншікті халықаралық делдалдар арқылы жергілікті нарықтағы МБҚ сауда-саттығына рұқсаттама алу үшін барлық жағдайлар жасалған. Екінші кезеңде акциялардың, корпоративтік облигациялардың сауда-саттығына рұқсаттама алу үшін ұқсас жағдайлар жасау жоспарланған.
Қазақстан мен Ресей ЕАЭО-ға кіреді, бүгінгі күннің күн тәртібінде эмитенттерге, инвесторларға, сауда-саттыққа кәсіби қатысушыларға Одаққа қатысушы мемлекеттердің нарықтарына рұқсаттаманы жеңілдету мәселесі тұр. MOEX-пен ынтымақтастық және тікелей корреспонденттік қарым-қатынастар елдеріміздің есеп айырысу жүйелері арасында осындай мүмкіндіктерді туғызады. Болашақта MOEX биржасында сауда-саттық жүргізетін ресейлік брокер сол сауда-саттық жүйелері арқылы KASE сауда-саттықтарында да сауда жүргізуіне мүмкіндігі болады. Қазақстандық брокерлерге Мәскеу биржасында сауда-саттық жүргізуге ұқсас мүмкіндіктер беріледі.
Атап айтар болсақ, бұл бірыңғай қор нарығы емес, өзге нарықтарға рұқсаттама беретін, сауда-саттық жүйесі. Мысалы, скандинавиялық елдердің биржалары (Дания, Исландия, Финляндия, Швеция) және Балтық елдері (Эстония, Латвия және Литва) NASDAQ шешімі негізінде бірыңғайланған сауда-саттық жүйесін қолданады. Аталған нарықтардың интеграциясына бірыңғай реттеу де ықпал етеді.
Мәскеу биржасымен ынтымақтастық биржалық сервистерді әрі қарай дамытуға, соның ішінде инфрақұрылымның өзінде сауда-саттыққа қатысушылардың тәуекелдерін жоюға мүмкіндік береді. Атап айтсақ, сауда-саттыққа қатысушылардың несиелік тәуекелдері KASE орталық контрагент ретінде өзіне қабылдап алып, заң жүзінде мәміле бойынша соның бір тарабы болып, сол уақытта орталық контрагенттің өзінің тәуекелдері, қатысушылардың кепілдік жарналар мен кепілдік қорларды қарастыратын, тәуекел-менеджменттің күрделі, көп деңгейлі және тиімді жүйесі есебінен жабылады. Биржада жоспарланған орталық контрагентті енгізу, MOEX тәжірибесі көрсеткендей, қазақстандық нарықтың шетелдік инвесторлар үшін тартымдылығын арттырады.
Мәскеу биржасымен стратегиялық ынтымақтастық аясында негізгі мақсат KASE сауда-саттық ұйымдастыруында қолданылатын барлық сауда-саттық жүйелерінің модернизациясы болып табылады. MOEX сауда-саттық жүйесі алғы шептегілердің арасында болғандықтан, бірыңғай ІТ ядросына өту KASE өз нарығына қатысушыларға қаржы құралдарының жаңа түрлері мен есептесулердің жаңа амалдарын ұсынуға мүмкіндік береді.
– Басқа жобаларға да назар аударайық: ЖШС арналған жаңа сауда-саттық алаңдары, КОБ, тіпті стартап-жобаларға көбірек назар аудару. Классика тұрғысынан, биржа үшін бұл типтік сала емес қой. Үлкен тәуекелге бас ұрып, көптеген инвесторлар «дефолттар шеруін» еске ала отырып, осылай ойлайтын болар. Мұндай тәуекелдердің негізі қандай және оған сұраныс бар ма?
– Шынында да классикалық биржалық бизнес, тұрақтанған бизнес-модельдері, кірісті акциялары бар, салыстырмалы ірі компанияларға көбірек бағытталады. Бірақ әлем тоқтаусыз өзгеріп жатыр. Барлық салаларда интеграция үдерістері жүріп жатыр, ал жаңа технологиялар санаулы секундта ақпаратпен алмасуға қол жеткізді. Технологиялардың, әсіресе, ІТ дамуы классикалық биржалық бизнеске әсерлі ықпалын тигізді. Қаржы құралдарының сауда-саттықтары виртуалды әлемге ауысып кетті. Әлемде түрлі электронды сауда-саттық алаңдары, соның ішінде crowd-funding қызмет етіп жатыр. Ал классикалық қор алаңдары бейімделуге тырысып, бизнес субъектілерінің кең спектрін қамтып, қолжетімдірек болуға ұмтылады.
KASE осы үдеріске қосылады, қазақстандық компаниялардың кең спектрі үшін ашық нарықта қаржы тарту мүмкіндігі қолжетімді болуы үшін жұмыс істейміз. Биржа эмитенттер қызметінің, сауда-саттық алаңында айналыста жүрген қаржы құралдарының айқындылығын қамтамасыз ету үшін максималды жағдайлар жасайды, сондай-ақ ашылатын ақпараттың сапасын арттыру бойынша іс-шаралар кешенін жүзеге асырады. Бұл инвесторларға жан-жақты ойланған шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді.
2017 жылы биржа листинг құрылымын трансформациялады, ал ағымдағы жылы KASE Private Market және KASE Start-up сауда-саттық алаңдарын іске қосты. Түрлі алаңдардың бар болуы инвесторларға, олардың инвестициялық таңдауларына сәйкес келетін, қаржы құралдарын таңдау мүмкіндігін береді.
– Жаңа идеялар әлеуетті эмитенттерді ынталандырды, ал өңірдегі бизнесті қор нарығында қаржы тартудың артықшылығына көз жеткізе алдыңыздар ма?
– Қазақстанда экономиканы несиелендірудің көбінде банктік моделі тарихи қалыптасқан. Отандық қор нарығының танымалдылығы төмендігінің бірден-бір себебі, оның мінсіз инфрақұрылымы мен құралдарының кең спектріне қарамастан, кәсіпкерлер мен тұрғындардың қор нарығы мен оның мүмкіндіктері туралы аз хабардар болуы. Сондықтан KASE ақпараттандыруды арттыру бойынша белсенді жұмыс жүргізеді.
2015 жылы KASE Қазақстанның өңірлеріне көшпелі ақпараттық-білім беру циклын бастады. Бұл бастаманы Қазақстан қаржыгерлерінің ассоциациясы, «Атамекен» ҰКП, «Даму» КДҚ, қазақстандық брокерлер, консалтингтік және аудиторлық ұйымдар қолдады. Бірлесіп біз облыс орталықтарында «дөңгелек үстелдер», кездесулер және бизнес-ланч ұйымдастырдық. 2016 жылдан бастап биржа кәсіпкерлерге арналған қор нарығының негіздері мен инвесторлармен өзара әрекеттестік бойынша оқыту семинарларын өткізе бастады. Салыстырмалы түрдегі біздің аз ғана тәжірибеміз көрсеткендей, отандық қор нарығын компаниялар үшін қаржыландыру арнасы ретінде танымал ету бойынша өткізілетін іс-шаралар, орта мерзімдік және ұзақмерзімдік перспективада сауда-саттықтардың көлемінің өсуіне де, инвесторлық белсенділікті қарқындатуға да, сондай-ақ корпоратвитік басқару деңгейін арттыруға және дамудың ең үздік практикаларына қол жеткізуге мүмкіндік береді.
KASE-нің кейбір нарықтарында өсімді байқаймыз. Мысалы, акциялардың қайталама нарығында сауда-саттықтың көлемі ағымдағы жылдың 11 айында 529,6 млрд теңгені құрады, ал 2017 жылы бұл көрсеткіш 261,8 млрд теңге болса, 2016 жылы – 249,4 млрд теңге болған. Корпоративтік облигациялардың бастапқы нарығындағы, орналастырудың көлемін көрсететін, сауда-саттықтың көлемі 2018 жылдың 11 айында едәуір өсіп, 1 572,8 млрд теңгені құрады, ал 2017 жылы осы көрсеткіш – 864,5 млрд теңге болған.
KASE ұсынылатын қызметтердің спектрін кеңейтуге, инфрақұрылымның сенімділігін қамтамасыз етуге және қазақстандық қор нарығының танымалдылығын арттыруға жұмсаған күш-жігері қазақстандық қор нарығының халықаралық классификаторларда рейтингі өсуіне себеп болды.
2017 жылдың наурыз айында FTSE Russell қазақстандық нарықтың «Клиринг және есептесулер» критерийі бойынша жайғасымын жақсартып, «Шектелген» деңгейінен «Сәйкес» деңгейіне дейін көтерді. Сол жылдың қыркүйек айында қазақстандық қор нарығына «Frontier» мәртебесі берілді.
Үкіметіміздің, ҚР ҰБ үйлестірілген әрекеттерінің арқасында Қазақстан екі жыл қатарынан Doing Business рейтингінде «Миноритарлық инвесторларды қорғау» индикаторы бойынша бірінші орынға ие болғандығын қосымша айта кеткім келеді.
– Қазіргі инвесторлар мен эмитенттер кімдер?
– Қазақстандық қор нарығының қазіргі инвесторлық базасы жергілікті жеке және институционалдық инвесторлармен, қазақстандық компаниялармен және шетелдік инвесторлармен көрініс алады. Start-Up бастап Blue chips дейін биржалық сауда-саттық алаңдарының тізбегін іске қосқаннан соң және енгізу бойынша KASE белсенді жұмыс жасап жатқан, жаңа қаржы құралдары пайда болғаннан соң, ашық нарықта қаржы тартатын қазақстандық компаниялардың әрі қарай көбеюін және өсуін күтудеміз.
Инвесторлық базаның өсуінің оң тенденциясы және бастапқы, сондай-ақ қайталама нарықтағы ойыншылардың белсенділігі байқалады. Мысалы, биылғы 11 айда акциялардың қайталама нарығындағы сауда-саттықтың көлеміндегі 54,2% жеке тұлғалардың үлесінде; 16,7 % – заңды тұлғалардың үлесі; 21,4% – брокерлік ұйымдар және 7,6% – институционалдық инвесторлар. Шетелдік инвесторлардың акциялар нарығының брутто-айналымындағы үлесі 9,8%, 2017 жылы – 5,2% және облигациялар нарығында 1,4%, ал 2017 жылы 2,3% болған.
Сондай-ақ инвесторлық базаның сапалы өзгерістері орын алып, оның диверсификациясы жүріп жатыр. Осылайша, облигациялар нарығындағы инвесторлардың негізгі санаттарының үлестерін қарасақ, 2016 жылы 89,5% БЖЗҚ алатын, басқа институционалдық инвесторлардың үлесі 2,8%, 2017 жылы олардың үлесі 4%-ға өсіп, ал ағымдағы жылы 53,8%-ға жетті. БЖЗҚ үлесі ағымдағы жылы 11,9%-ға дейін төмендеді. Бұл ретте биржадағы орналастырулардың көлемі биыл 639,1 млрд теңгені құрады, ал 2016 жылы 424,4 млрд теңге, 2017 жылы 269,5 млрд. теңгені құраған (2017 және 2018 жылдардағы банктік секторды қаржылай қолдау бағдарламасы мен нарықтық емес орналастыруларды қоспағанда).
Соңғы үш жылда 49 жаңа эмитент тартылды, олардың қаржы құралдары биржаның ресми тізіміне енгізілді. KASE ресми тізімі 162 жаңа қаржы құралдарымен толықтырылды. 2018 жылдың басынан бастап листингілік компаниялардың қатарына 15 жаңа қазақстандық компания 17 қаржы құралымен қосылды.
KASE өзін ЕАЭО кеңістігінде де, жаһандық нарықта да өзін белсенді көрсете білді. 2015 жылдан бастап биржа, әлемнің 79 биржалық ұйымының басын біріктіретін, БҰҰ «Sustainable Stock Exchanges» халықаралық бастамасына қосылды. Биржа әлемдегі биржалық ұйымдарының ең ірі жаһандық ассоциациясы болып табылатын Дүниежүзілік биржалар федерациясының (WFE) құрамына кіреді. KASE екі өңірлік биржалық ассоциацияның құрамына кіреді, соның бірі: Таяу Шығыс пен Шығыс Еуропа елдерінің және екіншісі – ТМД елдерінің биржалық ұйымдарын біріктіреді.
– Бүгінгі таңда KASE өзін әмбебап биржа ретінде көрсетеді. Оның құрылымын қалыптастыру қалай болды, барлық қаржы құралдары дамыды ма, және валюталық құралдардың басымдылығы сақталады ма?
– Халықаралық нарықтарда акциялардың, индекстердің және фьючерстердің сауда-саттық алаңы ең басымды модель болып табылады. Еуропа елдерінде және АҚШ-та шетел валюталарының нарығы әдетте биржадан тыс сауда-саттық алаңдарында қалыптасады. Біздің бизнес-моделіміз – әмбебаптық принципіне негізделген. Ол нарықтар жинағында, өнімдер тізбегінде, қызметтер түрінде (сауда-саттықтық, сауда-саттықтан кейінгі) көрінісін табады. Биржада инвестор өзінің ақша қаражаттарын тиімді басқара алады, себебі нарық активтердің түрлі кластары ұсынылған.
Биржада барлығы 4 сектор қызмет етеді: бағалы қағаздар, шетел валюталары, ақша және деривативтер. Инвестор бағалы қағаздарды сатып ала алады және сата алады, репо нарығында ақшаның қажетті сомасын тартып, шетел валюталарында номинацияланған қаржы құралдарын сатып ала алады.
Біздің биржамыздағы ең алғашқы қаржы құралы валюта болғанын еске сала кетейін. 25 жыл бойы биржада бірінен кейін бірі жаңа қаржы құралдары пайда бола бастады, және біз эмитенттер мен инвесторлар үшін мейлінше ыңғайлы жағдайды қамтамасыз етуге атсалыстық. Уақыт талабымен және нарыққа қатысушылардың есеюімен қатар, басты драйверлер қаржы құралдарының жаңа кластарының пайда болуы болды.
Бұл үрдіс жалғасын табуда. Осылайша, 2016 жылы KASE жеңілдетілген сызба бойынша коммерциялық облигациялар шығару арқылы тұрақты эмитенттермен шұғыл түрде қысқа мерзімді қаржы тартуына жағдай жасады. Коммерциялық облигациялар тарихының бұл ең бастауы, алайда жүзеге асырылған орналастырулар 10 шығарылымға жетті: «ПАВЛОДАРЭНЕРГО» АҚ, «СевКазЭнерго» АҚ, «Исткомтранс» ЖШС, «Азық-түліктік келісімшарт корпорациясы ұлттық компаниясы» АҚ, «МРЭК» АҚ, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ, «Банк ЦентрКредит» АҚ, «Цеснабанк» АҚ, «ҚазАгроҚаржы» АҚ және «Альфа-Банк» Еншілес Банкі АҚ. Барлығы листинг процедурасынан 15 коммерциялық облигация өтті.
Қазақстандықтардың көпшілігі биржада тек валюта саудаланады деген ойда. Мүмкін бұл тұрғындардың назарындағы валюта туралы жаңалықтармен байланысты болар. Шын мәнінде, мәмілелердің ең үлкен көлемі репо операциялары нарығының үлесінде, ол екінші деңгейдегі банктер үшін ең танымал. Осылайша, осы жылдың 11 айында ақша нарығының жалпы көлемдегі үлесі 101,5 трлн теңгеге немесе 85,8% жетті, ал шетелдік валюталар нарығының үлесі бар-жоғы 10,5 %.
KASE нарығының әрбір сегменті дамып келе жатыр. Алайда барлығын бірдей жетілдіру мүмкін емес, оған объективті себептер бар. KASE нарығының ең аз талап етілген сегменті деривативтер нарығы болып табылады. Әлемдік практикада бұл ең өтімді құралдар болса, біз Қазақстанда бұл олай емес деп мәлімдеуге мәжбүрміз.
– KASE үшін заманауи талап деп нені айта аласыз, жаңа қаржылық дағдарыстың жаршысы деп аталған, жуырда орын алған рекордтық күрт құлдырау туралы әлемдік биржалардан келіп жатқан хабарлар сізді алаңдатпай ма?
– Қазақстандық KASE акцияларының индексі жағымды динамиканы көрсетуде: дүниежүзі қор индекстерінің тез өсіп келе жатқан индекстерінің үштігіне екі рет кіріп отыр. 2016 жылы +58% болса, 2017 жылы +59% болды. Жылдың басынан бастап KASE акциялары индексінің өсімі 4%-ды құрады.
Ағымдағы 2018 жылдың алдыңғы жылдармен салыстырғанда айырмашылығы бар: индекстердің өсімі көзге түсетіндей емес. Инвесторлар тәуекелі жоқ активтерді таңдайды, мысалы, АҚШ мемлекеттік облигациялары. Олар бойынша кіріс 2014 жылдан бері максимумдарда: АҚШ-тың 10-жылдық мемлекеттік облигациялары бойынша – 3% аса. Кірістің өсуі АҚШ-тың Федералды резервтік жүйесінің монетарлық саясатының күшеюі тұсында орын алды. Компаниялардың акциялары екі жылдан кейін қымбат тұратынын, ал тәуекелсіз құралдар бойынша мөлшерлемелердің өсуін ескерсек, инвесторлардың басым бөлігі тәуекелсіз активтерді таңдап кетуді жөн көреді. Біздің ойымызша, ФРЖ экономиканың құлдырауы жағдайында монетарлық саясатты бәсеңсітеді, бұл қор индекстеріне оның ықпалы шектеледі.
Әлемдік нарықтар үшін бүгінгі таңдағы ең зор тәуекел дүниежүзінің ең ірі экономикалары болып табылатын АҚШ пен Қытайдың арасындағы сауда сайысынан төнеді. Бірақ, менің ойымша, бұл шиеленістің эскалациясы, қор алаңдарының құлауына әкеп соқтыратындай, 2008 жылдың қаржылық дағдарысына ұқсас, дағдарыстық деңгейге жеткізбейді.
– Өз мерейтойын биржа қандай көрсеткіштермен қарсы алып жатыр?
– Біз үшін ең маңызды көрсеткіштер капитализация, сауда-саттықтың көлемдері, биржа мүшелерінің саны және инвесторлардың белсенді шоттары болып табылады. Аталған көрсеткіштердің барлығы едәуір жақсарғанын қуана растаймыз. 2017 жылы биржа тарихындағы сауда-саттықтың жиынтық көлемінің рекордтық көрсеткіші тіркелді – 151,5 трлн теңге, акциялар нарығының капиталдандыру да тарихи максималды мәніне жетті.
Мерейтойлық жылдың қорытындыларын жуырда шығарамыз, ал әзірше 2018 жылы KASE индексінің онжылдық максимумға жеткенін атап өтсек болады. Бұл өте маңызды, себебі KASE индексі – қор нарығында қызықты әрі өтімді құралдар бар екендігін дәлелдейтін, еліміздің бейнесі десе болады.
Бір жылда листингілік компаниялардың саны да өсті. Қараша айының соңында биржаның сауда-саттық тізімдерінде 111 эмитент шығарған, 128 атаудағы акциялар, сондай-ақ 61 эмитенттің корпоративтік облигацияларының 244 шығарылымы болды. KASE мүшелерінің тізімінде үш санат бойынша 52 кәсіби қатысушы бар.
Инвесторлардың саны да ұлғайып келе жатыр. Үстіміздегі жылдың 1 желтоқсанындағы жағдай бойынша Орталық депозитарийде жеке тұлғалардың атынан ашылған 116 264 жеке есеп-шоттар тіркелген, бұл жылдың басындағыдан 7 019 шотқа артық. KASE – коммерциялық ұйым, сондықтан қаржылық көрсеткіштерді де атап өткен жөн болар. Сауда-саттық көлемдерінің өсуімен қатар біздің кірістеріміз де өсуде. Өткен жылы біз тарихи максимумға жеттік: 2017 жылдың нәтижесі бойынша биржаның операциялық кірісі 2,5 млрд теңге, ал таза пайдасы 792,8 млн теңгені құрады. Салыстыратын болсақ: 2005 жылы осы көрсеткіштер тиісінше 515,5 млн теңге және 232,7 млн теңге болған.
– Сіздің пікіріңіз бойынша 25 жылда еліміздің экономикасының дамуында KASE қандай рөл атқарды?
– Қазіргі экономиканы қор нарығысыз және оның өзекті құрылымы – биржасыз көзге елестету қиын. Осы тұрғыдан KASE қаржы жүйесінде өз орнын иеленді. Сынақтар мен дағдарыстарды еңсере отырып, биржа еліміздің экономикасының ажырамас бөлігі болып қалыптасып, бизнесті қорға айналдырудың, оның капиталға айналуын арттырудың, бизнес-мақсаттарды шешудің альтернативті мүмкіндіктерін көрсетті.
Биржаның Қазақстандағы атқаратын рөлі өте жоғары, себебі біз бірнеше нарықтарға қызмет көрсетеміз. Біз тек қор биржасы ғана емеспіз – KASE барлық контрагенттердің кездесуіне ең ыңғайлы орнына айналды. Бізде валюта да, кең ауқымды ақша нарығы да, акциялар да, облигациялар да саудаланып, барлық нарықтар бір-бірімен байланыстырылған. Бұл кездесу орнының айқын инфрақұрылымын құрдық.
KASE өз акционерлерінің, қаржы ұйымдарының биржасы ғана емес болып шықты. Ол барлық адамдарға арналған биржа болып келе жатыр. Біз барлық эмитенттер үшін де, барлық кластағы инвесторлар үшін де сауда-саттық алаңдарына рұқсаттаманы максималды кеңейтіп, жеңілдетеміз. Алайда, хеджерлеу нарығында ауқымды жұмыстар атқару қажет. Ол нарық бізде бар, бірақ басқаларына қарағанда әлі көп танымал емес. Біз бұл нарықты барлық қатысушылар үшін пайдалы етуіміз керек.
Шетелдік инвесторлар Қазақстанды инвестициялар үшін тартымды мемлекет ретінде қарастыратынын KASE әбден түсінеді, алайда осындай инвестициялармен байланысты барлық тәуекелдерге де байыпты қараймыз. Осыған байланысты KASE Қазақстанда шетелдік және жергілікті инвесторларға ұсынуға болатындай жобаларды ұсынуға мүдделі. Биржаның бағалауы бойынша ірі және айқын жобалар болған жағдайда, Қазақстанға капиталдың ағылуы елеулі болуы мүмкін. Өз тарапынан Биржа әлеуетті эмитенттермен және инвесторлармен диалог ұйымдастыру, жетілген шетелдік инвесторлардың талаптарына сай келетін, ең үздік әлемдік тәжірибелер бойынша ақпараттар ашуға көмек көрсету бойынша өз қызметін ұсынуға әзір. Сондай-ақ Биржа, Бағалы қағаздар жөніндегі халықаралық ұйымының нұсқауы бойынша, өзінің сауда-саттық алаңдарында жасалған мәмілелер бойынша есеп айырысуларды ұсынады. Осы үшін Clearstream және Мәскеу биржасымен келісімдер жасалды.
Біз, нарықтың талаптарын алдын алу және бәсекеге қабілеттілігіміздің деңгейін төмендетпей әрі қарай қор нарығын дамытамыз, бизнеспен және тұрғындармен жұмысымызды жалғастырамыз, басып озу бойынша қызмет етеміз. Сондықтан өз бизнесіміздің көкжиегін әрі қарай кеңейтіп, қаржы құралдарының тізбегін өсіріп, инфрақұрылымды дамытамыз.
Әңгімелескен Ғабит ІСКЕНДЕРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»