Руханият • 27 Желтоқсан, 2018

Кеңес Аухадиев - Тәуелсіздік үшін күрескен асыл азамат

2441 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Желтоқсан көтерілісі қалғулы дүниені дүр сілкіндірді, КСРО-ның саяси негізін шайқады. Кеңес Мұстаханұлы Аухадиев Желтоқсан көтерілісінің қарсаңында және одан кейін болған тәуелсіздік үшін күресте әділет жолынан таймады. Жау жарағынан түскен жара жанына батса да, сыр бермеді. Отарлаушы күштің ығымен жүрмеді, оның дегеніне көнбеді, оған тәуелді болмады. Сол үшін қиянат көрді, мехнат шекті. Саяси аласапыран аясындағы мұндай сұрапылдың қара бұлты Г.Колбин қызметтен алынып, Республика басшылығына Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев келген соң ғана сейілді. Кеңес Мұстаханұлы жанына да, арына да дақ түсірмеген қалпы тәуелсіздікке жетті. Тәуелсіздік дәуірінің алғашқы күнінен бастап елдің ынтымағы мен бірлігін нығайтуға қызмет етті, бүгін де сол қызметін абыроймен жалғастырып келеді.

Кеңес Аухадиев - Тәуелсіздік үшін күрескен асыл азамат

Кеңес Мұстаханұлы 1938 жылы 27 желтоқсанда дүниеге келді. Әкесі Мұстахан 1939 жылы әскер қатарына алынып, фин соғысына қатысады. Отан алдындағы әскери борышын өтеп, елге қайтамын деп жүргенде, Ұлы Отан соғысы басталады да Брест маңында жауға қарсы шығады. 

Кеңес Мұстаханұлы жастайынан ана тәрбиесін алды, жалтақтамады, қандай жағдайда да шыдамды, қандай қиын жағдайда да төзімді серік етті, жақсы адамдардың адамгершілік қасиеттерінің нұрына, мейіріміне қанып өсті, өз басындағы қиындықты өз­геден көрмейтін күрескер болып ержетті, оқуда озат, еңбекте ал­да болды. Еңбек жолын колхоз мү­шесі, шаруашылықтың трактор бри­­гадасының бригадирі болып бас­тады. Колхоз комсомол ұйы­мының хатшысы, аудандық комсо­мол комитетінің бірінші хатшысы, Қазақстан комсомолы Орталық коми­тетінің Қарағанды облысы бойынша жауапты ұйымдастырушысы, Алматы облыстық комсомол комитетінің бі­рінші хатшысы, Қазақстан комсомолы Орталық комитетінің идео­ло­гиялық жұмыстар жөніндегі хатшысы, Алматы қаласы Совет аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы лауазымдарында мемлекеттік бас­қару мектептерінен өтіп, бай өмір­лік тәжірибе жинақтады. Қа­зақ КСР халық депутаттарының Ал­маты қалалық атқару комитетінің тө­рағасы, Алматы облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бюро мүшесі, КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты бола жүріп Республика басшылығының ең жоғары қатарында қызмет ат­қар­ды. Кеңес Мұстаханұлы осы лауа­зымдардың қандайында да ерен еңбек етті, Алматы қаласының, Алматы об­лысының, еліміздің мәдени-әлеу­меттік, экономикалық дамуына үлес қосты.

Қазақстанның мемлекеттік бас­қару тарихында, Алматы облысын­да, Алматы қаласында Кеңес Мұстахан­ұлының кісілікті ізі, ізгілікті ісі қал­ды. Алматы қаласының әкімдігі қоныс­танған алып ғимарат, Президент резиденциясы, Қазақ теледидарының жа­ңа жайы, Көкбазар кешені, «Әсем» тұр­мыстық қызмет көрсету үйі, «Даңқ» мемориалы, КазГУград – Қа­зақ мемлекеттік университетінің қала­шығы, Алматы мақта-мата комбинаты, оның Мәдениет сарайы, 25 қабатты «Қазақстан» қонақүйі, «Отырар» қонақүйі, шығыс үлгісінде салынған «Арасан» моншасы, М.О.Әуезов атын­дағы Қазақ академиялық драма театрының, М.Ю.Лермонтов атын­дағы орыс драма театрының ғимараттары, Оқушылар сарайы, т.б. осылардың бәрі Кеңес Мұстаханұлы Алматы қаласын, Алматы облысын бас­қарып тұрған кезде салынған сәу­лет ескерткіштері еді. 

Кеңес Мұстаханұлы Қазақстан ком­сомолы Орталық комитетінде қыз­мет атқарып жүрген кезінде шығар­машылық жастармен тығыз қарым-қатынас орнатты. Өмірінің жаздай жайнаған жайсаң кезеңінде дүрілдеп көте­рілген жас ақын-жазушыларды, өнерпаздарды шығармашылық жаңа табыстарға құлшындыру мақсатында Қазақ­стан комсомолы сыйлығын бел­гілеуге атсалысты. Сыйлықтың ал­ғашқы лауреаты болып, бейнелі түр­де, Саттар Ерубаев аталды, одан кейін Олжас Сүлейменов лауреат болды. Қазақстан комсомолы сый­лығының алғашқы лауреаттары ішін­де Тұманбай Молдағалиев, Қадыр Мыр­залиев, Ескендір Хасанғалиев, Нұрғали Нүсіпжанов және басқа та­­ланттар бар еді. Аудан, қала, облыс басқарған жылдары Камал Ор­мантаев, Төрегелді Шарманов, Кө­­бей Нәрібаев, Кенжеғали Сағадиев, Ке­ңес Үшбаев сынды ғылым мен білім қайраткерлерімен, Әбдіжәміл Нұр­пейісов, Сәбит Оразбаев, Асанәлі Әші­мов, Нұрлан Оразалин, Бексұлтан Нұржеке сынды әдебиет пен өнер адамдарымен пікірлес, ниеттес болды. Олар­дың шығармашылығын, өнерін күні бүгінге дейін жоғары бағалайды. 

Кеңес Мұстаханұлының көрнек­ті мем­лекет қайраткері болып қалып­тасуында жеке басының қабілеті, таланты мен еңбегі, кісілігі аса маңызды бол­ды. Қабілеті, таланты, кісілік не­гі­зі толық кісіні ақылы мен еңбегі екі жақтап алып шығатыны анық. Солай десек те, ол өз тәжірибесіне сүйеніп, талантқа да, қабілет пен іскерлікке де аялы алақан керек деп есептейді. Өзіне осындай қамқорлық жасаған, ұстаздық еткен, кісіліктің мәртебелі мектебінен өткізген айрықша адам ретінде Дінмұхамед Ахметұлы Қо­наевқа шын жүректен құрметін біл­діреді. Бәйкен Әшімов, Асанбай Асқаров, Өзбекәлі Жәнібеков секілді ағалардай ақылшы, анадай ақпейіл, кіршіксіз таза көңілдің адамдарымен бірге болған кездерін өмір жолының шуақты сәттеріне балайды. 

«Өмір жолы – тар соқпақ...» – дей­ді Кеңес Мұстаханұлы. Өмір жолын сараптан өткізіп, саралап келгенде, Абайдың көкірегін жарып шыққан осы бір ауыз сөзі өзінің де, өмірінің де шындығына барынша сәйкес ке­ле­тініне, адамның да, өмірдің де шын­дығы Абайдың осы бір ауыз сөзі­нің қауызына сыйып тұрғанына көз жеткізеді. «Дүние – бір қисық жол бұраңдаған», – деген халықтың даналығына да тәнті болады.

Кеңес Мұстаханұлының: «Өмір жолы – тар соқпақ...», – деуі естіген адамды ә дегенде-ақ ойға қалдырады. Басқа біреу дәл осылай айтса, оны дәл осылай қабылдау мүмкін болмас еді. К.Аухадиевтің айтуында бұл сөз кісіні ойландырады, ойға қалдырады, толғандырады. Өйткені Кеңес Мұста­ханұлының өмір жолы білетін кісіні ой­ландыратын, ойға қалдыратын жол. Өмір жолының өрінен де, тар соқ­пақтарынан да құлап кетпей, ақырын жүріп, анық басып өткен, айы оңынан туғандай, күні соңынан шыққандай шақтарында асып-тасымаған, туған айы батқандай, шыққан күні өткендей сәттерінде қажып-жасымаған адамның өмір жолының ойландыруы да, ойға қалдыруы да заңды. Ондай адамның өмір жолында ұрпақтан-ұрпаққа ғибрат болар шындық сабақтары жатады.

Кеңес Мұстаханұлы тәрбиенің де, білімнің де ең ғажабы шындықты бі­лу, шындық жолындағы күресті мең­геру екені жайында толғанады. Бұл өмірде шындықты білудің, шын­дықты өзгеге білдірудің, шындық­ты танудың, шындықты өзгеге та­ны­тудың, шындықты қорғаудың, шын­дық жолында күресудің рахатынан азабын көбірек көрген, сонда да бү­гіл­меген, иілмеген азаматтың жү­регінен шығатын сыр. Шындық әр­қа­шан кісінің маңдай алдында жар­қырап тұрмайды. Адамзат шын­дықты жүректің көзімен ғана көреді. Жүректің көзі біреуде ашық, біреуде жабық, біреуде бар, біреуде жоқ.

Шындықты, әділеттілікті көріп қана қоймай, оның мәні мен мәнісін өзгеге айтып, түсіндіруге, өзгелерді шын­дықтың шындық екеніне, әді­леттіліктің әділеттілік екеніне сен­діруге, иландыруға тура келетін қи­лы кезеңдер болады. Ондай кездерде кеудесінде сенімі, сәулесі жоқ жан­ға шындықтың шындық екенін, әділет­тіліктің әділеттілік екенін қанша айт­қанмен, ол сөздің дыбысын естиді де, мағынасын ұқпайды. 

Бір кеуде бар – сенім ұялаған, сәу­ле дарыған. Ол – қазыналы алтын сандық. Бір кеуде бар – сенім де, сәу­ле де жоқ. Ол – тастай қараңғы түнек. Елдің басы боданда, ердің басы ноқ­тада болған заманның бұлғағында отаршыл орданың сомсынған, зор­сынған болмысы осындай еді – жү­ре­гінде көзі, кеудесінде сәулесі жоқ, түнектей түнерген бір сұрапыл еді.

Адамның жүрегіндегі көзі, кеу­десіндегі сәуленің көзі шындық, әді­л­ет жолында ғана ашылады. Өмір жолының тар соқпақ болу себебін білемін деушілер жарық дүниеде жүрегінің көзі ашық, кеудесі сәулелі жандар мен жүрегінің көзі жабық, кеудесі қараңғы жандардың қатар жүріп келе жататынымен, жай жүріп келе жатпай, үздіксіз күресіп келе жататынымен байланыстырады. Егер де дүниеде жалғандық, әділетсіздік де­ген болмаса, елдің бәрінің жүрек көзі ашық, кеудесі сәулелі болса, ел­дің бәрі шынның жүзімен жүрсе, әді­леттің жолында болса, онда ешкім шынның, әділеттің қасиетін, қадірін жете біле алмас еді деуші ғұламалар да бар. Негізсіз емес. Өйткені адам өмірінің мәні жалғаннан – шынды, әділетсіздіктен әділеттілікті өз ақыл таразысына салып, өзі танып, өзі қор­ғауында. Өмірдің адам баласы үшін сынға айналуының сыры осындай болатын көрінеді.

Кеңес Мұстаханұлы өзінің сөзі­мен де, ісімен де адамның өмір жо­лы­ның осындай сынды, сындарлы шындықтарын басынан өткеріп, иы­ғымен көтеріп, жүрек көзімен көріп білгенін аңғартады. Адамның өмір жолының, әсіресе мемлекет қайраткерінің өмір жолының саясат пен азаматтық күрес жолы екенін шынайы, шыншыл пайыммен саралайды.

Кеңес дәуірінде биік қызметте болған азаматтардың өтпелі кезеңнің шындығын шынайы, ақиқаттан аттамай, жалғанға бармай көрсетуінің тарихи, танымдық, тәрбиелік маңызы зор. Кеңес Мұстаханұлы өз басынан өткізген, өзі көзімен көрген, есін­­де сақтаған, жүрегінде хаттаған шын­дықты сараптан өткізеді, ел ты­ныштығын бәрінен биік қояды, ұсақ-түйек «нәрсенің бәрін көнбіс мінезімен көміп» тастайды, рәсімнен аспайды. Отарлаушы күштің үстем­дігінен ел үшін, елдің бірлігі үшін өз басы қиянат көрсе де, дұшпанға сыр білдіріп, үн шығармайтын бір адам, ең болмағанда бір адам болуы керек қой деп толғанады. Өзі сол адам болуға бел буады. Сол буған белін, сол алған шешімін бұзбайды. Мұндай ерен шешімді екінің бірі емес, ірінің ірісі ғана қабылдай алады. Анығына келгенде, бұл ірінің ірісі қабылдайтын ерекше шешім ғана емес, бұл – Ке­ңес Мұстаханұлының өмірлік ұстанымы, адамгершілік келбетінің таза, ардақты, нұрлы ажары. Елдің ынтымағы мен бірлігі, тыныштығы үшін қиянатқа қарсы әділетті қорған еткен, жанына батқан жаланың жарасы қанша қинаса да, сырын сыртқа білдірмеген, үнін шығармаған адамды ілгерідегі жыраулардың дәстүрімен хас батыр деуге болар еді, біздің заманымызда мұндай кісіні хас батыр деу жеткіліксіз. Мұндай адамды адам­ның абзалы деген дұрыс. Себебі ол өтпелі өмірдің өтпелі ке­зеңінің тар жол, тайғақ кешуінде ердің еренінен, адамның абзалынан ғана табылатын кемел қасиеттерімен танылды.

Кеңес Мұстаханұлы өзімен ара­ласқан адамдардың іс-әрекетін адал бағалайды. Дерексіз, негізсіз сөй­ле­мейді. Сөз қумайды. Ой жорымай­ды. Әр нәрсенің анық-қанығына жете­ді және бәрін де анық, азаматтық ай­қын көз­қарас тұрғысынан сарап­тайды. Соның бәрінде тәуелсіз Қа­зақ­станның ұлттық рухани асыл құн­дылықтарын, биік адамгершілік қағи­даларын негізге алады.

Кеңес Мұстаханұлы өмір жолын­да өзіне жақсылық жасаған асыл аза­маттарға, олардың рухына өзіне тән сабырмен, кеңдікпен шын көңілден құрмет көрсетеді, өзіне дұшпандық жасаған жандардың жайын айтқанда, әділеттен таймайды, әсірелеуге бармайды. Өз басынан өткен оқиғалардан, өзге­лермен қарым-қатынас бары­сында көзі жеткен жайлардан аза­мат­тық ұстанымының беріктігін біл­діретін мағыналы пікір түйеді, адам­гершілік болмысының байлығын көр­сететін маңызды қорытынды жа­сай­ды. Олардың бүгінгі жастар үшін де тәрбиелік мәні, танымдық, тағы­лымдық маңызы үлкен.

Көкірегінде сәуле, көңілінде сенім жоқ, бірақ жаттың жарлығымен жар салып, қолына қару ұстаған адам біреуді ұрмай, біреуді соқпай, зұ­лымдық жасамай тұрмайды. Ондай­лардың зұлымдығынан талайлар зар­дап шеккен, ақиқат аяқасты, ер етек­басты болған. Сондайлардың би­лі­гінен небір әздер қақ бөлінген. Сон­дайлардың қиянатынан небір ғазиз жүрек махаббат пен ғадауат қан ша­шып шайқасқан майдан даласына ай­налған. Кеңес Мұстаханұлының: «Өмір жолы – тар соқпақ...» – деп Абай­ды жүрегінің түбіне терең бойлап қайталауында осы шындықтың шырылы бар.

Көкірек көзі ашылмаған, білімсіз, біліксіз жандардың зұлымдыққа баруына, баруға дайын тұруына таң­ғалуға болмайды. Өйткені олар өзі­нің бастапқы қалпына тартпай қой­майды. Соған қарамастан, Кеңес Мұс­таханұлы олардан да адамшылық негіз­дерін іздейді, іздегенін таба ал­маған соң, әлгілерден көңілі қал­ғандай күйге түседі, жабырқайды. Өз өмірінің сабақтарын саралай отырып, өзінен кейінгілердің жағдайын ой­лайды, өмір, дүние деген қанша кең болса, адамның өмір жолы сонша тар екенін ескертеді, өзіне сабақ болған өмір тәжірибесінен өзгелердің де ғибрат алуы артық болмайтынын сездіреді. Бастық болған адам адамгершілікті ту қылып көтерсе, ай­наласына адамгершілікті биік ұс­тайтындар үйірілетіні, айлакерлікті демесе, айлакерлер қаулап шыға ке­ле­тіні туралы пікірінен биік кісілік, үл­кен адамгершілік, нағыз азаматтық аң­ғарылар еді. Пікірдің сыртқы түрі жарқырап көзге ұрып тұрған жоқ, қарапайым, шынайы. Сөйте тұра онда адамзат ақыл-ойының биігінен айтылғандай даналық бар.

Аласапыран кезеңнің жел болып соққан, сел болып аққан сұрапылынан тау мен тас бұзылғанда бұзылмаған, ақ қар, көк мұзында буыршын тайып жығылғанда тапжылмаған, нардың табанынан өтіп, маңдайынан шыққан суыққа бойын алдырмаған, сөйтіп кісілік, адамшылық келбетіне шіркеу түсір­меген, шынға, әділетке тұрған қай­раткер тұлғалардың қатары қа­шанда сирек. Ол – тау мен тас бұзылғанда бұзылмаған, буыр­шын мұзға тайған күнде тап­жылмаған, нардың табанынан өтіп, маңдайынан шыққан суыққа ал­дырмаған, ел басына күн туғанда кі­сілік келбетіне шіркеу түсірмеген, шынға, әділетке тұрған, сыры терең, кісі­лігі кемел адам.

Кеңес Мұстаханұлы – адамзат қоға­мының тарихында жүз жылда, бәлки мың жылда бір келіп соғатын ала­сапыран өтпелі кезеңнің тар жолы мен тайғақ кешуінен өткен, оның жүрекке түскен салмағына төзген, шынға, әділетке шыдаған, жалғанға, әділет­сіздікке бұрмаған мемлекет қай­раткері.

Тәуелсіздік үшін күрестің сұрапыл кезеңінің ақ қар, көк мұзынан таймаған, ауырт­палығын қайыспай көтерген, өмірдің сынынан сынбай, тезінен майыс­пай өт­кен асыл азамат.

Халық дана­лығын, адамгершілікті ту қылып көтер­ген, көтеріп келе жатқан абзал адам.

Жанғара ДӘДЕБАЕВ,

әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жанындағы Абай ғылыми-зерттеу институтының директоры