Орал қаласының мамандандырылған әкімшілік соты «Түнгі сот» пилоттық жобасы жүзеге асырылып жатқан 20 күн ішінде 62 әкімшілік іс қараған. Бұл істердің 15-і – отбасылық және тұрмыстық қатынастарға, ал 38-і – жол-көлік оқиғасына қатысты екен.
- Сондай-ақ қаралған істердің ішінде ұсақ бұзақылық, жүргізушінің көлікті мас күйде басқаруы секілді фактілер де бар, – дейді Батыс Қазақстан облыстық сотының баспасөз хатшысы Эльмира Есенғалиева.
Әкімшілік құқықбұзушылықтар бойынша іс жүргізу рәсімдерін жеңілдету, мәселелерді қысқа уақыт ішінде шешу, сот дауын тараптардың жұмыс уақытынан бөлек, яғни кешкі мезгілде шешу арқылы олардың уақытын үнемдеу секілді игі ниеттен туған «Түнгі сот» жобасы Ақ Жайық өңірінде де қанатын жайып келеді. Оралда кей күндері кешкі сағат 18-ден 22 сағатқа дейін қаралған істердің саны 12-ге жетті. Жалпы орта есеппен күн сайын 3-6 іс түнде қаралады. Әрине, сот әкімшілік құқық бұзушылық істерді қарау кезінде медиация институтын да кеңінен қолданып отыр. Мәселен отбасылық және тұрмыстық қатынастар саласындағы қаралған 9 құқықбұзушылық іс тараптардың татуласуына байланысты тоқтатылған.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Батыс Қазақстан