Аймақтар • 16 Қаңтар, 2019

Браконьерлермен күрескен инспектор Ерлан Нұрғалиев қаза тапты

1604 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Үш күн бұрын «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК екі инспекторы мен браконьерлер арасында қақтығыс болған. Оқиға орнында ауыр жарақат алған инспектор Ерлан Нұрғалиев өмірден өтті.  Бұл туралы ҚР АШМ ресми өкілі Сәкен Қалқаманов Фейсбуктегі парақшасында жазды.

Браконьерлермен күрескен инспектор Ерлан Нұрғалиев қаза тапты

Оқиға Қарағанды ​​облысының Нұра ауданында сирек кездесетiн және жойылып кету қаупi төнген жабайы аңдар мен ақбөкендерді қорғау кезінде болған.

«Бүгін таңертең «Охотзоопром» инспекторы Ерлан Нұрғалиев өмірден озды. Ол 13 қаңтар күні Қорғалжың даласында айуандық танытқан 3 браконьермен айқастан кейін өмірі үшін соңына дейін күресті. Қаза тапқан азаматтың отбасына қайғыра көңіл айтамын. Ол өмірінің соңына дейін Қазақ даласының символына айналған киіктерді қорғау жолындағы борышын адал атқарды. Ерлан Нұрғалиев сынды инспекторлардың күш-жігерінің арқасында 2015 жылы жаппай қырылған киік саны 215 мың басқа дейін көбейді», деп жазды Сәкен Қалқаманов.

Бұған дейін ҚР АШМ ресми өкілі Сәкен Қалқаманов Қарағанды облысында браконьерлердің соққысына жығылған «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК инспекторы Е.Нұрғалиевтің жағдайы өте ауыр екендігін айтқан. Оның жанын аман алып қалу үшін Астана қалалық №1 ауруханасының дәрігерлері күрескен еді.

Айта кетейік, 53 жастағы Ерлан Нұрғалиев Ақмола облысында дүниеге келген. Білімі - дене шынықтыру және әскери дайындық оқытушысы. 2012 жылдың наурызынан бастап «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК Қарағанды тірек пунктінде Орталық аймақтық филиалдың инспекторы қызметін атқарды.