19-шы ЕСЕП:
Тазы мен борсық
Кең далада келе жатқан аңшының тазысы тасадан қашқан борсықты байқап қалады да қуа жөнеледі. Борсық 20 метр алысқа қашып үлгерген тұста, оны қуған тазы борсықтың әуелгі қашқан орынына келеді. Борсық тағы да 20 метр алысқа қашып үлгергенде, тазы оны қуып жетіп ұстайды. Сонда тазы борсықтан неше есе жылдам болған және бастапқы кезде тазы мен борсық арақашықтығы қандай болды?
20-шы ЕСЕП:
Абылай ханның сыйлық таратуы
Абылай хан билік құрған заманда қазақ жасағы жаумен шайқасып жеңіске жетеді. Хан шайқаста ерекше ерлік көрсеткен жаужүрек тоғыз сарбазды марапаттауға шешім қабылдайды. Ол үшін жаудан олжа ретінде қолға түскен 101 сәйгүлікті кермеге қаз-қатар байлатып қойып, оның әрбір оныншысын бірінші сарбазға сыйлық ретінде береді. Одан қалған жылқылардың әрбір тоғызыншысы екінші сарбазға беріледі. Бұдан қалған жылқылардың әрбір сегізіншісі үшінші сарбазға тиесілі болады. Осы ретпен барлық сарбаздар өздеріне тиесілі қалдық топтағы әрбір жетінші, алтыншы, бесінші, төртінші, үшінші... жылқыларды сыйлыққа алады. Ал, ең соңғы тоғызыншы сарбаз алғашқы сарбаздардан қалған жылқылардың әрбір екіншісін алады да, кермеде қалған алынбай қалған соңғы жылқылар майданда ерекше ерлік көрсеткен Жеке батырға (тоғыз сарбаздан тыс) берілетін болады. Сонымен айтпағымыз, әр сарбаз қанша жылқы сыйлық алады?
21-ші ЕСЕП:
Әйтеке бидің аттары
Әйтеке бидің бәйгенің алдын бермейтін жүйрік аттары мен көкпар десе салым біткеннің бәрін сыпыратын көкпар аттары болыпты. Бір күні Әйтеке биден сенде қанша бәйге және қанша көкпар аттары бар десе, атамыз: «Мендегі барлық көкпар атының сегізден бірі – бәйгені де, көкпарды да шаба алатын аттар, ал бәйге аттарының он үштен бірі – көкпар аты бола алады» депті. Сонда Әйтеке биде қанша бәйге және көкпар аттары болған?
Дайындаған Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Ескерту: Есеп жауаптарын info@egemen.kz мекенжайына жолдауларыңызды өтінеміз!