Қазақстан • 24 Желтоқсан, 2018

Кәсіпқой бокстан өткен жарыста төрт жерлесіміз де жеңді

260 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Мәскеуде кәсіпқой бокс кеші өтті. Осы жарыста Қазақстанның төрт былғары қолғап шебері күш сынасып, барлығы да өз жекпе-жектерін жеңіспен аяқтады.

Кәсіпқой бокстан өткен жарыста төрт жерлесіміз де жеңді

Екінші орта салмақтағы Айдос Ербосынұлы бельгиялық Илиас Ачергумен айқасты. Төртінші раундта қандасымыз нокдаун алғанымен, үзілістен кейін қарсыласы жекпе-жекті жалғастырудан бас тартты. Соның нәтижесінде Айдос жеңіске жетіп, WBO Global нұсқасының алтын белбеуін иеленді. Бұл – Ербосынұлының кәсіпқой рингтегі оныншы жеңісі!

Бірінші жартылай орта салмақтағы Нұрсұлтан Жанабаевтың да бұл сапардан қанжығасы майланып қайтты. Филиппин боксшысы Арнел Тинампайды ұпай санымен ұтқан қазақ жігіті WBC Asia нұсқасы бойынша чемпиондық тәжді иеленді.

Сонымен қатар, қос жерлесіміз рейтингтік бәсекелер өткізді. Жартылай жеңіл салмақтағы Константин Брусенский өзінің тұсаукесер кездесуі бел ортаға жетпей жатып, Дагир Качакаевты есінен тандырса, бірінші ауыр салмақтағы Әли Балоев нигериялық Афинни Абиодунды сегізінші раундта сұлатып салды.

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Егемен Қазақстан»