29 Желтоқсан, 2018

Солтүстік Қазақстанда «Қызылжар–адалдық алаңы» кеңсесі іске қосылды

354 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру” Жолдауында атап көрсетілген «сыбайлас жемқорлықтан ада өңірлер» жобасының тәжірибесін тарату жөніндегі тапсырмасына сәйкес  «Қызылжар – адалдық алаңы» кеңсесі өз жұмысын бастады.

Солтүстік Қазақстанда «Қызылжар–адалдық алаңы» кеңсесі іске қосылды

Оқушылар сарайында орналасқан озық жобалы кеңсенің ашылу салтанатына өңірімізге жұмыс сапарымен келген Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Бектенов пен облыс әкімінің орынбасары Мадияр Қожахмет қатысты.

«Кеңсенің міндеті тұрмыстық сыбайлас жемқорлық деңгейін қысқартуға, денсаулық сақтау, білім беру сияқты әлеуметтік, сондай-ақ, құқық қорғау салаларының жұмысын талдауға, парақорлық жағдайларының алдын алып, жолын кесу іс-шараларын жүзеге асыруға бағытталған. Мұнда тұрғындар әдеттегідей тақырыптық семинарларға, «дөңгелек үстелдерге» қатысу үшін емес, нақты мәселелермен бөлісіп, пікір алмасып, кеңес алу мақсатымен келетін болады», деді О. Бектенов.

 Өңір мемлекеттік қызмет саласындағы сыбайлас жемқорлық деңгейі бойынша елімізде төмен көрсеткішке ие. Мемлекеттік қызмет түрлерінің 83 проценті халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы және электронды түрде көрсетіледі. Мемлекеттік қызметшілер арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама мен әдеп нормаларын сақтау жөнінде 370 түсіндіру жұмысы жүргізілген.

Облыс әкімдігі мен Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өкілдері «Қызылжар – адалдық алаңы» жобасы аясында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы