Қазақстан • 28 Желтоқсан, 2018

Миллион тұрғыны бар қалаларды көбейту керек - Президент

542 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елбасының БАҚ өкілдеріне берген сұқбаты барысында «Егемен Қазақстан» РГ» АҚ Басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі Түркістан қаласының мәртбесі туралы сұрақ қойды. 

Миллион тұрғыны бар қалаларды көбейту керек - Президент

- Есімізде 2010 жылы Түркияның сол кездегі Президенті Абдулла Гүл мырза Түркістанда өзіңізге асатаяқ ұстатып, «Түркі әлемінің лидері» деп атаған болатын. Биыл соның жарқын айғағы іспетті түгел дүниенің төрі саналатын Түркістанға айырықша мәртебе беретін жарлыққа қол қойдыңыз. Ол тек Қазақстан халқына емес, бауырлас жұрттарды да үлкен қуанышқа бөледі. Енді Түркістан облыс орталығы мәртебесін алды, Шымкент мегаполис атанды. Бұл елімізге үлкен серпіліс беретін бастама. Осы тарихи шешімнің негізгі себептеріне тоқталсаңыз.

- «Түркістан біздің тарихи орталығымыздың біреуі. Қазақта орталық көп болған ғой. Ол жерде өте үлкен шешімдер қабылданған. Қазірдің өзінде Түркістанның түбінде, кесененің төңірегінде бірнеше хандарымыздың, белгілі батырларымыздың сүйегі жатыр. Түркі дүниесінің рухани орталығы болып саналады. Қожа Ахмет Яссауидің ілімін қастерлейтін жұрт көп. Былтырдың өзінде 150 мыңға жуық туристер келіп кетті», деді Президент.

Сондай ақ Елбасы сұхбат барысында миллион тұрғыны бар қалаларды көбейту жайын талқылады.

«Шымкенттің халқы миллион болғаннан кейін біз оны тікелей орталыққа бағынатын қала деп алдық та, облыстың орталығын Түркістан қаласына алып келдік. Ол жерде тез арада тағы бір үлкен қала пайда болады. Бізге қалаларды көбейту керек. Бізге миллион тұрғыны бар қалалар керек. Әлем бойынша миллион халқы бар қалаларда ғылым-білім, мәдениет тез дамиды. Тәуелсіздік жағдайында қазір үш қаламыз бар. Ендігі маңызды қала – Ақтөбе немесе Қарағанды болса деген ойым бар. Ауылдан қалаға халық көшіп жатыр, урбанизация процесі жүріп жатыр. АҚШ халқының 2%-ы ауылда тұрады. Ал бізде ауыл халқы 43%-ды құрайды. Ел үшін де, саясат үшін де үлкен мәселе деп санаймын. Түркістанды көтерсек, аз жылдың ішінде үш жүз мың адамы бар қала болып шығады. Құрылысын бекіттім. Департаменттер, үй және мәдениет құрылысы, тарихи мәні болғаннан кейін бірнеше музей құру жоспары бар. Туристерді тартып, үлкен қала болса деген арман бар. Жылыны жақсы көретіндер сонда барсын, сергек болам десе осында келсін», деді Елбасы.