Экономика • 01 Қаңтар, 2019

Жаңа салық амнистиясы

545 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жуырдағы Жолдауында 2019 жылдың 1 қаң­­тарынан бастап салықтың негізгі сомасын төлеген жағдайда өсімпұлдар мен айып­пұлдарды есептен шығару арқылы шағын және орта бизнес субъектілері үшін салық амнистиясы шараларын жүзеге асыру жөнінде тапсырма бергені белгілі. Бұл шара қанша қаржы сомасын қамтиды? Салық рақымшылығын жасау шара­ларына кімдер ілігеді және ол қалай жү­зеге асады?

Жаңа салық амнистиясы

Қаржы министрлігі Мем­лекет­тік кірістер комите­ті­нің төрағасы Марат Сұлтан­ға­зиев келтірген деректер мен түсіндірмелерге сүйене отырып, осы жөнінде баян­дағанды жөн көрдік. Өйт­кені қарыз құрығына іліккен кә­сіпкерлер үшін бұл шараның маңызы зор.

Жалпы, салықтық берешегі бар жеке тұлғалардың саны еліміз бойынша 1 238 622 бір­лікті құрайды екен.

Салық түрлері бойынша берешектің ең көбі КТС (кор­поративтік табыс салығы) үле­сінде, бұл – 149,2 млрд теңгені немесе 41,6 пайызды құрайды. Ал ҚҚС (қосымша құн салығы) бойынша берешек – 130,7 млрд теңге немесе 36,4 пайызына тең.

Енді экономикалық қызмет түрлері бойынша келсек, төленбеген салықтың ең көп бөлігі (123,3 млрд теңгесі немесе 36,9 пайызы) көтерме және бөлшек сауда, (98,1 млрд теңгесі немесе 29,3 пайызы) құрылыс саласына, (35,7 млрд теңгесі немесе 10,7 пайызы) тау-кен өнеркәсібіне тиесілі. Өңірлер бойынша ең үлкен берешек Қарағанды облысының үлесінде. Осы облыс кәсіпкерлерінің 55,9 млрд теңге өтелмеген борышы бар. Бұл республикалық берешектің 15,6 пайызын құ­райды. Сондай-ақ Алматы қа­ласы бойынша берешек – 54,2 млрд теңге (15,1 пайыз); Шымкент қаласы бойынша – 48,0 млрд теңге (13,4 пайыз); Шығыс Қазақстан облысы бойынша – 39,3 млрд теңге (10,9 пайыз).

М.Сұлтанғазиев зерттеулер бойынша кәсіпкерлер мойнында салықтық берешектердің қалыптасуына көбінесе, бизнес жүргізудегі сауаттылықтың төмендігі немесе кәсіпкерлер арасында өзара қарыздың қа­лып­тасуынан мүмкіндіктің шек­телуі, енді бір жағдайда нем­құрайдылық пен сылбырлық секілді фактілердің түрткі бо­ла­­тындығын айтып өтті.  Сондай-ақ ол салықтық амнистияны жүргізу үшін Қаржы министрлігінде заң­намаға тиісті түзетулер әзір­леніп, бүгінде Парламент Сенатының қарауына берілгенін атап өтті.

«Түзету жобасы шағын және орта бизнес субъектілеріне 2018 жылдың 1 қазанына сәйкес, 2019 жылдың 31 желтоқсанына дейін негізгі қарызын төле­ген жағдайда өсімпұл мен айып­пұлдарды есептен шыға­руды қарастырады. Бұл ретте 2018 жылғы 1 қазандағы жағдайға сәйкес есептелген айыппұл сомасы, ал негізгі қарыз сомасын төлеу күніне дейін есептелген өсімпұл сомасы есептен шығарылады», деп түсіндірді
М. Сұлтанғазиев.

МКК төрағасының айтуын­ша, өсімпұлдар мен айып­пұл­дарды есептен шығару Салық кодексіне немесе оңалту және банкроттық туралы заңнамаға сәйкес салық­тардың төлеу мер­зімін ұзартқан немесе оңал­ту рәсімінде тұрған салық төлеу­шілерге де қатысты болады.

Айта кету керек, амнистияға ілікпейтіндер қатарында бақы­лауды талап ететін ірі салық төлеушілер; жерасты суларын, емдік балшықты алу құқығына иелік ететін жер қойнауын пай­­даланушылардан басқа жер қойнауын пайдаланушылар; ак­цизделетін тауарларды өн­дірушілер; кәсіпкерлік қыз­мет­пен немесе жеке тәжірибемен ай­налыс­пайтын жеке тұлғалар бар.

Комитет төрағасы са­лық­­­­ амнис­­тиясына тиісті са­лық­ төлеу­­шілердің алдын ала ті­зі­­міне кірген салық төлеу­ші­лерге бүгінде Са­лық төлеуші ка­бинетіне қыс­қаша ақпараттық хабарлама жол­данғанын айтты. Салық төлеуші кабинеті жоқтарға 2019 жылғы 1 қаңтар­дан бастап мекенжайлары бо­йынша поштамен таратылады.

Естеріңізге сала кетейік, тәуел­сіз Қазақстан тарихында кә­сіп­орындардың қаржы-шаруа­шылық қызметін сауықтыру мақсатында айыппұлдарды және өсімақыларды есептен шы­ғару үшін салық амнистиясы үш рет (1997-1999 жылдары, 2011 және 2015 жылдары) жүзеге асырылды. Осылайша әр жолы кәсіпорынға жиналған борышынан құтылып, заңды коммерциялық қызметін жал­ғастыруға мүмкіндік берілді.

Қаржы министрлігінің мә­ліметі бойынша, соңғы екі акция (2011 және 2015 жылдар) кезінде айыппұлдар мен өсімақыларды қосқанда жалпы сомасы 143,7 млрд теңгелік қарыз есептен шығарылды, оның ішінде 2011 жылы – 23,1 млрд теңге, 2015 жылы – 120,6 млрд теңге.

 

Сұңғат ӘЛІПБАЙ,

«Егемен Қазақстан»