Жаңа жылдық шыршаға келген балалар орталық қызметкерлерімен арнайы таңдалып алынған. Олардың арасында көп балалы отбасылар да бар. Акция барысында халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкерлері Ақмола облысының аудандары мен қалалары бойынша 20 баланың тілегін орындап, шаттыққа бөлеген.
–Аталмыш акцияға мемлекеттік корпорацияның қызметкерлері мен клиенттері қатысты. Бұл акция республиканың барлық аймағында өткізілді. Дәстүрлі түрде жыл сайын халыққа қызмет көрсету орталықтарында «Тілектер шыршасы» орнатылады. Облыс бойынша барлық аудандарда балаларға жаңажылдық сыйлықтарды табыстадық. Бастысы, балалардың қуанышында шек жоқ. Сондықтан аталмыш шараларды жыл сайын ұйымдастыратын боламыз. Қаламыздың тұрғындарын келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтаймын! Табыс тілеймін. Армандарыңыз орындала берсін,–деді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы облыстық филиалы директорының орынбасары Нұрбек Қайыржанов.
Балалардың Аяз Атадан сұрайтындары өте қарапайым дүниелер. Мысалы, Тимофей қоян қаласа, Анастасия кереуеті бар қуыршақ алғысы келетінін жазыпты. Мерекелік шара барысында сыйлықтар табыс етілді.
Байқал БАЙӘДІЛ,
«Егемен Қазақстан»
Ақмола облысы