02 Қаңтар, 2012

Қазақтар және әлемдік деңгей

1903 рет
көрсетілді
30 мин
оқу үшін

Қазақтар және әлемдік деңгей

Дүйсенбі, 2 қаңтар 2012 0:11

Біз  осыдан үш-төрт жыл бұрын Америкада болғанымызда Солтүстік Каролина штатының бір колледжіне барып, оқушылар алдына Қазақстанды таныстыра әңгіме өткіздік. Алдымызда тұрған глобусты айналдырып, міне Американың тура қарама-қарсы тұсында Қазақстан бар. Ол анадай да мынадай ел, қазына-байлығы соншама деп айтып жатырмыз. Оқушылар селт етер емес, сыңайы ондай елдің бар екенін бірінші рет естіп отыр. Бір кезде әйгілі «Байқоңыр» космодромы сол жерде дегенде балалар жымыңдасып бас изей бастады. Ал, ересектер онда Қазақстанды Семейдегі ядролық полигон, Петропавлдағы СС-20 ракеталарын жасайтын әскери зауыт арқылы ғана білетін.

 

Дүйсенбі, 2 қаңтар 2012 0:11

Біз  осыдан үш-төрт жыл бұрын Америкада болғанымызда Солтүстік Каролина штатының бір колледжіне барып, оқушылар алдына Қазақстанды таныстыра әңгіме өткіздік. Алдымызда тұрған глобусты айналдырып, міне Американың тура қарама-қарсы тұсында Қазақстан бар. Ол анадай да мынадай ел, қазына-байлығы соншама деп айтып жатырмыз. Оқушылар селт етер емес, сыңайы ондай елдің бар екенін бірінші рет естіп отыр. Бір кезде әйгілі «Байқоңыр» космодромы сол жерде дегенде балалар жымыңдасып бас изей бастады. Ал, ересектер онда Қазақстанды Семейдегі ядролық полигон, Петропавлдағы СС-20 ракеталарын жасайтын әскери зауыт арқылы ғана білетін.

Алыс Американы айтамыз-ау, кеше Президентіміз Германия мен Францияға барғанда ондағы адамдардың онынан тоғызы Қазақстан жөнінде ештеңе естімегенін, мына тұрған Еуропаның өзінде қазақтарды танымақ түгіл, білмейтінін де көрсетті ғой. Өте ауыр, бірақ солай! Өйткені осы уақытқа дейін біз Кеңес Одағы шаңырағының астында болып, рұқсат еткенде ғана болмаса, өздігімізден бас шығарып, бой көтеріп, әлем дүниесіне шыға алмадық емес пе?

Енді тәуелсіздік келді. Еркіндікпен бірге жауапкершілік, үлкен міндет түсті мойынға. Осы тұрғыдан ойласақ, не бар, не жоғын бағдарлап, саралайтын кез келді.

Қазақстан әлем алдына тең құқықты тәуелсіз мемлекет болып қосылды. Енді сол әлемдік деңгей, дүниежүзілік талап тұрғысынан қарағанда біздің алатын орнымыз хал-жайымыз қандай, қандайлық екенін әрдайым бағдарлап-шамалап отыруымыз керек. Бұрын бәрін Кеңес Одағының көлем деңгейімен салыстыратын, өлшейтін едік. Ендігі есеп өлшем дүниежүзілік — әлемдік тұрғыдан жүргізілуі тиіс. Қазіргі жер бетіндегі 170-тен астам тәуелсіз мемлекеттердің ішінде Қазақстан өзінің жер көлемі жағынан 9-орын, халқының саны жөнінен 51-орын алады. Қазақстан өзінің қазба байлығы, қазыналары жағынан бұрын Одақта ең алдыңғы орындарға ие болатын. Енді әлемдік деңгеймен өлшегенде де сол кеуде тұстан, тіпті бас жағынан орын алады екен. Дүние жүзінде мұнай қоры жағынан 12-орын, көмір қорынан 9-орын, темір рудасы жөнінен 8-орын, қорғасын мен молибденнен 4-орын, марганецтен 3-орын, хромиттен 2-орын, вольфрамнан 1-орын алады.

Ал Қазақстанның әлем шеңберінде ерекше бағаланатын тағы бір қазынасы бар. Ол электроника, радиотехника ғасырына аса қажет те қымбат сирек металдар қоры. Қазақ жерінде барған сайын қымбаттай түскен никель мен қалайы, титан мен тантал, кобальт пен уранның аса мол қоры шоғырланған.

Иә осының бәрі бар. Бәрі мақтаныш!

Олардың бәрі, әрине, біздің мүмкіндіктерімізді көрсетеді. Ал оның нақты нәтижесі, пайдасы қандай?

Жалпы ұлттық ішкі өнім құны жан басына шаққанда жылына Ресейде 6,30 мың доллар, Украинада 4,75 мың доллар, ал Еуропа елдері бойынша 10,35 мың доллар  болады екен. Қазақстанда бұл мөлшер әлдеқайда аз. Өйткені біз өзімізде сатуға арзан шикізатты көп өндіреміз де, нақты пайда-табысты көп беретін дайын өнімдерді аз шығарамыз. Дегенмен, оған қарамастан, мәдени тұтыныс жағынан мөлшер аз емес. Мың адамға шаққанда журнал-газет шығару, теледидар мен радио құралдарын пайдалану, кітап басу, білім беру жағынан Қазақстан әлемдік орта деңгейден төмен емес.

ҚАЗАҚСТАНДЫ әлем орбитасына қосатын, тартатын құрал — қатынас пен байланыс. Біз бұл жағынан дамыған елдерден әлдеқайда кейін қалғанбыз. Шетелдіктерді осы қиындық қорқытады. Бізде мың шаршы километрге 30 километр асфальт жол салынған. Бұл жағынан Қазақстан Моңғолиядан ғана алда екен. Ал Жапонияда салынған асфальт жол біздегімен салыстырғанда жүз есе көп — 3 мың километрден келеді. Енді әлемдік деңгейге шығу үшін осыны қарау, қамту қажет. Қазақстанды басып Еуропа, Жапония оптикалы-талшық байланыс желісі өтеді.

Дүниежүзілік мән-маңызы бар жолдарды салуға кіруіміз керек. Қытай мен екі арадағы жолдың салынуы Пекин мен Мәскеудің Еуропа астаналарының арасын әлденеше есе қысқартып, Еуропа мен Азияны жақындастырады. Одан әрі осы Трансазиялық темір жол желісін Түрікменстан арқылы Иранға дейін созып апарса, сонда Тынық мұхит пен Парсы шығанағы арасында төте темір жол ашылмақ. Кейін Қызылорда мен Жезқазғанның, Жезқазған мен Арқалықтың арасы жаңа темір жолмен қосылса, сонда Ресей мен Орта Азия елдері де бір-бірімен жақындай түсер еді. Сөйтіп Қазақстан өзінің ұтымды орналасуынан көп пайда табуы ғажап емес. Каспий теңізі арқасында Қазақстан халықаралық теңіз жол қатынасы бар елге айналмақ.

* * *

Әлем сахнасына шыққан соң, адамзат ұяжайына тікелей енген соң, осы қарымға қосатын, беретін нең бар деген сұрақ қойылады да әр халық, әр мемлекет соған нақты жауап іздейді.

Әлемге танылу, әлем деңгейіне шығу — қиын да ұзақ жол. Біз Қазақстанның БҰҰ-ға мүше болғанын, жүзге жуық елдердің танығанын мақтана айтамыз. Ол деген тәуелсіз жаңа мемлекет пайда болғанда табиғи түрде атқарылатын дипломатиялық жоралғылар. Н, Назарбаевтың халықаралық шеңберде көтеріп, қозғап жүрген мәселелерін әлем таныды.

Иә, кәзір халықаралық қызмет қаулап, ұлғайып бара жатыр. Бізде сонау томаға-тұйық заманда көп болмаса да өздерінің қабілет-қасиеттерімен дипломатиялық қызмет атқарған, басқа елдерге танылған қазақтар болған. Сонау 20-шы жылдары Нәзір Тереқұлов Сауд Аравиясы елінде елші болды. Тұрар Рысқұлов Моңғолияда еларалық істер атқарды. 50-ші жылдары қайраткер Төлеген Тәжібаев Біріккен Ұлттар Ұйымының биік мінберінен сөз сөйлеген. Көп жылдар бойы маман-дипломат Мәліх Фазылов әуелі Малида, сосын Мароккода КСРО-ның Төтенше елшісі болып жемісті қызмет атқарды.

Халықаралық деңгейде шетелдерде жүріп танылған қазақтар да болған. Олардың ішінде сонау отызыншы жылдары шетелге кетіп, әуелі Францияда, кейін Германияда жұмыс жүргізген Мұстафа Шоқайдың есімін атауға болады. Оны Батыс Еуропадағы түркі тектес жұртшылық жақсы білді, қадірлейді. Содан кейін атайтынымыз —41 жыл бойы Тайвань парламентінің мүшесі болған, кәзір Түркияда тұрып жатқан мықты қазақ Дәлелхан Жағалтай. Оны Түркияда тұратын қазақтар қатты құрметтейтінін біз сол елде болғанда да, кейін ол Қазақтардың бүкіл дүниежүзілік құрылтайына келгенде де, сол жолы, Ұлытауға барғанда да әбден аңғардық, иландық. Халықаралық деңгейде жақсы еңбек етіп жүрген бір қазақ — «Азаттық» радиостанциясының қазақ бөлімін көп жылдан бері басқарып келе жатқан, сонау жырақта жүріп, қазақ тағдырын, халық қамын жеп, жарғақ құлағы жастыққа тимей еңбек еткен Хасен Оралтай. Осындай қазақтар қатарында әйгілі сайысшы Мұстафа Өзтүрікті де атауымызға болады. Ол әлем чемпионы атағын бірнеше дүркін жеңін алған. «Бұл кім?» дегенде «Бұл — қазақ» деп талай таңқалдыра, тамсандыра айтқызған мықты қазақ!

Алматы халық шаруашылығы, университетінің ректоры Сағадиев Кенжеғалиды Кембридждегі дүниежүзілік өмірбаяндар орталығы 1992 жылдың ең белгілі адамы деп жариялады. Кембридждегі сол орталық өткен жылдың белгілі адамы деп өзіміздің Алматыда тұратын өнертану ғылымының докторы Болат Ишамбайұлы Қарақұловты атады. Ол, «Музыка жүйесінің симметриясы» деген кітабын жазып, онда музыка өнерінің ғылыми жүйесі, атамыз Әл-Фараби секілді музыкада да дәл ғылымдарға тән қасиет, сыпат бар екенін зерттеп, тұжырымдаған. Осы жылдың басында дүниежүзілік өмірбаяндары орталығынан тағы бір хабар жетіп, кейіннен Микробиология және вирусология институтының ғылыми қызметкері Шәрипа Байсариева есімі 1992 жылдың әйгілі адамдарының тізіміне қосылғанын білдік, білдік те мақтандық.

Сонымен әлемге әйгілі Гиннестің ерекше рекордтар кітабына кірген алғашқы қазақ та шығып отыр. Әйгілі спортшы желаяқ-жүгіргіш Марат Жыланбаев атақты кітапқа бір емес, төрт бірдей рекорд жасап кіріп отыр. Ол бір жылдың ішінде 226 мәрте марафон жүгірісін өткізіп, төрт бірдей әлемдік рекорд жасаған. Соны халықаралық комиссия айқындап, мойындап, оның есімін Гиннес кітабына кіргізді. Бұл да қазақтың әлемдік деңгейге іліккенін тағы бір рет көрсетті. Марат — Эльбрус басына жүгіріп шыққандардың бірі. Ол Екібастұздан Алматыға 16 күнде жаяу жүріп жеткен, Қарақұмды 22 күн ішінде жалғыз өзі кесіп өткен. Жақында Сахараны кесіп өтпек. Сосын ол жер шарын жаяу айналып шығуды жобалап отыр. Міне, осылай әркім де өз ісінде әлемдік биікке шыға алатынын көреміз.

Мысалы «Сеймар» концерциумының бастығы М. Сейсембаев, немесе «Бутия» корпорациясының Президенті Б. Әбілов секілді халықаралық іскерлік дүниесіне танымал бола бастаған бизнесмендер мен банкирлеріміз де бар. Бұлар әлем деңгейіне енді шыға бастады.

Бұрын қазақ атын дүние жүзіне жұрттан бұрын жеткізетін, танытатын спортшы-чемпиондар болатын. Олимпиадалар мен бүкіл әлемдік жарыс-сайыстарда талай қазақ атлеттері, боксшілері мен балуандары өздерінің де, өз ұлтының да атағын шығарған. Әмин Тұяқов, Ғұсман Қосанов, Әбілсейіт Айханов, Әбдісалан Нұрмаханов, Серік Қонақбаев, Аманкелді Ғабсаттаров… Олардың атасы Қажымұқан ғасырдың басында балуандардың күрес-жарыстарында бірнеше дүркін жеңіп шығып, әлем чемпионы атанған. Тарихта қазақ есімін Еуропаға алғаш жеткізген күш атасы — алыбымыз болған.

Кешегі екінш і дүниежүзілік соғыста да батыр, қаһарман қазақ жауынгерлері Бауыржан Момышұлының (ол туралы кітап әлемге таралды), екі мәрте батыр Талғат Бигелдинов (көзінің тірісінде, атағы жайылды), Рейхстаққа ту тіккен Рақымжан Қошқарбаев, аяулы да ержүрек қазақ қыздары Әлия мен Мәншүк, жалынды публицист Баубек Бұлқышев қазақ атын әлемге танытып қазақты дүниежүзілік денгейге шығарған.

Әдетте халық ұлт әлемдік деңгейге рухани-ой еңбектерімен, көркем шығармаларымен танылады ғой.

Ал біз осы рухани дүние жайын айтқанда сонау Әл-Фарабиді, Ахмет Яссауиді, Ж. Баласұғынды, Қ. Жалайырды, М. X. Дулатты әлемдік алыптардың қатарына қысылмай қоса аламыз. Содан келе бас ақынымыз, ақылшымыз ұлы Абайды аузымызға алар едік. Өзінің ой тереңдігі, сенім шынайылығы, ғибрат-ұлағаты жағынан адамзаттың ұлы ойшыл, ақындарының кайсысымен болсын тең түседі.

Шынайы асылдарымызды шетелдіктер, сырт көздер де бірден таниды. АҚШ-тың Колумбия университетінің ғалымдары 1967 жылы Нью-Йорк — Лондонның біріккен баспасында «Орта Азия орыс патшасы билеген ғасырда» деген кітап шығарған. Онда Шоқан Уәлихановтың, Абай Құнанбаевтың, ЬІбырай Алтынсаринның ағартушылық, ойшылдық еңбектерін талдап жоғары бағалаған. Содан олардың ізбасарлары Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов туралы жазады.

Басынан бір ғасырды өткерген, соны поэтикалық тілмен суреттеп толғаған Жамбылды дүниежүзілік кұбылыс деп атасақ, артық кеткендік емес. Содан әрі жалындап, лапылдаған өршіл Махамбетті сонау Лермонтовпен, Христо Ботевпен, Адам Мицкевичпен қатар қойып, бірге атауға әбден болады. Онын да жалынды жырлары әлем поэзиясынан өз орнын алады. Аса дарынды ақын-жазушыларымыз — Шәкәрімді, Мағжан Жұмабаевты, Сұлтанмахмұт Торайғыровты дүниежүзілік денгейдегі қаламгерлер десек, тіпті де қателеспеспіз. Бұған Сәкен Сейфуллиннің, Ілияс Жансүгіровтің, Сәбит Мұқановтың поэмаларын, Бейімбет пен Ғабиттің прозасын, Қасым Аманжолов пен Мұқағали Мақатаевтің ойлы-отты өлеңдерін қоссақ, осымен-ақ, қазақ әдебиеті әлемнін әдеби сөресінен өзінің лайықты орнын алмай ма?

Шынын айтсақ, дәл бүгінге дейін ресми түрде әлемдік әдебиеттің таңдаулы, санаулы туындылары қосылған «Бүкіл дүниежүзілік әдебиет» кітапханасына бірден екі том болып кірген ұлы Мүхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясы ғана. Оған талас та, күдік те жоқ — өз орнын кәзір-ақ алды, мәңгілік алды. Ал, әлем халықтарының рухани байлығына — дүниесіне лайықты үлес болып қазақтың ғажайып ерлік дастандары, ертегілері қосылатынын айтпаса да белгілі.

«Қазақстан жазушыларының шығармалары әлем халықтарының тілдерінде» (1989 ж ), деген кітаптағы деректерге қарағанда кәзіргі жазушылардың ішінен шет тілдерге бәрінен көп аударылған — Ә. Нұрпейісов, О. Сүлейменов, Ә. Әлімжанов, Ә. Кекілбаев шығармалары негізгі тілдерде жарық көріп, әлемдік корға кірген.

* * *

Ал енді біздің басқа халықтар алдында мақтана да қуана ұсынар бір ұланғайыр байлығымыз, мұрамыз бар. Ол — қазақтың халық әндері мен күйлері. Әлемдік музыка энциклопедиясына ұлы Қорқыттың, Құрманғазының, Дәулеткерейдің, Тәттімбеттің, Динаның, Ықыластың, Сүгірдің ғажайып күйлерін толығынан кіргізуге болады. Ол ұланғайыр алыптарды әлем әлі күнге дейін білмейтін болса, оларды білдіре, таныта алмай жүрген кінә өзімізден. Біржанның, Ақанның, Мәдидің, Сегіз серінің әндерін шет тілдерге аударылған сөздерімен орындаса, қанша жұрт таңырқар еді. Олардан басқа да дүниежүзінін музыка мәдениетіне ұялмай ұсынатын туындыларымыз бар. Музыканың бір жақсысы — оны аудармасыз қабылдайды. Алдымен Мұқан Төлебаевтың сан сырлы әуеңге толы — «Біржан-Сара», Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің «Абай» операсын атар едік. С. Мұхамеджанов пен Ш. Қалдаяқовтың тамаша туындылары, Е. Рахмадиев пен Ғ. Жұбанованың симфониялық шығармалары халықаралык деңгейде кәзірде де таныла бастаған, әлі жалғаса береді! Ал, олардан кейін елти тыңдайтын күміс көмей әншілеріміз, ес тандырар сазгерлеріміз, мың бұралған бишілеріміз бар дегенде еске кім түседі, ауызға кім алынады? Сонау 20-шы жылдардың өзінде халықаралық конкурсқа барып, жүлдегер болып қайтқан Әміре Қашаубаевты, талай елдер тамсана тыңдаған Күләш Байсейітованы, биіне тәнті болып, қызыққан Шараны кезінде көбі ести де,көре де алмады, ал егер көрсе бүкіл әлем бағалар еді-ау! Қай елде, қандай залда болса да тыңдаушы-көрушінін бәрін мойындатып, естен тандыратын ғажап ұжымдар бар. Олар Қүрманғазы атындағы қазақтың мемлекеттік ұлтаспаптар оркестрі, Нұрғиса Тілендиевтін «Отырар сазы» оркестрі мен Болат Аюхановтың классикалық балет театры. Оларды мойындамау мүмкін емес!

 

Жұрт қазақ өнерін әлі еркін көріп-білген жоқ. Басты мақсат — сол өз халқымыздың өнері арқылы бейнесін, рухын білдіру, таныту Қөркем өнерді көпке дейін біз достық күндері болғанда делегациямен ала барып, мәжілістен соң шағын топтарға тегін көрсетіп, бәлен елде бәлен тілде өнер көрсеттік деп мақтанатынбыз. Өнерді тану, мойындау олай жүрмесе керек. Нағыз өнерді, өнерпазды шетелдіктер өздері іздейді, табады, шақырады. Олар — халықаралық деңгейде әрі ұлттық, әрі әлемге ортақ классикалық дүниелерді ғажайып орындай алатын Әлібек Дінішев пен Роза Рымбаева, Айман Мұсаходжаева мен Жәния Әубәкірова сияқтылар. Шынайы талантты кейде шетел бұрын таниды. Шетелдерде бізден тыс, өз ырқымен танымал-бағалы болып жүрген тағы бір өнерпаз бар. Ол — әлемде сирек ұшырасатын ерекше дауыстын иесі Ерік Қүрманғалиев. Ол Атырау аймағында туған, Мәскеуде білім алған. Қәзір өзіндік ерекше өресімен режиссер Роман Винтюктің бір елге емес, бар елге арнап қойған спектакльдерінде аса қиын, күрделі рольдерді атқарады. Немесе, Алтынай Асылмұратованы алайық. Ол Санкт-Петербургтегі Марийнск театрының бишісі, Париждегі халықаралық бәйгенін бас жүлдегері. Қәзір уақытша шартпен Лондондағы Король театрында өнер көрсетеді. Оның ұлты қазақ, Алматыда туған. Әке-шешесі осы біздің опера және балет театрында істеген. Ғажап ғаламат биші!

Сөзсіз, аудармасыз түсінетін сурет өнері саласында біз өзіміздің ұлттық өнеріміздің нағыз бастауы болған, нағыз өнердің лебін еш әсірелеусіз сездіретін, жеткізетін Әбілхан Қастеев өнерімен әлемді таныстыру — борышымыз. Одан басқа ерекше, өзінше келетін суретшілер аз емес. Сабыр Мәмбеевтің, Жанатай Шәрденовтің, Салахитдин Айтбаевтің, Әбдірәшит Сыдыхановтың, мүсіншілер Еркін Мергенов пен Төлеген Досмағамбетовтің, біраз жас суретшілердің (олардың қатары әлі-ақ көбейеді), ұлттық, халықтық бояуы, нәрі бойына сіңген туындылары басқа елдерге түсінікті де жақын.

Біз бір кезде ЮНЕСКОның қарамағы-қорғауына беруге лайық ескерткіштердің тізімін жасағанда қатты ойланғанбыз. Алдымен бүкіл дүниежүзілік маңызы-мәні, бағасы-құны бар ескерткіштер болуға тиіс қой. Әрине, әуел бастан Қожа Ахмет Яссауидің кесеңесі аталады. Соған ілесе Арыстанбап, Айша бибі кесеңелері әлемге әйгілі Отырар каласының орны, Ұлытаудағы — Жошы хан мен Алаша ханның мазарлары (тарихи жағынан ғана емес, көркемдік жағынан да), Маңғыстаудың жерастындағы және жер үстіндегі сан алуан ғажайып мешіт-кесенелері — міне, әлемдік мәні бар дүниелер қатарына осылар қосылар. Ал, Есік қорғанынан табылған алтын адам — өз алдына. Ол дүниеде теңдесі жоқ, бірегей кездесер қасиетті дүние. Біздің сан ғасырлардан сақтап, алып келе жатқан ғажайып ескерткіштеріміздің, өнерлеріміздің біразы әлі әлемдік мұраға лайықты орнын тауып енеді.

Әбіш Кекілбаев екеуміз Нью-Йорктің «Метрополитен» музейінде Шығыс бөлімінен қазақтың не ғажап кілем, текемет, киіз-үй жиһаздары секілді ұлттық асыл бұйымдарын көріп, қатты тебірендік. Ата-бабаларымыздың қолынан шыққан сол асыл дүниелер енді әлемнің биік төрінен орын алғанын көріп мақтандық та. Бірде Шыңғыс Айтматов Швецияда, халықаралық көрмеде қазақтың сүйегіне алтын жалатылған, ғажайып әшекейленген киіз үйін көрдім деп сүйсіне айтқаны есімде.

Эрмитажда да Қарғалы мен Шіліктінің сары алтын бұйымдары түр. Осы бір тілсіз мұрағаттар қазақ жерінің, қазақ елінің атын, талантын әлем жұртшылығына танытып, паш етіп тұрған жоқ па?

Қазақ киносы өзін де, елін де әлемге, ең аз дегенде дүниежүзілік кино әлеміне кеңінен танытып, қазақ даңқын шығарды десек, артық айтқандық емес! Жалпы, кино бұрын да өз халқын басқа жұртқа танытуда теңдесі жоқ өнер болатын. Қазақтың таңдаулы фильмдері бұрын да талай елдерге белгілі болып, халықаралық байқауларда жүлделер алып, ең бастысы, басқа жерлерге қазақ халқының есімін, өмірін, мәдениетін, тұрмыс-салтын таныстырған болатын. Шәкен Аймановтың, Мәжит Бегалиннің, Абдолла Қарсақбаевтың таңдаулы фильмдері, Әлкен Хайдаров жасаған қазақтың тұңғыш мультфильмдері әлемдік деңгейден шыққан. Сұлтан Қожықовтың «Қыз Жібек» фильмін жер бетінің сан тарапында жүрген қазақтар бейне жазу таспасына көшіріп алып, үйді-үйлеріне де ұстайды екен. Соңғы кезде жас режиссерлер Е. Шынарбаевтың, А. Өмірқұловтың, Р. Нұғмановтың, Т. Теменевтің, С. Апырымовтың, Д. Манабаевтың көркем фильмдері, О. Рымжановтың, С. Әзімовтің, А. Шыжымбаевтың деректі ленталары халықаралық байқауларда жоғары жүлделер алып, ел көзіне түсіп, жұрт аузына ілініп, талай елдерді аралап кетті.

Әзірбайжан Мәмбетов кешенің өзінде Мәскеу, Прага театрларында спектакльдер қойып, Парижде көрсетіп, театр өнерінің халықаралық деңгейіне жеткен. Соны жалғастыратын болса…

* * *

Біз бұрын өзіміздегі ғылымның дәрежесін одақ деңгейімен саралап-бағалап келдік қой, Мәскеуге есімі белгілі болса орталыққа еңбегі жарияланса; орыс ғалымдары ол туралы пікір айтса, біз сол ғалымдарды елге танылған, әлемге шыққандар деп санадық, бағаладық. Біздің ғалымдар Мәскеуге танылмай тұрып, оны аттап өтіп, дуниежүзілік деңгейге шыға алмайтын. Қай шет тілге аударса да әр еңбек орыс тілі арқылы өтетін, қандай шетелге барса да ғалым Мәскеуден орталық арқылы кететін. Соған қарамастан ол кезде де Одақ шеңберінен шығып кетіп, әлемдік орбитадан орын алған ғалымдарымыз болған. Мұнда алдымен ғүлама ғалым Қаныш Сәтбаевті айтамыз. Оның әлемдік геология ғылымында алғаш рет жасалып, қолданыла бастаған металдарды барлаудың болжамдық геологиялық картасының түжырымдары мен қағидаларын басқа елдердің геологтары мойындап, жоғары бағалаған, кеңінен колдаған. Әлікей Марғұлан әлемдік деңгейдегі ғалым. Сондай-ақ Қазақ математиктерінің А. Тайманов, Ө. Жәутіков бастаған тобы да математика ғылымынан өздерінің төл де соны орнын тауып, өз жаңалығын әкеліп қосты. Талантты ғалым Мұрат Айтқожин молекулярлық генетика саласында генетикалық клетканың құрылысын зерттеуде өзіндік жаңалық ашып, әлемдік ғылымға, өз үлесін қосып келді. Ол әйгілі ғалым А. Спиринмен бірге Лениндік сыйлық алғанда оны әлем білген. Қазақстанда химия ғылымы саласында Әбікей Бектұров негізін салған, бастаған фосфор химиясына қосқан үлесін талай елдердің әріптестері мойындаған. Металлургияда Евней Букетов орасан зор еңбек еткені белгілі. Біздің елімізде көп жылдар бойы астрономия саласында нәтижелі де жүйелі жұмыстар жүргізілген. Қазақстан — осы ғылымның әлемдік маңызы бар орталығы.

Аспан әлемінде жаңадан ашылған бір кішкене планетаның «Сәтпаев» болып аталуы әлем астрономдарының біздің елді, ғылымды бағалап сыйлағанының көрінісі емес пе? Соңғы кездерде бірқатар қазақ ғалымдары өздерінің салаларында халықаралық деңгейге шығып, өздерінің есімдері мен еңбектерін әріптестеріне таныта бастады. Жалпы, кәзіргі ғылымда бұрынғыдай бірден бәрі де бүкіл әлемге әйгілі болсын деп талап қою қисынсыз. Әзірге әрбір сала қайраткерлері өз ғылымын дамытуда халықаралық деңгейге шығуы тиіс. Есімдерін көп елдер біліп, өздерін әрқилы әлемдік конгресс-жиындарда танытып жүрген казақ ғалымдары баршылық. Тарих саласында Манаш Қозыбаевтың, философия аумағында Жабайхан Әбділдиннің, геология ғылымында Айтмұхамбет Абдуллиннің, тағам проблемасы жөніндегі Төрегелді Шармановтың, механизмдер мен мәшинелер саласынан Өмірбек Жолдасбековтың, лазерлі технология саласында Ғалым Әбілсейітовтің есімдері мен еңбектері дүйім елге мәлім.

Археолог Қ. Ақышев еңбектерінін дүниежүзілік маңызы бар. Ғалымдар қатарында ғылыммен болмаса да тәжірибе — қыруар еңбектерімен әлемдік рекордтардың иегерлері болған тарының тәңірісі, атасы Шығанақ Берсиев (ол туралы әйгілі неміс ақыны Брехт дастан жазған), ақ күріштің атасы дала академигі аталған Ыбырай Жақаев әлем диқандарының құрметті қатарынан орын алады.

Қазақстан дүниежүзілік ғылыми байланыс құрылымына кіруге тиіс. Халықаралық ұйымдарға, техникалық, технологиялық орталықтарға ену өте қажет. Бұл жағынан біздегі Байқоңыр ғарыш аймағынан және ғарышқа байланысты ғылыми-техникалық проблемаларды шешуге араласамыз. «Энергия — Боран» бағдарламасына қажет композит материалдар, феррит ұнтақтары технологиясы Қазақстанның өзінде жасалған болатын. Мұның дүние-жүзілік мән-маңызы бар. Семей полигонындағы ядролық ракеталық двигательді пайдаланып, Марсқа ұшу бағдарламасына АҚШ-пен, Россиямен қатар Қазақстанның қатысуы — аса бір маңызды іс болмақ. Мұндай жұмыс қаншама қазақ ғалымдарын әлемге әйгілі етеді. Бұрын оларды сырттан малданып, мәз болып жүретінбіз, енді оларға тікелей өз ғалымдарымыз араласады. Әлемдегі заңғар Нобель сыйлығын алған ғалым қандай алыста оңаша, көпке белгісіз салада (көбінесе солай келеді) істесе де бір күнде дүние жүзіне белгілі болып шыға келеді емес пе? Әттең, әзірге ол сыйлыққа жеткен, ие болған қазақ ғалымы жоқ. Оқа емес, көршілес елдер де қағажу қалып келеді. Бәрі алда. Талай талантты жастарымыз сол сыйлыққа ұмтылар да талпынар. Иә, біз кәзір «Марсқа ұшу», «Ядролық двигатель», «Нобель сыйлығы» деген бүкіл адамзаттық асқақ дүниелерді атап, айтып отырмыз. Әлемдік деңгейге ұмтылу деген осы. Сонымен, енді атқарған ісімізді, қозғаған ойымызды әлемдік деңгейде қарайтын, алған орнымызды дүниежүзілік тұрғыдан бағалайтын болайық. Қасиетті де жауапты заман келді.

Камал Смайылов

30 сәуір 1993 жыл