Түркістан тарихындағы жаңа кезең
2018 жылдың 19 маусымында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысының кейбір мәселелері туралы» Жарлыққа қол қойды. Барша қазақстандықтар қызу қолдаған әрі маңызды қадам ретінде қабылдаған осы Жарлықтың негізінде Шымкент қаласын республикалық маңызы бар қалалардың санатына жатқызу, Оңтүстік Қазақстан облысының əкімшілік орталығын Шымкент қаласынан Түркістан қаласына көшіру, Оңтүстік Қазақстан облысын Түркістан облысы деп атау және басқа да мәселелер шешімін тапты.
Айта кетелік, Елбасының Оңтүстік Қазақстанды Түркістан облысы деп бекітуі, оның орталығы етіп Түркістан қаласын белгілеуі тарихымыздың талай сындарлы сəттерінде қазақ халқын бірлік пен берекеге ұйыстырып, елдікке бастаған хандар мен сұлтандарға, билер мен Алаш арыстарына жасалған зор құрмет және түгел түркінің бірлігін бекемдейтін қадам ретінде бағаланды. Қазақ руханияты мен мəдениетіне, тарихы мен əдебиетіне жасалған үлкен қамқорлық деп қабылданды.
Бүгінде республикалық маңызы бар қалалар санатына жатқызылған Шымкент қаласы мен облыс орталығы болған Түркістан қаласы уақыт талабына сай дамудың даңғыл жолына түсті.
Ұлттың ұлы мұрасы ұлықталды
Биыл Мемлекет басшысының Жарлығымен шілденің алғашқы жексенбісі Ұлттық домбыра күні болып белгіленді. Аталған мереке Астанада «Қазақ елі» монументі алдында Елбасының қатысуымен және еліміздің барлық өңірінде алғаш рет аталып өтті.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында елорда төріндегі ұлттың ұлы мұрасын мемлекеттік һәм бұқаралық деңгейде қайта жаңғыртқан мерекеге 2 мыңнан аса домбырашы қатысса, республиканың өзге өңірлерінде де мыңдаған домбырашының қатысуымен белгілі күйлер орындалды.
Астанада А.Жайымовтың дирижерлігімен күй тартқан оркестрдің ең жас мүшесі жетіде, ал ең үлкені жетпіс бес жаста болуының өзі Домбыра күнінің жалпыхалықтық мерекеге ұласқанын көрсетеді. Концертке қатысушылар Н.Тілендиевтің «Ата толғауы», «Махамбет», Дайрабайдың күйі «Дайрабай», Сүгірдің «Ыңғайкөк», Құрманғазының «Серпер», «Саранжап», Дәулеткерейдің «Көроғлы», «Қыз Ақжелең», Динаның «16-шы жыл» күйлерін және басқа да белгілі туындыларды орындады.
Елбасы осы мерекеде қасиетті домбыраның Ұлы даланың төсінде ерте заманнан бері халқымызбен бірге жасап келе жатқанын, бір кездері Майтөбенің тұсынан домбыраның суреті бар таңбалы тас табылғанын, ғалымдардың аталған суретті берісі 4 мың, әрісі 6 мың жыл бұрын бедерлегенін дәлелдегенін айтып өтті. Расында, Арал маңында да домбыра ұстаған адамның мүсіні біздің дәуірімізден бұрынғы IV ғасырдың мұрасы болса, Алтайдан табылған ата домбыра біздің дәуірімізден бұрынғы V ғасырға тиесілі. Яғни, Алтайдан Атырауға дейін бүкіл Қазақстанның даласы 4-5 мың жылдан бері домбыра үнін естіп келе жатыр.
Астана қаржы орталығының келешегі зор
«Астана» халықаралық қаржы орталығы қызметінің бірден-бір маңызды бағыты – инновациялық қаржы технологияларын дамыту. Биыл Астана қаласының 20 жылдық мерейтойы аясында ашылған орталықтың тұсаукесеріне Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге Қырғыз, Тәжікстан, Өзбекстан елдерінің басшылары да қатысқан болатын.
Бүгінде оның қызметіне америкалық NASDAQ биржасы және Шанхай қор биржасы қатысуда. Орталықта Қазақстанда инновациялық қаржы технологияларын дамыту мен ілгерілету үшін қолайлы экожүйені қалыптастыруға бағытталған бірқатар жобалар, соның ішінде, e-Justice (АХҚО цифрлық сот төрелігі жүйесі), цифрлық криптобиржа, криптовалюталар үшін депозитарий, қаржылық супермаркет, киберқауіпсіздік орталығы, ислам қаржы технологиялары, халықаралық стартап бағдарламалары мен басқа да жобалар бар.
Жеті жүз жыл бұрынғы еңбек жарық көрді
Биылғы айтулы жаңалықтардың бірі Халықаралық Түркі академиясының Рашид ад-Диннің «Жамиғ ат-тауарих» атты бес томдық еңбегін жарыққа шығаруы. Ортағасырлық әдебиеттің аса маңызды ескерткіштерінің бірі «Жамиғ ат-тауарих» көне парсы тілінде жазылғандықтан, осыған дейін қазақ оқырмандары түпнұсқадан оқи алмай орыс тіліндегі кейбір үзінділерімен ғана шектеліп келген-ді. Енді ұлтымыздың тарихына тікелей қатысы бар құнды еңбекті толығымен ана тілімізде оқуға жол ашылды.
Үлкен тарихи энциклопедия әртүрлі тайпа мен халық туралы деректерді қамтиды. Онда Моңғолия, Шығыс Түркістан, Орталық Азия, Иран, күнгей Кавказ, Поволжье мемлекеттері мен халықтары жайлы тарихи, құнды мәліметтер бар.
Рашид ад-Диннің «Жамиғ ат-тауарих» кітабын Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің «Түркітану» ғылыми-зерттеу орталығының аға ғылыми қызметкері Зәріпбай Оразбай парсы тілінен төрт жылдың ішінде аударып шықты.
37 үй салып берген кәсіпкер
Жуырда Елбасы Жарлығымен «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын алған Сайрамбай Дөненбаев – Жамбыл облысының Тұрар Рысқұлов ауданындағы «Шәушен» шаруа қожалығының басшысы. 1965 жылы Луговой ауданының Жарлысу ауылында туған ол еңбек жолын Алғабас қой кеңшарында шопанның көмекшісі болып бастап, аға шопан, бөлімше меңгерушісі, зоотехник секілді еңбек жолынан өтті. 1996 жылдан бастап «Шәушен» шаруа қожалығын басқарып келе жатқан азамат бүгінде 2 мыңнан аса жылқы, 45 мыңға жуық қой өсіріп отыр.
Аталған қожалықта 280 адам еңбек етеді. Ауыл шаруашылығы өндірісінің шебер ұйымдастырушысы Жарлысу ауылында жас отбасылы еңбеккерлерге арнап 37 тұрғын үй салып берді. Сондай-ақ шопандардың балаларына арналған 50 орындық интернат кешенін, ауыл адамдарының игілігіне 300 орындық асхана, медресе және мешітті пайдалануға берді. Бұл қатарда ашаршылық құрбандары мен Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған ескерткіш пен аллея, «Тау-қымыз» емдеу-сауықтыру орны, мал сою алаңы, 92 орындық «Тәттім-бүбі» балабақшасын да айта кетуге болады.
Сайрамбай Әліқұлұлы әрдайым елдегі айтулы оқиғаларға, өңірдегі мәдени іс-шараларға, әлеуметтік жобаларға белсенді түрде қатысып келе жатқан іскер де ізгі жан.
Әлемді тамсандырды
Бұл жылы дүйім жұртты қуантқан хабар – режиссер Сергей Дворцевойдың «Айка» атты фильмінде басты рөлді сомдаған Самал Еслямованың 71-Канн фестивалінде «Үздік актриса» аталымы бойынша бас жүлдені жеңіп алуы болды. Бұл – өте үлкен жетістік. Канн фестивалі әлемдегі ең беделді әрі көне кинофестивальдардың бірі. Яғни әлемде «А» санатты 15 фестиваль болса, Канн – соның басында тұрған байқау.
Самал күллі ТМД елдерінен аталған сыйлықты алған тұңғыш актриса. Осы сыйлық актерлердің ең жоғары әлемдік атағы саналады. Сонымен қоса Самалдың алтын пальма бұтағын алып тұрып қазақша сөйлеуі, қазақ қызына тән ұяң мінезі, қарапайым болмысы ел көрермендерін одан сайын қуантты. Бұл фильм Қазақстанның атынан «Шетелдік үздік фильм» аталымы бойынша «Оскар» жүлдесінің шорт-листіне кірді.
Самал Еслямова 1984 жылы 1 қыркүйекте Солтүстік Қазақстан өңірінде дүниеге келген. Мектеп бітірген соң Петропавлдағы өнер колледжінде актер мамандығы бойынша білім алып, 2011 жылы ресейлік ГИТИС театр өнері институтының актерлік факультетін тәмамдаған. Бұған дейін С.Еслямова «Қызғалдақ» (реж. С. Дворцевой) фильмінде басты рөлді сомдады. Бұл туынды 2008 жылы Канн фестивалінде «Ерекше көзқарас» конкурсының бас жүлдесін, жас қазылардың және Францияның білім министрлігінің жүлделерін жеңіп алған болатын.
140 балл жинаған оқушы
Биылғы ҰБТ сынағында алматылық оқушы Шиара Әбдірахымқызы еліміз бойынша ең жоғары 140 балды жинады. Ол тестілеу сынағын Қазақ ұлттық аграрлық университетінің базасында 25 маусымда тапсырған болатын.
Үздік білім нәтижесін көрсеткен түлек 2000 жылы Тараз қаласында дүниеге келген. Алматы қаласындағы №123 мектеп-гимназиясында 5-сыныптан бастап білім алды. Оқушы кезінде Бурабайда өткен фестивальда би өнерінен жүлдегер, «Инабат» сұлулық сайысында жеңімпаз атанды. Шаһардың үздік түлегі атанған Шиара Құдайбергенованы қала әкімі Бауыржан Байбек қабылдаған болатын.
Тестілеу сынағына жан-жақты әзірленіп, қосымша курстарға да барып қатарынан озып шыққан озат түлек бүгінде Сүлеймен Демирел университеті экономика факультетінің 1-курсында қаржыгер мамандығы бойынша білім алуда.
Төрткүл дүниеде тыңдарманы бар
«I am a singer» телебайқауы – таңғажайып дауысымен талайлардың жүрек қылын шерткен Димаш Құдайбергеннің танылуына мүмкіндік сыйлаған бірден-бір жоба. Бәйге бастала салысымен-ақ әнші кәсіби мамандардың назарына түсіп, бір-ақ күнде дүние жүзі көрермендерінің көзайымына айналды. Түнде ұйықтап, таңертең атақты болып ояну деген осы болса керек.
Қытай елінің баспасөзі Димашты «Тәңірдің өзі назарына алған жас әнші» деп бағалады. Осыдан соң Димаштың өнері асқақтап, әлемнің түкпір-түкпірінен түскен шақырту Джеки Чан, Джек Ма, Ева Лонгория, Лара Фабиан, Никол Кидман сынды кіл мықтылармен таныстыққа жол ашты. Қытайдың орталық телеарнасы «Жылдың ең танымал әншісі» атағын берсе, аз уақыттан соң әнші «MTV Music Awards» жүлдесіне иегер тұңғыш қазақ атанды.
Ал Димаштың Лондонда дүркіреп өткен концерті отандық мәдениеттегі айтулы оқиға. Өйткені салтанатты ән кешіне жанкүйерлер әлемнің 45 елінен ат арытып жеткені өз алдында, алпауыт медиа саналатын BBC арнасына әнші туған елі, шығармашылығы, алдағы жоспары туралы кеңінен әңгімелеп, сұхбат берді. Жуырда «Әлем аруы-2018» байқауында Димаш Құдайберген қазақша ән салып, туған елінің мерейін тағы да өсірді. Бұдан бөлек биылғы «The Silk Road Cohesion Awards 2018» халықаралық марапат кешінде «Жібек жолының мәдени елшісі» және «Жыл әншісі» марапаттарына ие болуы, Мәскеудегі Кремль сарайында ән шырқауы Димашты жылдың жарық жұлдызы етті. Бұл туралы әнші өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында «әр жеңісімді Отаныма арнаймын» деп жүрекжарды лебізін жазды.
Еркежан АЙТҚАЗЫ,
«Егемен Қазақстан»