Кәсіпорын ұжымы Бурабай шипажайының ресми суын өндіріске қосуды көптен бері жоспарлап келген болатын. Сәті түсіп жоба осы жылы жүзеге асып отыр. Айта кетсек, судың емдік қасиеттері мол. Құрамы Германия мен Украинаның жетекші институттарында зерттелген. Шипажайдың ресми суында минералды заттың 16 түрі бар. Ол жүрек-қан тамырлары, ас қорыту, тері ауруларына ем. Келер жылдан бастап курортты аймақтағы барлық туристік нысанда «QULAGER BURABAY» сусынымен емдеу шаралары жүргізілмек.
Бір айта кетерлігі, Бурабай өлкесінің суы тек курортты аймаққа ғана емес, облыстың барлық туристік нысандарына да тасымалданбақ. Кәсіпорын мен облыстық туристік операторлар қауымдастығының арасында меморандумға қол қойылды. Сонымен қатар, емдік қасиеті бар сусынның Қазақстан мен алыс-жақын шет ел азаматтарына қол жетімді болу үшін де мүмкіндіктер жасалады. Осылайша тараптар еліміздегі медициналық туризмді дамытуды көздеп отыр.
Байқал БАЙӘДІЛ,
«Егемен Қазақстан»