Мамандар заңға енгізілген түзетулер дәрілік заттардың қолжетімділігін арттырып қана қоймай, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуде мемлекеттік шығындардың да азаятынын айтады. Енді дәрі-дәрмек бағасы қаңтар және шілде айларында жылына екі рет бекітіледі. Осы уақыт аралығында дәрі өндірушілер мен сатушылар өз өнімдерін бекітілген бағамен тіркеп сатуға мүмкіндіктері бар. Елімізде 8 мыңнан астам дәрі түрі тіркелген болып, бүгінде оның 2 мыңнан астамының бағасы реттеліп бекітілген. Алдағы уақытта Қазақстан территориясында тіркелген барлық дәрі-дәрмектің бағасы біркелкі болады. Дәрі бағалары туралы ақпарат Денсаулық сақтау министрлігінің Фармация комитеті және барлық облыстық денсаулық сақтау басқармаларының ресми сайттарында жарияланып отыратынын айтқан Фармация комитетінің төрайымы Людмила Бюрабекова бағаны тексеруге арналған мобильді қосымша да жасалып жатқанын жеткізді. «Аталған заң үш айдан соң күшіне енеді. Өйткені осы уақыт аралығында министрлік дәрі-дәрмектің бағасын реттеу ережесін бекітеді. Онда көтерме және бөлшектеп сатудың нормасы мен баға көрсеткіші нақты көрсетілетін болады. Дәрі-дәрмек жеткізу және сатумен айналысатын ұйымдар сол ережеге сай жұмыс істеуі тиіс. Бекітілген ереже сақталмаған жағдайда, яғни дәрі бағасы заңсыз көтерілгені анықталса, ұйым әкімшілік жауапкершілікке тартылады немесе лицензиясынан айырылады», дейді комитет басшысы.
Осы тақырыпқа байланысты «Медсервис плюс» Қазақ фармацевтикалық компаниясының сапа бойынша директоры Саида Ерденбековаға хабарласқанымызда, аталған заңға сай алдағы уақытта дистрибьюторлық компаниялар жергілікті тасымалдаушыларға басымдық беретінін айтады. «Біздің компания дистрибьюторлық бағытта және фармацевтикалық өндіруші ретінде жұмыс істейді. Бізде баға белгілеу деген арнайы бөлім бар. Бұл заңға сәйкес барлық дәріханалардағы дәрі-дәрмектердің бағаларын бақылап отырады. Әсіресе шетелден келетін дәрілер қатаң қадағалауда болады. Қазіргі таңда 300-ге тарта тасымалдаушымен жұмыс істейміз. Оның тең жартысы шетелдік тасымалдаушы. Осы уақытқа дейін түпнұсқалық дәрі-дәрмектерді тасымалдасақ, енді жергілікті тасымалдаушыларға басымдық беретін боламыз», дейді С.Ерденбекова.
Атап айтқанда, жаңа заңда «СК-Фармация» ЖШС бірыңғай дистрибьюторы мен басқа да медициналық ұйымдар электронды сатып алуға толықтай көшуі қарастырылған. «Қазіргі таңда тестілеу режімінде 2019 жылға бірыңғай дистрибьютордың дәрі-дәрмектерді сатып алуын іске қостық. Аталған қызметті Қаржы министрлігінің электронды сатып алулар порталы атқаруда. Бұл сыбайлас жемқорлықтың азаюына мүмкіндік береді. Өйткені бүгінде жеткізушілер мен тендерлік комиссия мүшелері арасында ешқандай байланыс жоқ. Барлық үдеріс онлайн режімде, электронды форматта өтеді. Үлкен қағаз пакеттері түріндегі құжаттаманы беру тұрғысынан жеткізушілердің жүктемесі азайды», деді Л.Бюрабекова.
Бұған қоса 2019 жылға арналған дәрімен қамтамасыз етуді қаржыландырудың жалпы сомасының 90%-ы сатып алынған. «СК-Фармация» ЖШС басқармасы төрағасының міндетін атқарушы Берік Шәріптің айтуынша, бұл препараттарды дистрибьютордың қоймаларына жеткізу желтоқсан айынан бастап жүргізілуде, қазір дәрі-дәрмектің басым бөлігі бүкіл Қазақстан бойынша транзиттік қоймаларға тасылған. Ал пациенттерді тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету үшін сатып алынған дәрі-дәрмектердің тізімі 1144-ке жеткен. «Медициналық ұйымдар 203,5 млрд теңге сомасында алдын ала өтінім берді. Дәрі-дәрмектердің 421 атауы 45 ауру бойынша диспансерлік есепте тұрған пациенттерді амбулаториялық емдеу үшін анықталды. Олар үшін 105,1 млрд теңге сомасында, ал 953 атауы 98,4 млрд теңге сомасында дәрі-дәрмектер стационарлық көмек көрсету үшін сатып алынуда», деді Б.Шәріп.
Өткен жылы тегін дәрілер алатын пациенттер үшін кері байланыс құралы жүзеге асырылған болатын. Соның нәтижесінде халықты тегін дәрілермен қамтамасыз ету мәселелері бойынша 1439 байланыс орталығы жұмыс істеуде. Онда дәрі-дәрмектерді жеткізу уақыты, көлемі және жоспарланған күні туралы ақпаратты ұсынатын операторлар жұмыс істейді. «Бұдан басқа, дәрілердің нақты босатылуына мониторинг жүргізу үшін «Дәрілік қамтамасыз ету» ақпараттық жүйесіне сәйкес тегін препараттар алған пациенттерге SMS-хабарламалар тарату жалғасуда.
Майгүл СҰЛТАН,
«Егемен Қазақстан»