Спорт • 10 Желтоқсан, 2018

От кешкен оғлан

621 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Өткен 3 желтоқсан күні әлемдегі ең үздік аяқдопшыларға берілетін «Алтын доптың» иесі анықталды. Ол бар-жоғы төрт миллион тұрғыны бар Хорватия оғланы, испаниялық «Реал» командасының жартылай қорғаушысы Лука Модрич.

От кешкен оғлан

«Болашақта атақты болу үшін бақытсыз балалық қажет» деп қаламгер Э.Хемингуэй айтқандай, Лука аузынан емшек сүті кеппей жатып, соғыстың сойқанын көріп, от кешіп үлгерді. Ол алты жасқа аяқ басқан 1991 жылы арқасүйер Снер атасынан айырылды. Бір-екі бас малын қайырып жүрген қарияны сербиялық жасақтар атып кетіп, бұл нәубеттен тірі қалғандар қара бастарын сауғалап, портты шаһар Задарға табан тіреді. Сол бір күңіреністі күндер жайлы Лука Модрич, «ыстық табаға қарылып, қызыл шоққа үйтілгендей» күйде болдық деп еске алыпты. Өйткені, теңіз жақтан зіркірей атылған зеңбірек оқтары мен тас төбеден жаңбырдай жауған бомбалардан аман қалу үшін хорватиялықтар сәт сайын ажалмен арпаласып жаты.

Қызық. Қалың ел қираған құрлыстың жыртық-тесігіне тығылып, қу жанын қоярға жер таппай жүрсе, құлағы қалқиған күзгі қайыңның жапырағындай сары бала оқ пен оттың астында асыр салып доп теуіп жүр. Ажал оның есінен шығып кеткен, әлде жанкешті доп құмарлығы үшін айналып өтіп жатыр... Лука осылай ер жетті.

2008 жылы ағылшындық «Тоттенхэм Хотспур» футбол командасымен шарттасқан сәтінде Лука алғаш рет көпшілікке тіл қатып, «соғыс мені ерте есейтті, аштықтан бұралып жүрсем де допты бір сәт тастамадым. Жіліншігімді қорғайтын қатты кардон қағазға Бразилия футболшысы Роналданың суретін салып алушы едім... Сол бір ауыр күндерді екінші қайта еске алуды қаламаймын» дегені ел есінде.

Модричтің аяқдопшы ретіндегі алғашқы қадамын ашып берген бапкері Балжо айтады: бір күні танысым хабарласты. Ол автокешенді бекеттің қызметкері-тін. Оның айтуынша жапырақтай сары бала келіп, алаңқайда күні-түні доп тебеді. Шеберлігі керемет. Келіп көрші, деді. Бардым. Көрдім. Таңқалдым. Қолма-қол ата-анасына хабарласып. Жетім бұрыш жағалап жүрген оларға стадионның іргесінен тұруға жарайтын баспана тауып бердім. Соғыс жүріп жатыр. Бір топ баланы жаттықтырам. Ойда-жоқта аспаннан күрс етіп бомба құлайды. Балалар көзді ашып-жұмғанша аса жылдамдықпен алаңды тастап шығуы қажет. Бірінші болып шыққан балаға «Сол күннің батыры» атағы берілетін. «Батыр» атағын ең көп алған кішкентай Лука.

Батыс басылымдары «Лука Модричтің бағын ашқан – Томислав Басик» деп жазып жатыр. Оқиға былай болыпты: Лука қанша шебер болса да, ешкім қатарға қоса қоймаған. Себебі, тым нәззік, әрі бойы аласа. Тек бір адам ғана үміт үзбеген. Ол – Басик бапкер. Ақыры шәкіртін атақшы футболшы етіп шығарған. Сондықтан болар бұл адамды Лука «екінші әкем» деп атайды. 2014 жылы ақпан айында Т.Басик дүниеден өткенде шәкіртінің етегі жасқа толды. Үш айдан кейін Лука Модрич Чемпиондар Лигасының қалқан құлақ кубогын құшақтап тұрып, «Басик ұстазым менде бәрі бар, тек сен жоқсың» деп айғай салды. Өз ойым айтады: Лука өткен жаздағы футболдан әлем біріншілігінде командасын өгіз күшімен өрге сүйреп, күміс медалдың шетін тістетіп, өзі чемпионаттың «Үздік ойыншысы» атағын алған сәтінде де ешкімге естіртпей тағы да осылай айғай салған шығар.

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»