Қойылғанына көп бола қоймаған осынау арт-объект қала қонақтары үшін суретке түсетін керемет орын ғана емес, өткен күннің өшпес белгісіндей көрінеді. Өйткені адамзат тарихында алғаш рет Юрий Гагарин қазақ даласынан ғарышқа аттанған болатын. Жоба авторлары − Жүргенов атындағы Қазақ өнер академиясының студенттері Азамат Қабыл мен Ақылбек Шәкен. Жас туындыгерлерге өз идеясын іске асыруға «BI Group» құрылыс компаниясы қолдау көрсетіпті.
«Біздің ойымызша, скульптура қала ландшафтымен жақсы үндестік тауып тұр. Шаһарымызда мұндай нысандар көбейіп келеді. Олардың әрбірінің қайталанбас тарихы мен өзіне тән ерекшеліктері бар. Оның үстіне бұл жас суретшілердің қалыптасуына оң ықпал етеді», – дейді Азамат Қабыл.
Бұған дейін Алматыдағы Төлебаев көшесінің бойына «Кино» тобының солисі Виктор Цойға ескерткіш қойылған еді. Бұл дестинация қазір жас музыканттар мен қала қонақтары үшін жиі келетін орынға айналған.
Арман ОКТЯБРЬ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ