Қазақстан • 01 Қаңтар, 2019

Ел білуге тиіс елеулі күндер

1842 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

«Уақытты өлтіру үшін көздеудің де қажеті жоқ» дейді екен. Әне-міне дегенше тағы бір жыл тарих қойнына сүңгіді. Атқан таңын арайға балаған біздің қазақ өткен күнге өкпе артпаған. «Ескі жыл есірке, жаңа жыл жарылқа» деп жақсылық пен жақсы үміттің барлығын алдан күткен. Іргемізден енген жаңа жыл жанға шуақ сыйлайтын жарқын шақтардың жаршысы болғай. Уақыт бедерінде қатталған асқан асу мен бағындырған белес халқым деген қайраткерлердің есімдерімен астасып жатқаны анық. Газетіміздің биылғы алғашқы санында арман-аңсарын ел мұратымен егіз өрген тағылымды тұлғалардың мерейлі жылдарын тізбелегенді жөн көрдік.

Ел білуге тиіс елеулі күндер

 Самал үні салқар даланың ән көгінде қалықтаған Кенен Әзірбаевтың туғанына – 135, қара сөздің зергері Жүсіпбек Ай­ма­уытовтың дүниеге келгеніне биыл 130 жыл. Қасиетті қазақ жырының құлагері атанған Ілияс Жансүгіровтің, өлеңде де, өмірде де өрісін тарылтпаған сұлу сөздің сардары ақын Сәкен Сей­фул­линнің, поэзия, проза, драма сын­ды әдебиеттің бірнеше саласында өнімді еңбек етіп, өшпес із қалдырған Бейімбет Майлиннің, ел тарихында есімі алтын әріппен қашалатын мемлекет қайраткері Тұрар Рысқұловтың, қазақ бастауыш мектебінің теоретикалық және практикалық негізін қалаушылардың бірі, тілтанушы-түркітанушы Телжан Шонановтың, ұлт рухын оятам деп қилы заманның қыспағына ілінген қайрат­кер, публици­ст Сұлтанбек Қожа­нов­­тың туғанына 125 жыл то­ла­ды. Осы орайда қазақтан шыққан тұңғыш ака­­демик Қаныш Сәтбаевтың, тіл білі­мі саласындағы алғашқы қазақ про­фес­соры, түркітанушы, педагог Құдай­бер­­ген Жұбановтың, ұлттық театр өнерінің негізін қалаушылардың бірі Елубай Өмірзақовтың туғанына – 120, қазақ бейнелеу өнерінің хас шебері Әбілхан Қастеев пен ұлттық археология мектебінің негізін қалаған халқының дара перзенті Әлкей Марғұланның дүние есігін ашқанына 115 жыл толатынын да айрықша атай кеткен жөн.

Саналы ғұмырында театр сах­на­сын­да­ғы талай сүйекті рөлдерді сом­­­дап, «Тақиялы періште» кино­фильм­ін­­д­егі ана бейнесімен халық жүрегінде мәң­­гі қалған халық әртісі Әмина Өмір­за­қованың, Екінші Дүниежүзілік соғысында ерен ер­лі­гімен танылған қос бірдей Кеңес Одағының Батырлары Нүркен Әбдіров пен Біліс Нұрпейісовтің туғанына биыл 100 жыл.

Жан сырын өлеңге жайып салып, махаббат, достық, туған жер сияқ­ты мәң­­­­гілік тақырыптарды жыр тілін­де кес­­­­телеген ақын, аудармашы Із­тай Мәм­­бетов, қазақ баспасөзінде ай­шық­ты із қал­дырған қайраткер-қалам­гер Кә­кім­­жан Қазыбаев, қазақ бейнелеу өне­рін­де­гі тұғыры биік тұлғамыз Гул­фай­рус Исмайлова, халқының сүй­ік­тісіне ай­налған әйгілі театр және кино актері Қасым Жәкібаевтардың 90 жыл­дығы.

Қазақ руханиятында есімдері айрық­ша аталатын балалар әдебиетінің клас­си­гі Бер­дібек Соқпақбаев пен жазушы-сатирик Шона Смаханұлы, әйгілі археолог Ке­мел Ақышев, сонымен қатар егемен елі­міздің тұңғыш Қорғаныс министрі, ар­мия генералы, Кеңес Одағының Ба­тыры, Халық қаһар­ма­ны Сағадат Нұр­ма­ғамбетов пен Халық қаһарманы Ра­қым­жан Қошқарбаевтың туғанына да биыл 95 жыл толмақ.

Нақ осы жыл «Өлең, сені аялап өтем» дей­тін өзінің әйгілі тұжырымдамасымен жырға ғашық жүрек­терге дауа болған қазақ­­тың аяулы ақын қызы Фариза Оң­ғар­­­сынова, қара сөздің қасиетін еміп, кей­ін­гіге телегей-теңіз мұра қалдырған мем­­­­лекет және қоғам қайраткері жазушы Әбіш Кекілбаев ортамызда болса 80 жас­қа келер еді. Аман­дық бол­са, жазу­шы Әбді­жәміл Нұрпейісов – 95, ән өне­рі­нің саңлағы атанған қазақтың ерке қызы Бибі­гүл Төлегенова мен қазақ әдебие­ті­нің тарихын, теориясын, Мағжан Жұма­баев сияқты толағай тұлғалардың өмірін індете зерттеген көрнекті ғалым Шерияз­дан Елеукенов – 90, қазақтың қилы тағдырын қаламына арқау етіп, «Алтын тамыр», «Көмбе», «Қазақтар» сынды бірқатар іргелі шығарма жазған Мем­ле­кеттік сыйлықтың лауреаты, жазушы Қой­шығара Салғарин, болашақ ұрпақтың руха­ни дамуына азық болатын бес бірдей ірге­лі мо­но­графияның авторы, айтулы ға­­лым Амангелді Айталы, Парламент Се­­на­ты­ның тұңғыш төрағасы, мемлекет және қоғам қайраткері Өмірбек Байгелді ме­­рей­лі 80 жасқа келеді.

Қазақ баспасөзінің қарашаңырағы «Egemen Qazaqstan» газеті де 2019 жыл­­дың жел­тоқ­сан айында ға­сыр то­йын тойламақ. Қазақ жур­на­листерінің бір­неше шоғырын қалыптастырған абыз басылымда халқымыздың талай қабырғалы қалам­гері қызмет етті. Солардың қатарында ұзақ жылдар бойы «Egemenniń» Маңғыстау об­лы­сын­дағы меншікті тілшісі қызметін атқарған журналист Саламат Хайдаровтың биыл 100 жылдығы. Бір кездері басылымның бас редакторы болған, қаз­ақ баспасөзінде елеулі еңбек еткен Балғабек Қы­дыр­бек­ұлының 90 жылдығы да газетіміздің мерей­лі белесімен тұспа-тұс келіп отыр. Сондай-ақ биыл ұлт рухания­т­­ының алтын ордасы Қазақстан Жазу­шы­лар Одағының құрылғанына 85 жыл тола­ты­нын, «Қазақ әдебиеті» газеті 85 жасқа келгенін ойлы оқырман қауым біле жүргені дұрыс.

Біз келтірген мәліметтер осы жылы ел білуге тиіс мерейлі күндердің бір пара­сы ғана. Бұдан бөлек, тарихымызда ойып тұрып орын алатын бірқатар ірі оқиғалардың дөңгеленген датасы ен­шіміздегі жылмен қатар келетінін ескер­ген жөн. Қаламымызға ілінген «дара тұрар даталар» той үшін, болмаса дүрмек үшін емес. Халқы үшін адал еңбек еткендердің есім­дерін ұрпақ санасында әлдилей алсақ, арамызда жүрген асылдарымызды ардақтай білсек деген игі тілек қана.

 

Арман ОКТЯБРЬ,

 «Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ