Тарих • 15 Қаңтар, 2019

Арқайым мұралары Астанада

1393 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Елордадағы Ұлттық музейде «Ар­қайым – қалалар елі: кеңістік пен бейнелер» атты фотокөрме ашылды. 

Арқайым мұралары Астанада

Ресей Федерациясы Челябі облы­сы­ның Қазақстанға жақын оңтүстік айма­ғы Үлкен Қарағанды және Өтеген өзенде­рінің құйылысында орналасқан орта қола дәуірдің бірегей археологиялық ескерт­кіші – Арқайым әлемге танымал аса ірі мәдени мұра нысандар қатарына жатады.

Көрмені ұйымдастырушы тарап өкілі Еуропалық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі Юрий Зуйков­­тың пайымынша, елордалықтар наза­рына ұсынылып отырған бұл шара әуелі «Қалалар елін» алғаш рет ашқан атақты археолог Г.Б.Здановтың 80 жылдық мерейтойымен орайласып отыр екен.

Бұған дейін Ресейдің 12 қаласын аралап, бізге жеткен жәдігерлер қата­рында: «Бақта», «Чекатай», «Күйсак», «Жу­румбай», «Сынтасты», «Андреев», «Па­риж», «Қызыл», «Тасты қамба», «Сарым-Сақлы», «Қамсыты», «Берсуат» қатарлы 21 қоныстың географиялық орналасу картасы мен қоныс суреттері және «Арқайым» ескерткішінің пирамида кескіні мен музейге айналған археологиялық қазындысының да фотолары бар екен.

Сонымен қатар біздің заманымыздың ІІ-ІІІ ғасырға тән сармат әйелінің бейіті, архео­логиялық қазба жұмыстарының түр­лі кезеңдегі аэротүсірілімдері, жоға­рыдағы қалашықтардың далалық кескін-бейнелері қатарлы жәдігерлер көрермен көзайымына ұсынылса, фотосуреттер экспозициясына арналған стендтердегі көркем табиғат пейзаждары да көңіл сергітерлік көркем мәнге ие екенін аңғар­дық.

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»