Әдебиет • 10 Қаңтар, 2019

Өз сынынан қорыққан драматург (1-бөлім)

953 рет
көрсетілді
22 мин
оқу үшін

Н.В.Гоголь өзінің хаттарының бірінде былай деп жазған еді: «Театр деген еріккеннің ермегі емес, әрбірден соң қажеті жоқ бос әурешілік те емес. Егер оның шаңырағының астына бір-біріне ұқсамайтын мыңдаған адам сыйып, сол мыңдаған адам бір сәтте күліп, бір сәтте күңіреніп, бір сәтте көзіне жас алып күрсінетін болса, оны қалайша қасиет тұтпауға болады? Ол деген барша әлемнің алдында асқақ үніңді білдіре алатын алып кафедра ғой». Бұл жолдарда Гоголь театр дегеннің шынайы бейнесі мен мәнін, оның бүкіл болмысын ашып көрсете білді.

Өз сынынан қорыққан драматург (1-бөлім)

Драмалық шығармашылықты қандай ағымдар жетелеп, сах­налық идеалдар уақыт талабына сай қандай формаларға көшіп-қонбасын, театр үшін ешқашан өзгермейтін заңдылық бар, ол заңдылықтың аты – бәрінің бір сәт­те әсерлену заңы (закон общего переживания), яғни залдағы көрермендердің сахнада өтіп жатқан оқиғаларға реакциясы. Қандай жағдай, қандай заман болсын, театрда ешқашан бұлжымайтын бірыңғай әсерлену заңын драматург, мейлі ол жас бол­сын, мейлі кемеліне келген драматург болсын, бұл заң­дылықты өзгерте алмайды. Бұл заңдылықты ол қашан, қай кезде меңгереді? Туа бітті ме, жүре біт­ті ме? Кез келген драматург­ шығармасын жазу үстінде мұн­дай заңдылықтарға сүйене отырып жазбайтыны белгілі, ол мұның бәрін ішкі түйсік ар­қылы сезініп отырады. Ал іш­кі түйсік пен бірыңғай сезіну заң­ды­лықтарын шығарма барысын­да өне бойы сақтап отыру Гоголь сияқ­ты туа бітті талантқа тән қа­сиет. Драмадағы алдыңғы эпизод келесі эпизодтың интригасына жауапты. Оқиға эпизод сайын ши­рығып, шиеленісіп отыруы тиіс. Көрермендер оқиғадан «суып» қалмау үшін драмалық, комедиялық ситуациялар көрініс сайын жаңарып, баяндалып келе жатқан оқиғалар күтпеген жерден басқаша бағыт алып, өсіп, өршіп отыруы тиіс. Мұндай оқи­ғалар тізбегінің бәрі бастан-аяқ ұлттық психология мен ұлт­тық болмыстың шеңберінен шық­пауы тиіс. Гоголь ұлттық, та­за орыстық комедия жасай біл­ді, шығармаларының бәрін ұлт­тық эффектіге құра білді. Су­мароковқа дейін бір жарым ға­сыр бойы Ресей сахналарында сай­ран салып келген неміс пен фран­цуз театрларының әсерінен ұлы комедиогроф Грибоедовтің өзі арыла алмаған болса, Гоголь барлық бөтен өнерден іргесін аулақ салған тап-таза орыс оқи­ғасын, орыс тұрмысын, орыс адам­дарын, орыс психологиясын, қысқасын айтқанда, орыс күл­кісін сахнаға алып шықты.

Театрдың өмірдегі шынайы, нағыз халықтық рөлін ерекше бағалай білген Гоголь өзінің ең атақты комедиясы «Ревизорды» жазуға айрықша дайындықпен кірісті. Астана емес, губерниялық үлкен де қала емес, Ресейдің бір түкпіріндегі шағын қаланың арасынан Н.В.Гоголь бүкілресейлік ащы шындықтың бетін ашып бере алатын адамдарды іріктеп алып, әр адамға орыс өміріне тән типтік оқиға мен типтік об­раз­дар галлереясын асқан ше­бер­лікпен жіпке тізгендей қара­пайым әдіспен тізіп шықты.

Барлық елдің түгелдей дерлік классик драматургтері оқиға желі­сін шиеленістірудің амалын әркім әртүрлі әдіспен қарас­ты­рып, экспозицияны біршама созып алатын да, шиеленісті бастау үшін бірнеше сахналық көрі­ністерге жүгінетін. Ал Гоголь үшін бір-ақ сөйлем, жалғыз-ақ фраза жеткілікті болды. Қала бастығы Антон Антонович Сквоз­ник-Дмухановский: «Мырзалар, мен сіздерді аса бір жайсыз хабар айту үшін жинап отырмын: бізге ревизор келе жатыр».

Осы фразамен пьеса бірден басталды да кетті. Осы сөйлем пье­саның фабуласын да анықтап берд­і. Ең маңыздысы – жұрттың бәріне үрей тастап өтті. Пьеса персонаждары ғана емес, залда отырған адамдардың да санасын үрей билеп алды: «енді не болар екен, әрі қарай кейіпкерлерді не күтіп тұр?» деген сұрақ театр атмосферасын бірден жайлап алды. Фабула әрі қарай қа­лай дамымақ, салған жерден, пье­саның алғашқы фразасымен бас­талған үрей мен қорқыныш әрі қарай қалай жалғасын таппақ? Комедияның бүкіл энергетикасын бір ғана сөйлемге сыйдыра білген Гогольдің фантазиялық қуаты бүкіл спектакльдің аяғы­на дейін жете ме, әлде, орта жол­­дан өтпей жатып оқиға же­лі­сі қожырап кете ме? Пье­са­ны оқыған, спектакльді кө­ріп отыр­ған оқырман мен көрермен­дердің кө­кейінде тұрып алатыны да осы сұрақ.

Гогольдің мұндай сауалды пье­саға кіріспей тұрып-ақ өзіне қоя білгені шығарма барысында көз жеткізу оңай. Алғашқы беттерден-ақ әр кейіпкердің өзіне тән мінезі, сөйлеу мәнері ала­қандағыдай анық боп шыға келді. Көрер­мен қала бастығының әлгі сөзінен кейін-ақ оқиғаның әрі қарай жалғасын көруге ынтыға түседі. Залда отырған адамдарды, Гогольдің өз сөзімен айтқанда, «бірін-бірі танымайтын 5-6 мың тобырды» шашау шығармай уысында ұстап, бәрін бір адамдай сахнаға телміртіп, түймелерін үзгенше күлдіріп, ең соңында кү­ні бойы өздеріне-өздері кү­ліп отырғандарын түсініп, кейіп­­керлермен бірге «мылқау сах­наға» тап болып, «енді қайттік?» дегендей бәрін үнсіз қалдыруға дейін жеткізетіндей Гоголь қан­дай айла тапты? Оның коме­дия­сындағы динамика мен сар­қылмас ішкі қуат бірте-бірте өр­шіп барып, әр түрлі талғам мен әр түрлі түсініктегі «тобыр­ды» найзағай түскендей бір сәтте катарсиске әкеп тіреу үшін сарқылмас юмор мен трагедия­ның кілтін қалай тапты?

Әрбір ұлы шығарма қашанда қара­пайым. Гоголь өмірдегі бар­лық көрген-білген, естіген күл­кілі, келеңсіз жайларды юмор мен сатираның жібіне тізе білді. Оқиғаны өмірдің өзінен ойып алып, елеп-екшеп, іріктеп, ең қажеттілерін ғана қағазға түсіре білді. Неміс классигі Томас Ман­ның «Театр – тобырды ұлтқа ай­нал­дырады» деген атақты қанат­ты сөзі дәл осы «Ревизорға» арнап айтылғандай еді.

«Ревизор» тобырды ұлтқа айналдырды. Бірін-бірі танымай­тын әртүрлі психологиядағы адам­дардың спектакль бітіп, күл­кілері саябырсыған кезінде әр­қайсысының басына: «Біз кімбіз осы? Қайда бара жатырмыз? Мы­надай өмірді күнде көріп, күнде бетпе-бет келіп жүрген жоқпыз ба? Сонда да үндемейміз. Түзелуге тырыспаймыз. Бүйтіп өмір сүруге болмайды ғой. Күні бойы неменеге жетісіп күлдік? Бұл – күлетін нәрсе ме еді? Енді қайттік, енді не істеу керек? Мы­на қалпымызбен ел бола алмаймыз ғой», деген қалың ой келді.

«Ревизордың» ең басты жеңі­сі мен жетістігі – елдің санасын өнер арқылы тәрбиелеуге бола­тындығын дәлелдеп кетті. Гоголь­дің көрегендікпен айтқан: «Бірін-бірі танымайтын тобыр бір мезгілде күліп, бір мезетте ес жиып, бір мезетте ойға шомады» – деген сөзі расқа айналды.

Қаланың қонақ үйіне Петер­­бург­тен кеп орналасып, қызмет­шісі екеуі екі жетіден бері аштан-аш бұралып, ішкен тамақтарына ақы төлей алмай жатқан студентті ешкімге айтпай, қала өмірін өз бетінше тексеріп жүрген реви­зор екен деп әбігерге түсіп, басы қала әкімі боп алаңсыз жат­қан студентке неше түрлі қыз­мет көрсетіп, ең ақырында күт­кен ревизорлары ол болмай шық­қан соң бәрі аң-таң боп тұр­ғанда, даладан почтмейстер ал­қына кіріп, қалалық қонақ үйге Петер­бургтен нағыз ревизор кеп, қала әкімі мен оның төңірегін түгелімен өзіне тез жетсін деп ша­қырып жатқанын айтқанда, олар­дың бәрі «аһ»-лап, тұрған-тұр­ған орындарында қатты да қалды. Көрермендер де құлаққа ұр­ған танадай үнсіз.

 

Өлі сахна

Драматургия тәжірибесінде өлі сахнаны өмірге тұңғыш алып келген де Гоголь болды. Ол тіпті өлі сахнаның уақытын пьесада «бір жарым минут» деп дәл көрсетіп те берген. Алайда, сах­надағы бір жарым минут үн­сіздік – бітпейтіндей тым ұзақ еді. Шымылдық 52 секундта жабылған. Спектакльді қоюшы Немерович суфлерға келіп: – Сен неге шымылдықты ерте жаптың? – деп сұрағанда ол: «Енді бір секунд болса менің жүрегім жарылып кетер еді» деп жауап беріпті.

Сахна мен көрермен залы да мұндай ұзақтыққа шыдай алмас еді. Партерде отырған бір әйел үнсіздікті бұзып: «Құ­дая тоба! Ак­тер­лар­дың қазір жү­рек­тері жа­­ры­лып құлап түсе­тін шығар!» деген дауысы мүл­гіген тыныш­тықты бұзып, саңқ ете түскенде барып жұрт есін жиған көрінеді.

Гогольдің балалық шағы Ук­раина­дағы Миргород қаласы­ның маңындағы хуторда өтті. Ол жастайынан ел ішіндегі аңыз-әңгімелерге, ертегілер, ескі­лікті ән-жырларға құмар болып, олар­дың бәрін көкірегіне түйіп өсті.

Гоголь тақыр жерде пайда­ болмаған жазушы. Оның әке­сі Василий Гоголь «Собака Вивия», «Простак или хитрость женщины, перехитреняя солдатом» ат­­ты пьесалар жазып, олары көп­­теген әуесқой театрларда қойыл­ған. Гоголь жастайынан театр­мен әуестенеді. Алғашында ол Крыловтың «Қыздарға са­бақ» атты комедиясында ойна­ды. Гогольдің бір замандасы Фонвизиннің «Недоросль» пьеса­сындағы Гогольдің рөлін былай бағалады: «Мен бұл пьесаны Мәс­кеуде де, Петербургте де көр­дім, бірақ, Простакованың образын он алты жасар Гоголь сияқты бірде бір актриса жеріне жеткізе ойнаған емес».

Гоголь комедиялармен қатар, Озеровтың «Афиналық Эдип» траге­диясында да тамаша образ жасаған актер.

Гоголь әдебиетпен де айналыса бастады. Ол Пушкин өлең­дерін өлердей сүйді. Оның талантына өле-өлгенше бас иіп өтті.

Бірақ оның алғашқы шығар­ма­ла­ры сәтсіз болды. («Ганц Кюхельгартен» поэмасы). Театр­да да тұрақтап жұмыс істей алмады. Гимназияны бітірген соң Петер­бург сахнасына шығуға әрекет жасап көрді. Бірақ театр шенеуніктері оны тыңдап, көріп болған соң «театрға жараса да мар­дымсыз жанама рөлдерден әріге бара алмайды» деп баға бер­ді.

Жолы болмаған Гоголь департаменттерде ұсақ-түйек писарлық жұмыстар атқарды. Тіпті, сурет салумен де шұғылданып көрді.

Бір таңғаларлығы – әр өнер­дің басын бір шарпып жүріп, ол ғайыптан Санкт-Петербург универ­ситетінің тарих пәні бойынша мұ­ғалім (!) болып орналасады. «Бізге оның сабақ беру әдісі де қызық болатын. Бұл менің Гогольді тұңғыш рет көруім еді», − деп еске алады И.С.Тургенев. – Бізге, үшінші курс студенттеріне ол Гоголь-Янов­ский деген фамилия­мен сабақ берді. Ол өзінің әдеті бойынша үш сабақтың екеуіне кел­мейтін. Бір сабақтың өзін әр­түрлі әңгімелер айтып, айда­ладағы Палестина мен Шығыс халықтары туралы басы жоқ, аяғы жоқ лекцияларын әзер айтып бітіретін. Оның тарихтан еш хабары жоқ екенін біз іштей түсіндік. Емтиханның өзін де басқа мұғалім қабылдап, тісі ауырған адамдай Гоголь жағын таңып алып, үнсіз отыратын-ды. Өзінің балдырғанды көр деп, батпаққа түсіп кеткенін түсін­ді ме, көп ұзамай ол «про­фес­сорлықтан» бас тартып, өз еркімен отставкаға кетті. Отс­тавкаға жай кете салған жоқ, өзі­нің қанатты сөзін айтып кетті «Бел­гісіз боп келіп ем, белгісіз боп кетіп барамын» деп жарияға жар сап кетті.

Осыдан соң ол өзінің тағдыр дайындап қойған ең басты жолы – әдебиет жолына бір жолата бет бұрды. Бұл жол – бәріміз үшін қымбат жол еді».

Гоголь халық өмірін шындап зерт­тей бастады.

Ақыр соңында «Вечера на хуторе близ Диканьки» повесінің бірінші бөлімін, онан соң екінші бөлімін жариялады. Бұл шығарма жұртты дүр сілкіндірді. «Они изу­мили меня, – деп жазды А.Пушкин. – Вот настоящая весе­лость, искреняя, непринуж­денная, без жеманства, без чопор­ности. А местами какая поэ­зия! Какая чувствительность. Все это так необыкнавен­но в нашей литературе...» «Совре­менник» журналында А.Плетнев бұл шығарманың драмалық тұстарына өте жоғары баға берді.

Гоголь шығармаларындағы драмалық ерекшеліктерді театр­лар да байқады. Бұл шығарма көп ұзамай «Рождество қар­саңын­дағы түндер» деген атпен сахнаға қойылды.

Гогольдің А.Пушкинмен дос­тығы басталды. Бұл достық Го­голь өміріне ерекше өзгеріс ен­гізді. Өркениеттен аулақ жатқан шағын ғана хутор адамдары неше түрлі қорқынышты әңгімелер айтуға да өте шебер болатын. Гимназияны бітіріп, Петербургке келген кезінде ол анасына хат жазып, ел ішіндегі фольклорлық-этнографиялық әңгімелерді, өз әкесі жазған комедияны жіберуді өтініп, үзбей хат жазумен болады. Соның нәтижесінде ол өзінің ең алғашқы шығармасы – «Диканька маңындағы хутор­дағы кештер» деп аталатын повес­­тер циклын жазып шықты. «Рос­сияның көзі ашық зиялы қауымы малороссияның, яғ­ни Украинаның тарихы мен бүгін­­­гі өміріне аса қызығушылық біл­діріп отырғанына әбден көзі жеткен Гоголь Украинаның ұлттық тәуел­сіздігі жайлы жазылған ро­ман-повестерді анасы арқылы ал­дырып, оларды байыппен оқып шықты. Орыс әдебиетінде Ук­раина өмірі жайлы жазылған декабрист-ақын Рылеевтің «Вой­на­ровский», «Наливайко» поэ­маларын және О.Сомовтың, На­режнидің романдарымен таныс­ты. Орыс әдебиетін құныға оқи бастады.

Көптеген жазушылар сияқты Гоголь де шығармашылық жо­­лын өлеңмен бастаған. Гим­на­зия­да оқып жүргенде жазып, Петербургте аяқтаған «Ганс Кю­­хель­гартен» атты поэма­сын 1829 жылы бітіріп, сол жы­лы журналда жариялайды. Жуков­скийдің дәстүрінде жа­зыл­ған бұл романтикалық-идил­­­лиялық поэма қатты сынға ұшы­рады. Ызаланған Гоголь бүкіл тиражды түгел сатып алып, бәрін де өртеп жі­береді.

Гоголь шығармашылығында­ғы осы бір оқиға айрықша бет­бұрыс жылы болды. Ол поэзия­ны біржолата тастап, проза­ға ауысты. Бұл жылдар орыс әде­­бие­тінің де дүркірей дамып келе жатқан кезеңі еді. Го­голь­дің жас жазушы ретіндегі ал­ғаш­қы қадамы Пушкиннің «Ев­гений Онегин» романының ал­­ғашқы тарауларының жария­ланып, «Полтава», «Борис Го­дунов» жарыққа шығып, Пуш­­кин ұйымдастырған «Ли­­те­­ра­турная газетаның» алғаш­қы саны оқырман қолына тиіп, Ре­сей шығармашылық интелли­ген­циясының дүрлігіп жатқан кезі еді. Пушкиннің «Борис Году­новы» Гогольдің өмірге, әде­биет­ке деген көзқарасын мүлде өз­гертіп кетті.

Гогольдің бұл шығармалары жайлы тебіреніске толы мақала­лары мен «Диканька маңындағы хутор­дағы кештер» циклына­ бер­ген Пушкиннің жоғары ба­ға­­сы жаңа бағыттың есігін айқара аш­ты. Осы мақалалар мен шы­ғар­малардан зор әсер алған Н.В.Гоголь өзінің жазушылық-азамат­тық кредосын анықтап, барлық шығармашылық күш-қуатын шындық жолына жұм­сау­ға бел буды.

Гогольдің үлкен әдебиетке деген бұралаңға толы қысқа да ұзақ жолы осылай басталды. Қысқа болатыны – ол бар-жоғы 43 жыл өмір сүрді. Ұзақ болатыны – сол жолда көрген ғасырға татырлық азапты ғұмыры.

Н.Гогольдің «Ревизоры» жа­­са­­ған бүкілхалықтық дүр­бе­лең­­ді ешқандай бұрынғы пьеса­лар жасаған жоқ. А.Су­ма­раков­тың «Хорев», А.Грибое­довтың «Ақылдың азабы», Д.Фон­ви­зиннің «Тоғышар» пьесалары орыс сыншыларының арасында мақтанышқа толы сан алуан пікір­лер тудырып, әдебиет сынымен қатар жоғары дәрежедегі театр сынын қалыптастырса, «Ревизор» бүкілхалықтық, бүкіл­орыстық дүрбелең туғызды. «Ре­ви­зор» қойылған қалада қала басшылары тыныш отыра алмайтын болды, өйткені, оқи­ға бастала салысымен жалпы көрермен қала басшысына бұры­лып қарайтынды шығарды. Кей­бір кездері, айталық, Ростов қа­ла­сының басшысы ойын жүріп жатқанда сахнаға атып шығып, әртістерді түрмеге жабамын деп қорқытыпты.

Бүкіл Петербург көрермендері коме­диядағы шындықтан үрей­лене де бастаған. «Русская смотрина», «Современник» журналдары «Ревизор» жайлы белгілі сын­шылардың мақалаларымен қатар, қарапайым көрермендердің де пікірлерін жариялап жатты. Белгілі сыншы В.Стасов былай деп еске алады: «Біз «Ре­ви­зордың» тұтас көріністерін жат­тап алып, бір-бірімізбен жа­рыса қайталайтынбыз, кей жер­лерінде бір-бірімізді түзеп, жаң­ғыртып, ұзын-сонар монологтарды мүдірмей айтуға машық­танатын едік».

Қоғам өзін-өзі таныды. Қоғам екіге бөлінді. Қара­пайым халық ішегі үзілгенше күл­ді. Билеуші топ болса ашу­­ы­­за­ға басты. Го­гольді есуас деді, қоғамға жа­ла жапқаны үшін оны Сібірге айдау керек не­месе түрмеге жабу керек деп қаһарланды. Тіпті, бұл комедия­ны император Николай І көріп шығып: «Таяқ бәріне тиіпті, әсіресе, менің сыбағам ерекше екен» деп актерларды арқадан қ­а­ғып мәз бопты.

Мәскеу губернаторының қа­был­дауында қаланың белгілі адамдары бас қосып, әр топ әр столға жайғасып, күбір-кү­бір әңгімеге кірісіпті. Бұл қа­былдауда Гоголь де болған екен. Үш сенатор мен бір генерал Го­голь жаққа қарап:

– Осы бір адамды көргім кел­мейді. Қараңыздаршы, тү­рі келіспеген біреу. Әліне қа­ра­май өзінше маңғаз, тіпті, әне­біреулердің оған қызмет көр­сетіп, бәйек боп жүргеніне жыным кеп отыр! Бұл қандай аттитюда (поза-французша), қайдан тапқан палон (самоуверенность – франц!).

– Ол – революционер, – деді сенатор. – Мен губернатор боп тұр­ған кезде осы бір есуастың пьесасы сахнада қойылды. Мен де барып көрдім. Пьеса жүріп жатқанда жұрттың бәрі маған бұ­рылып тұрып қараумен болды. Ал сахнадан билікке бәле жабу, әжуа, жала, сықақ деген қарша борап бара жатыр. Сонан соң сахнаға атып шығып, актерларды қуып шықтым. Мен губернатор боп тұрған кезде «Ревизорды» губернияның маңына жолатпай қойып едім».

Гоголь он жылдай уақыт өт­кен­де «Ревизорды» жұмсартпақ боп, Михаил Щепкинге (қала басшысының рөлін ойнаған) хат жазып, комедияның кейбір тұс­тарына өзгерту енгізетінін ай­тады. Щепкин Гогольмен ке­ліспейді. «Ондаған жылдар бойы мен «Ревизордың» бар­лық кейіпкерлерін тірі адам­дай зерттеп келдім. Сіз олар­дың бірде біріне тиісуші бол­маңыз. Маған оларды дәл осы қал­пында қалдырыңыз. «Бұлар өмірдегі шенеуніктер емес, біз­дің қиялымыз» деген сияқты жақауратқанды қойыңыз. Мен ол ойыңызбен келісе алмаймын. Мен он жыл ішінде бұл адамдармен біте қайнасып кеттім, сіздің оларды менен бөлуге хақыңыз жоқ. Сіз менен оларды тартып ал­ғыңыз келеді. Мен оларды Сізге бермеймін. Көзімнің тірі кезінде мен олардан айрылмаймын. Ал мен өлген соң не қылсаңыз да өзіңіз біліңіз. Маған десеңіз ол адамдарыңызды ешкіге айналдырып, отқа қақтаңыз».

Бұл – Щепкиннің ұлы «Ре­визорға» деген ұлы махаббаты еді. Ұлы драматургке лайық ойлы да терең, ақылды да бір бет­кей, шынайы өнерді шындық өмір­мен тұтас қарай білетін, саналы да саңлақ суреткер-актері бар заман өнер үшін бақытты кезең екен-ау!

Мұндай топырақтан ұлы тұл­ғалардың туып жетілуі заңды құбылыс болары хақ.

 

(Жалғасы бар)

Дулат Исабеков,

жазушы