Қазақстан • 01 Қаңтар, 2019

Санақ-2019: дерек пен дәйек

3700 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Тарих табалдырығын ен­ді аттаған 2019 жылы елі­мізде кезекті ұлттық са­нақ өткізу мәселесі жос­пар­ланып отыр. Бұл – Қа­зақстанның тәуелсіздік жыл­дарында үшінші рет өт­кізгелі отырған халық са­нағы. Ұлттық экономи­ка министрі Тимур Сү­лей­меновтің айтуын­ша, бюджеттік жоба бо­йын­ша алдағы ұлттық са­нақ­ шараларына 8,8 миллиард теңге қаржы бөлу бел­гі­ленген екен. Бұл қы­руар қаржының негізгі бө­­лігі санақ жүргізуші – ин­тервьюерлердің жал­ақы­сына және планшет­тер сатып алуға жұмса­латын көрі­неді.

Санақ-2019: дерек пен дәйек

Осыншама бюджет қаржы­сын шығындап, ұлттық санақ жүр­гізудің қаншалықты қа­же­­ті бар? Жалпы, он жылда бір рет өткізілетін халық са­на­ғы­ның мәні мен мазмұны неде? Өркениетті дәстүрлерге ден қойған ашық қоғамда мұндай сұрақтардың туындауы заңдылық. Халық санағын жүргізу – өте күрделі, көп ең­бек сіңіруді және мол қаржы шы­ғындауды қажет ететін ауқым­ды шара екендігі анық. Бірақ ертеңін ойлаған өрісті ел үшін бұл – міндетті әлеуметтік, экономикалық және тарихи үрдіс. Санақ қорытындысы өт­кен он жыл ішінде елде болған демографиялық, мәдени-әлеу­мет­тік, экономикалық және бас­қа да қоғамдық өлшемдердің даму дәрежесін көрсетеді. Ұлт­тық санақ кейбіреулер ой­­­лағандай, демографиялық ахуал­­­ды ғана емес, сонымен бір­­­ге адами ресурстардың дең­гейін, азаматтардың білімін, ден­­­­саулығын, тұрмыстық ахуа­лын, мемлекеттің интел­лек­туал­­дық әлеуетін айқын­дай­ды. Яғ­ни, ұлттық санақ тәуел­сіз Қа­зақстан да­муындағы онжыл­дық белесінің айнасы.

Еліміздің ғасырлық шежіре­сіндегі халық санақтарының тарихына тоқталатын болсақ, халқымыз бір ғасырда, яғни ХХ ғасырдың өзінде ғана бір­неше рет демографиялық қасі­ретті басынан өткерген екен. Қа­рымды қаламгер Мекемтас Мырзахметов өзінің «Жалын» журналында жарық көрген «Халық санағы: өсу мен өшу» ат­ты мақаласында: «Қазақстан тарихында 1897 жыл мен 2009 жылдар аралығында он бір рет халық санағы өткізілген болатын... 1897 жылғы халық санағында қазақтар жайлаған ұлан-байтақ жерлер тұтас қам­тылмаған еді. Әрине шекараның ар жағындағы қытай, моңғол қа­зақ­тары да есепке түспей қалған болатын. Осының өзінде Ресей қол астындағы қазақтардың саны – 3 млн 786 мың адам деп көрсетілсе, 1911 жылғы санақта – 4 млн 692 мың қазақ болды. Яғни, 15 жылда қазақтар 905 000 адамға көбейген. 1916 жылы
6 мил­лион болған қазақ өсіп, өр­кен­деудің орнына 1940 жылы
1 млн 900 мыңға дейін құлдырап, 3 еседен аса азайған. Ал бұл кез­де көршілес отырған қырғыз, тү­рікпен, тәжік, ұйғырлар 5 есе­ден, өзбектер 12 есеге дейін кө­бейіп, үнемі өсіп, өрлеу жолында болған. Бұл халықтардың бәрі де бір саяси жүйеде, бір мемлекет ішінде өмір сүрді. Бірақ қазақтар елден ерекше өсудің орнына өшіп, азайып, саны жағынан төмен қарай құлдырап отырған».

Міне, осы шағын үзіндіден-ақ жиырмасыншы ғасырда қа­зақ халқының басынан өткен қасіреттің қаншалықты ауыр болғанын анық көруге болады. Алайда ғасырлармен жасасқан қазақ халқы қатал заман соқ­қысы қаншама есеңгіретсе де құламады. Сүрініп барып қайта тұрып, өзінің мәңгілігін тағы да паш етті. Осы ретте ерекше атап өтетін бір мәселе, соғыстан кейінгі жылдардағы қазақтардың табиғи өсу деңгейі өте жоғары болды. Мәселен, 1940 жылы Одақ бойынша табиғи өсім әрбір 1000 адамға шаққанда, 13,2 промил, Қазақстанда 19,4 промил болса, 1957 жылы рес­публикамыздағы табиғи өсім 31,4 промилге жетті. Ал 1958 жы­­лы республикамыздағы қазақ ұл­тының табиғи өсімі әрбір мың адамға шаққанда 42 промилді құрап, 1960 жылдардағы «демо­графиялық дүмпудің» не­гізі болды. Соғыстан кейін бас-аяғы 20 жылдың ішінде қазақ халқының өсімі 3,5 мил­­лиондық межеге қайта кө­терілді. Ал 1989 жылғы халық са­­нағының қорытындысында республикамыздағы қазақтар­дың саны 6 миллион 535 мың, одақтас республикаларда 1 миллион 670 мың, шетелдерде
1 миллион 535 мың адамды құрап, қазақ халқы өзінің өсу тарихында тұңғыш рет 10 миллиондық межеге жетті. Көп ұзамай азаттықтың арайлы ақ таңы атып, Қазақстан тәуелсіздікке қол жеткізді. Енді мемлекетіміздің демографиялық саясатында түбегейлі бетбұрыс жасалып, егемен елімізде, төл жерімізде ұлтымыздың та­би­ғи өсімінің еселей өсетінін күт­кен-ақ едік. Өкінішке қа­рай, ширек ғасырдан асқан тәуел­сіздік кезеңінде бірде-бір рет 1960-жыл­­дардағыдай «де­мографиялық дүм­пу» болмады.

Қазақстан әлемдегі халық ең аз орналасқан ел болып саналады. Қазір еліміздегі бір шаршы шақырым жерде тұратындар саны орта есеппен сегіз адамнан айналады екен. Ендеше Қазақ елі үшін демографиялық өсімнің үлкен геосаяси мәні бар. Халқы сирек Ұлы далаға көз алартушылар төрт бұрышымызда да аз емес. Сондықтан өткенімізді саралап, болашағымызды байыппен бағдарлап, Ұлы даламыздың төрт құбыласына түгел мамыражай жазиралы ел қоныстандыру үшін де бізге жалпыұлттық халық санағының маңызы зор.

Тағы да нақты цифрларға жүгі­нейік. 2009 жылғы жалпы­ұлттық халық санағының дере­гін жариялаған Статистика агент­­тігі еліміздегі халық саны 16 миллион 96 мың адамға жеткенін және 1999 жылдан бері бұл көрсеткіш 6,9 пайызға артып, қазақстандықтардың са­ны 1 миллион 28 мың адамға кө­бейгенін мәлімдеді. (1989 жыл­ғы санақ бойынша еліміздің тұрғындары 16 464 464 адамды құраған болатын.) Статистика агенттігінің соңғы дерегі бо­йынша қазіргі таңда, яғни 2018 жылғы 1 қарашадағы дерекке сәйкес, республикамыздағы халық саны 18 млн 356,9 мың адамды құраған көрінеді. 2009 жылғы санақ мәліметі бойын­ша, республикамыздағы «қазақ­тардың үлесі 67 пайызға жетті» деген дерек жариялан­ды. Ар­тынан бұл цифр 63 пайызға тү­сірілді. Жалпы 2009 жылғы жал­пыұлттық халық санағы тиісті дәрежеде өткізілмеді. Тіп­ті бұл ұлттық санақ шарасын қайтадан өткізу керек деген пікірлер де болды. Кейіннен анықталғандай, 2009 жылғы республикалық жал­пыұлттық халық санағын өт­кізуге бөлінген 1 миллиард 144 миллион мемлекет қаржысы талан-таражға салынып, ұлт­тық санақты өткізуге жауапты бір­қатар мемлекеттік лауазымды қызметкерлер жауапқа тар­тылды. Ұлттық санақта кел­тірілген статистикалық де­ректердің басым бөлігі жарамсыз болып шықты. Осындай ке­леңсіздіктердің салдарынан тәуелсіз мемлекетіміздің он­жылдық мерзімге белгіленетін әлеуметтік-экономикалық, өнді­рістік, демографиялық даму жобаларына зор нұқсан келтірілді.

Міне, 2019 жылы тәуелсіз Қа­зақстан тарихындағы үшін­ші жалпыұлттық халық са­нағы өт­кізілгелі отыр. «Аузы күй­ген үр­леп ішеді» демекші, өткен санақта жіберілген қате­ліктерден сабақ алып, алда тұр­ған ұлттық санақты жоғары дә­режеде өткізу – бір ғана ми­нистр­лік пен санақ жүргізуші интервьюерлердің ғана міндеті емес, бұл болашағына бейжай қа­рамайтын еліміздің әрбір саналы азаматының ұлттық парызы.

Сонымен тәуелсіз Қазақ­стан тарихындағы үшінші жал­­­пыұлттық халық санағы 2019 жылдың қараша айында өткізіледі. Бұл санақтың ерек­шелігі – тұңғыш рет халық са­нағы цифрлы технология бойын­ша инновациялық негізде жүр­гізілмек. Ұлттық экономика ми­нистрінің бірінші орынбасары Руслан Дәленовтің айтуынша, бұл реттегі негізгі жаңашылдық санақ жүргізу жұмыстарын толық компьютерлендіру болып отыр. Яғни, арнайы интернет-портал ашылып, сол ақпарат көзіне азаматтар өздері туралы мәліметті интернет арқылы жолдайтын болады. «Әрине үй-үйді аралап, тіркеу жүйесі де қалады. Себебі барлық адамдар интернет арқылы тіркелмеуі мүмкін. Бірақ біздің ойымызша, ең басты артықшылық – цифрлы технологияны қолдану болмақ», деп атап көрсетті бірінші вице-министр. Ендеше цифрлы технология негізінде өткізілетін ұлттық санақтың ашық та дәйекті болатындығына сенім зор.

 

Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»