– Биыл еліміз үшін өте табысты жыл болды. «Хабар» Агенттігі де осы ретте көрерменге жаңалыққа толы көптеген дүниелер ұсынды. 2018 жыл сіз үшін қандай ауқымды оқиғаларымен есте қалды?
– Биыл ең басты оқиғаның бірі – қазақ телевизиясының 60 жылдық мерейтойы. Осы 60 жылдықтың ауқымында қазақ телевизиясының ардагерлеріне арналған түрлі жанрдағы бірнеше циклдық деректі фильмдер мен бағдарламалар жасалды. Сондай-ақ «Хабар» агенттігіне биыл – 23 жыл толды. Біз өзімізді сол 60 жылдық тарихтың бір ширегі деп санаймыз. Осы аралықта қызмет еткен журналистердің, операторлардың, режиссерлер, жүргізушілер сынды телевизия атты өндірістік командаға қатысы бар азаматтардың жұмысын көрсетуге арналған дүние дайындадық. Сондай-ақ осы жылы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің бастамасымен «Тұмар» телевизиялық жүлдесі Қазақ телевизиясының 60 жылдығына арналды. Соның ауқымында аймақтардағы бір топ ардагерлеріміз Астанаға келіп, министрдің қолынан арнайы төсбелгіге ие болды. Бұл біздің ардагерлеріміздің ғана емес, «Хабар» агенттігінің 23 жылда атқарған еңбегіне берілген баға деп білеміз. Бұдан соң, агенттіктің алтын қорында сақталған бейнематериалдарды таңдап алдық. 2016 жылы біз қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдарының ішінен бірінші болып Еуропалық хабар тарату одағының қауымдастырылған мүшесі ретінде ендік. Көп жылғы келіссөздердің нәтижесінде «Евровидение» байқауына қатысу және осы жобаны елде өткізу мүмкіндігіне ие болдық. Толыққанды мүше болмағандықтан ересектер қатысатын «Евровидение» байқауына қатысуға әзірге мүмкіндік жоқ. Бірақ бұл бағытта келіссөздер жүргізіліп жатыр. Болашақта нәтижесін береді деген сенімдеміз. Десек те біз балалар «Евровидениесіне» қатысуға мүмкіндік алдық. Бұл еліміздің тәуелсіз тарихында алғаш рет болған оқиға десек болады. Әлемнің 300 миллионға жуық көрермені тамашалайтын жобаға қатысу мүмкіндігі оңай тиген жоқ. Өйткені ол қауымдастықтың басшылығы біздің телеарна ретіндегі жағдайымызға ғана емес, техникалық мүмкіндіктерімізге де мән берді. Нәтижесінде өздеріңіз білетіндей, көптеген балалардың ішінен Ұлттық іріктеуде халықтың басым дауысымен Данэлия Тулешова жеңіске жетіп, Минскіде өткен халықаралық байқауға қатысты. Ол бүкіл әлем көрермендерінің интернетте онлайн дауыс беруі қорытындысы бойынша 3-орын алды. «Евровидение» секілді 20-ға жуық ел қатысқан жобада мұндай жүлдеге жету, біз үшін, үлкен жетістік. Болашақта да осы балалар «Евровидениесіне» қазақтың талантты ұл-қыздарын таңдап, әлемдік аудиторияда танытуға жұмыс істей бермекпіз. Себебі осы байқауда Қазақстанда талантты ұл-қыздардың өте көп екеніне көзіміз жетті. Елбасымыз «Рухани жаңғыру» бағдарламасында Қазақстан мәдениетінің әлемдегі орны деп арнайы бөлім арнаған болатын. Сондықтан бұл жай ғана музыкалық жоба емес, үлкен мәні бар халықаралық имидждік қадам болды.
Сондай-ақ биыл агенттік құрамына «Дистрибуция және халықаралық байланыс» департаменті деп аталатын құрылым қосылды. Агенттік әуелден төл контенттің шетелдік көрерменге жетуін басты бағыт санайды. Бұл жүйелі түрде жасалып келе жатқан жоба. Естеріңізде болса, былтыр Сингапурде өткен Азия телевизиялық теленарығында Оңтүстік-Шығыс Азияға әлемнің түрлі телеарналарына сатумен жұмыс істейтін үлкен компаниямен келісімшартқа отырған болатынбыз. Соның нәтижесінде Оңтүстік-Шығыс Азия елдері біздің дайын өнімдерді сатып алып, өз аудиторияларына ұсынып жатыр.
«Ел арна» телеарнасында бүгінде отандық көркем фильмдер ғана емес, Орталық Азия және түркі елдерінің классикалық жанрдағы көне және жаңа фильмдері көрсетіле бастады. Орталық Азия елдері бір-біріне туыс болғандықтан, көршілес елдердің кинематографиясындағы өзгерістерді көрсетіп, көрерменнің жалпы талғамын көтеру бағытында жұмыс істеп жатырмыз.
– Euronews, TRT, KBS секілді әлемнің жетекші телеарналарымен бірігіп жұмыс атқарып жүргендеріңізді көріп жүрміз. Мұндай алпауыт телеарналармен жұмыс істеу үшін мамандарға арналған біліктілікті арттыру курстарын ұйымдастырып тұрасыздар ма?
– Аталған телеарналармен арадағы тұрақты ынтмақтастық негізінде биыл қызметкерлердің 80 пайызы арнайы тренингтерге қатысты. Бұл – қызметкерлердің күнделікті білім алып, кәсіби біліктілігін арттыруға қашан да басымдық беретініміздің белгісі. Сондай-ақ шетелдік сарапшы, ұстаз, бизнес-тренерлерді арнайы шақыртып жатқан жайымыз бар. Өйткені адам ресурсына салынған инвестиция ол міндетті түрде нәтиже беретінін білеміз. Сол үшін осы бағытта тұрақты жұмыс жүргізіп жатырмыз. Болашақта халықаралық ынтымақтастықты дамыту бағытында көптеген жобаларды жасауды жоспарлап отырмыз. Сол үшін «Хабар» Агенттігінің Басқарма Төрағасы Алан Әжібаевтың тапсырмасымен арнайы департамент құрылды. Бұл жұмыс жүйелі түрде жалғаса береді.
– Агенттік құрамына кіретін «Хабар 24» телеарнасы биыл эфирлік кестесінің басым бөлігін тікелей эфирде шығарды. Бұл үлкен жауапкершілікті талап ететін жұмыс. Аталған телеарнаның ішкі жай-күйін айтып өтсеңіз.
– Иә, аймақтардан, шетелдерден тікелей қосылымдарды биыл көбейттік. Болашақта да телеарнадағы осы ерекшелікті көбейте беру жоспарда бар. Биыл көптеген үлкен форумдарды, саммиттерді тікелей эфирде көрсеттік. «Хабар 24» телеарнасы жылына 8704 сағат хабар таратса, соның 3215 сағаты тікелей эфирде болды. Биылғы жылы бұл телеарнада жалпы 1000 тікелей қосылым болған екен. Бұл арнаның Қазақстан бойынша 16 тілшілер қосыны бар. Жақында Түркістан облысының пайда болуына орай, осы облыстан отандық ақпарат құралдарының ішінен бірінші болып тілшілер қосынын аштық. Әзірше шағын құрамда жұмыс істеп жатыр. Келесі жылы мүмкіндік болса, үлкен техникалық мүмкіндіктері бар тілшілер қосынына айналдырамыз деген жоспарымыз бар. Әлем бойынша 9 меншікті тілшіміз бар және оған қоса әлемнің 10 мемлекетінде фрилансер тілшілеріміз жұмыс істейді. Жалпы алғанда түрлі тақырыптағы 30-дан аса түрлі бағдарламалар осы арнадан шығады.
– 2018 жылдың қаңтарынан бастап агенттікке қарасты телеарналар жарнамадан бас тартқан болатын. Мұның себебі неде?
– Бұл көрерменің пайдалы контентті уақытын бөлмей көру үшін жасалған шешім болды. Өйткені қызықты материал көріп отырған сәтте қайта-қайта жылт ететін жарнамалар көрерменнің мазасын алары сөзсіз. Сол үшін біз рейтингтік көрсеткіш жүйесінен де шыққан едік. Алайда әріптес телеарналардың қайда бағыт алып бара жатқаны мен төл телеөнімдеріміздің үлесін білу үшін рейтингтік жүйеге қайта оралдық. Бұл да болса біздің агенттік үшін басты бір үлкен қадамдардың бірі болды. Соның нәтижесі шығар «Хабар» арнасынан шығатын «Қарлығаш ұясын салғанда» сериалы бастаған бір топ сериалдар жоғары көрсеткіш көрсетіп отыр. «Миллион кімге бұйырады?», «Topjargan» деген сынды халықаралық форматтармен жасалып жатқан бағдарламалар да жоғары рейтингтерге ие болды. Сол секілді «Қызық Times», «Жұлдызды жекпе-жек», «Біздің назарда», «Online» секілді бағдарламалар да көшбасшылар қатарында.
– Соңғы 5-6 жыл аралығында агенттікте отандық сериалдар саны көбейді. Жаңа маусымда көрерменге жол тартатын қандай туындылар бар?
– Иә, Мемлекет басшылығының қолдауымен отандық сериалдар көптеп түсіріліп жатыр. Бүгінде «Хабар» Агенттігі жылына 10-12 сериал түсіреді. Оның басым көпшілігі қазақ тілінде. Биыл бірнеше сериалдарды эфирге беріп үлгердік. Бұл ретте әсіресе әлеуметтік драмаларға көбірек көңіл бөлеміз. Өйткені көрерменге қазақ отбасыларының өмірінде болып жатқан түрлі түйіткілдер мен тұрмыстық мәселелер қызық. Мәселен, биыл «Тағы да сүй», «Аға», «Қарлығаш ұя салғанда» секілді бірнеше әлеуметтік драма көпшілік көрерменге ұсынылды. Қазақтың керемет бай тілін көрсеткен комедия жанры да бұл ретте тыс қалмады. Шала қазақтанып бара жатқан азаматтарды ойландыратын, ауыл мен қаланың өмірін әдемі салыстырған, бірақ жарыстырмаған «Шашу» сериалы әлі күнге дейін көрерменнің назарына ұсынылып келеді. Соңғы жылдары жалпы әлемдік тенденцияны, біздің көрерменнің сұранысын ескере отырып, қазақ тілді криминалдық дамаларды да түсіруді қолға алдық. Осы бағытта былтыр «Время» деген сериал шықса, биыл «Аға» деген криминалды сериалды көрерменге ұсындық. Жалпы алғанда қазір эфирді күтіп отырған көптеген жобалар бар. Солардың бірі – «Батырлар жолы» тарихи сериалы. Мұнда XVII- XVIIІ ғасырлардағы батырлардың өнегелі өмірі көрсетіледі. 2018 жылы Францияның Канн қаласында өткен халықаралық телевизиялық көрмесіне халықаралық телевизия мамандарының назарына аталған сериалдың тизерін ұсынып, еуропалық көрерменнің көңілінен шыққандай болдық. Драмада Қарасай батырмен бірге қанды көйлек досы Ағынтай батыр, Таймас батырдың өмірі, ұлы даланың азаттығы мен бостандығы үшін күресі туралы суреттеледі. Сериалда актерлер құрамы да жақсы жасақталған. Басты рөлдерді Назар Сұлтанов, Мұрат Бейсенбин, Әшім Ахметов, Жандос Айбасов, Ержан Нұрымбет, Алдабек Шалбаев, Айдос Бектемір, Мөлдір Мекенбай сынды актерлер ойнайды. Сонымен қатар 71-ші Канн кинофестивалінде «Ең үздік әйел рөлі» аталымын жеңіп алған Самал Еслямованы Қарасай батырдың анасы образында көресіздер. Бұл жобаға түсірілім тобы жан-жақты әрі тыңғылықты дайындалды. Тарихшылармен кеңесіп, сол заманды шынайы көрсету үшін әр декорация мен локация ұзақ таңдалды. Жекпе-жек көріністерін сомдауға Жайдарбек Күнғожинов бастаған қазақстандық каскадерлер қатысты. Сондықтан ол өскелең ұрпаққа берері мол дүние болады.
Сондай-ақ «Жалғыз жауқазын» атты жаңа сериалда кедей отбасы мен бай отбасының ұл-қызының қарым-қатынасы мен қарапайым азаматтардың ортасында болып жатқан оқиғалар көрсетіледі. Бұл сериалдың түсірілім жұмыстары аяқталды. Алдағы уақытта көрермен назарына ұсынылады. Сериалда Ақбота Сейтмағанбет, Жоламан Әміров, Лиза Серікова, Бақытжан Әлпейісов, Дәурен Айдарқұлов сынды актерлер ойнайды. Бұл әр жастағы көрерменге арналған пайдалы әлеуметтік драма болады деген ойдамыз.
Сондай-ақ «Келінжан» атты комедиялық сериал мен Бекзат Саттархановтың өмірі мен спорттағы жетістіктеріне арналған туынды өз кезегін күтіп тұр. «Бекзат» сериалы келесі жылы толық метражды фильм ретінде де кинотеатрлардан көрсетілетін болады.
– Жазушылар туралы туынды түсірілді деп естіген едік. Бұл туындының түсірілім жұмыстары аяқталды ма?
– Бұл сериалда 70-80-жылдардағы жазушылардың шығармашылығындағы, өміріндегі, қарапайым кездесулеріндегі ерекше есте қаларлық оқиғаларынан сыр шертіледі. Мұнда Кеңес дәуірінде ұлттың жоғын жоқтап, жүгін көтерген, қарама-қайшылыққа толы сол дәуірдің қаймағы болған жазушылар ортасындағы аңыз бен ақиқатқа айналған әңгімелерді арқау еткен дүниелер көрсетіледі. 60-70-жылдары қазақ әдебиетінің қайнаған ортасына соғыстың қан шеңгелінде туған жетім ұрпақтың арындап келіп қосылғаны мәлім. Тым ерте есейген сол ұрпақ арлы да арынды қалпымен әдебиеттің көшін биікке сүйреді. Қандай қиын жағдайды бастан өткерсе де әдебиетке келіп қосылған таланттар шоғыры туралы елдің есінде ыстық естеліктер ғана қалған. Бүгінде көзі тірі сол дәуірдің тұлғалары да өткен күннен сыр іздеп сағынары анық. Талай жұмбағын арқалап бақиға аттанған тұлғаларымыздың парасат биігіндегі айшықты ойларымен астасқан оқиғалар туындының өзекті тақырыбы болмақ. Осы сериал сол кездегі қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдеріне арналған десек болады. Біраз дүниенің, біраз құпияның сыры ашылуы мүмкін. Бұл «Қаламгер» жобасының бас кеңесшілері – Дулат Исабеков, Төлен Әбдік, Бексұлтан Нұржекеев. Сериал рухани азық берер, отандық мәдени мұраның архивінде қалар жақсы дүние болады деген ойдамыз. Актерлер құрамында Ергенбай Абуев, Досжан Жанботаев, Балтабай Сейітмамытов, Кенен Ақүрпеков, Айдар Аманбай, Бақдаулет Шаймахан және тағы басқа 100-ге жуық персонажды сомдаған актерлер бар. Сериалды көрермен алда келе жатқан жылдың бірінші бөлігінде кинотеатрдан толық метражды кино түрінде және теледидардан сериалдық нұсқасын көре алады.
Сондай-ақ «Хабар» арнасында «Таңғажайып әлем», «Жаратылыс. Адамзат тарихына саяхат», «Марс» деп аталатын «National Geographic» түсірген деректі туындылар да жалғаса береді. Мұндай ғылыми, танымдық жобаларды көбейту арқылы көрерменнің білім деңгейін, таным көкжиегін кеңейткіміз келеді.
Тағы, көрерменге әлемдік тұсаукесер ұсынамыз. 31 желтоқсаннан (осы күні 21.00-де көрсетіледі) бастап BBC телеарнасымен қатар «Отверженные» (Аластатылғандар) сериалы «Хабар» телеарнасында да көрсетіледі. Виктор Гюго шығармасының желісі бойынша түсірілген туынды аптасына бір рет әр дүйсенбі сайын сағат 22:30-да шығады. Бұл да болса, тек өзіміздің ішкі қазанымызда қайнай бермей, әлемдік теле тұсаукесерден де көрерменді кеш қалдырмау, қауыштыру үшін жасалып жатыр. Сондай-ақ телеарнада «Тағдыр.Тарих.Тұлға», «Өнегелі ғұмыр», «Тағдыр жолы», «Өмір жолы», «Тайны. Судьбы. Имена», «Одна история», «Бір туынды тарихы» секілді деректі фильмдер циклы бар. Осындай тарихтан сыр шертетін сүбелі дүниелерді көрсету жұмыстары алдағы уақытта да жалғаса береді.
– Бір қуантарлығы телеарнада халықаралық форматтағы бағдарламалар саны көбейді. Осы жөнінде айтып өтсеңіз.
– Биылғы жылы бізде Topjargan атты музыкалық жоба жүзеге асты. Мұнда қарапайым қазақтың ұл-қыздары қатысып, 3 жарым ай бойы бақ сынады. Нәтижесінде тікелей эфирде кіл мықтының ішінен шын мықтыны анықтадық. Ақмарал деген жап-жас Өнер колледжінің үшінші курс студенті жеңімпаз атанды. Сондай-ақ көрерменнің сүйікті жобасына айналған мықты әншілердің бәсеке алаңы «Жұлдызды жекпе-жек» бағдарламасының да екінші маусымы аяқталды. Бұл жобаның келесі жылы үшінші маусымын беруді жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ «Хабар» телеарнасында әлемнің 45 елінде көрсетілетін BBC-дің Zerde атты интеллектуалды жобасы көрсетіліп жатыр. Сол сияқты «Миллион кімге бұйырады?» жобасы 20 жылдан бері әлемнің көптеген елінде көрсетіледі. Осы маусымнан бастап бұл жоба көрермен сұрауы бойынша қазақ тілінде қайта шықты. Аталған екі бағдарлама интеллектуалды азаматтардың санын көбейтуге арналған.
– Kazakh TV телеарнасының шетелдік Discovery арнасымен бірігіп жасап жатқан жұмыстары қалай жүріп жатыр?
– Бұл меморандум арқылы Atlas Global Kazakhstan атты қазақ, орыс, ағылшын тілінде Қазақстан туралы танымдық деректі фильмдердің циклы жасалды.
– Елбасының 21 қарашада жарияланған «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы қазір мемлекеттік деңгейде талқыланып жатыр. Осы ретте телеарна мақаланың мән-маңызын халыққа жедел әрі оңтайлы жеткізуде таптырмас құрал болып отыр. Бұл үшін «Хабар» агенттігі қандай жоспарлар құрды?
– Елбасының мақаласында айтылған жеті қырды жеке басымдық ретінде алып, бірнеше бағдарламалар циклын дайындап жатырмыз. Бұл ретте ұлттық тарихқа арналған, әлемдік өркениетке қосқан үлесімізді бағыт-бағыт бойынша саралап, шетелдік мамандармен бірге талқылау алаңын жасау ойымызда бар. Сондай-ақ «Жастар жылына» арнап 2019 жылдың ақпан, наурыз айларында «Хабар» арнасында «Азамат» жастар бағдарламасын қайта оралтып, көпшілік көрерменмен қауыштырамыз деген ниеттеміз. «Азаматқа» кеп азаматтық белсенділігін танытып, мемлекеттің өзекті мәселелерін айтып, қоғамдық пікірге қозғау салуға үлес қосқан азаматтарды қайта жинамақпыз. Жалпы алғанда рухани жобаларға басымдық беру біздің басты мақсат. Жаңа жылда әлеуметтік бағыттағы жобалар жалғасын таба береді, өз кезегінде жаңа жобалар да дүниеге келеді. Агенттік тек Қазақстанмен шектелмей, Орталық Азия, ТМД кеңістігінде жасалатын, таралатын жобалар дайындайтын болады. Бұл отандық телевизияға қозғау салар индустриалды-инновациялық қадам болары сөзсіз.
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен Маржан ТІЛЕУБЕК,
«Егемен Қазақстан»