16 Қаңтар, 2019

Алматыда сымбатты ескерткіш орнатылды

426 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қалың ойлардың құшағына қамалып жол жиегімен келе жатқанымызда шаһардағы Орталық музей маңынан өзгеше өрнектелген өнер туындысын кездестірдік. Кейін білгеніміздей, бұл жас суретшілер орталығының өнерлі жастарының қолынан шыққан Босаға өрнегі екен. Халқымыз қадір тұтқан киелі босағаның киесін бойымызға сіңіріп өскен біз үшін, бұл құндылықтың қасиеті құлжадай қадірлі еді.

Алматыда сымбатты ескерткіш орнатылды

Мың бояулы шаһардың Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы мен Өмірбек Жолдасбеков көшелерінің қиылысында жұртшылық жақсы көретін саябақ бар. Кезінде 90-жылдары ерте көктемде Самал мөлтек ауданында сенбілік өтетіні хабарланды. Бұл шараны ұйымдастырған сол кездегі ақпарат министрі Алтынбек Сәрсенбаев болатын. Осы сенбілікке  Алматыдан шығатын орталық газеттердің шығармашылық ұжымдары қатысып, енді салынып жатқан Самал мөлтек ауданының келбеті жиылғандарды ерекше қуанышқа бөлеп, қаламгерлер ұжымдаса ағаш егіп еді. Жылдар жылжып, қала да көркейді. Алматы да әдемі болып әспеттене түсті. Сәнді көшелер көбейіп, көз жауын алатын көріністер көңілге салтанат сыйлады. Саябақтағы баяғы біз еккен тал-теректер де сәндене түсті. Жылдар өте келе көркейген баққа айналды. Сол бақтың ортасындағы алаңқайдаа халық әртісі, Халық қаһарманы, сүйікті сазгеріміз, сағынышқа толы ел көкейінде жатталған құстар әнінің авторы Нұрғиса Тілендиев ағамыздың биік ескерткіші бой көтерді. Алматылықтар үшін  тарихи орынға баланатын бұл саябақта жас өнерпаздардың қолынан шыққан айрықша өнер туындысының тұруы да заңды секілді. Алдымызда көгілдір көктем барын ескерген балғын суретшілер биылғы Жастар жылына сымбатты ескерткішті өздеріне арнап қойғандай екен. Алматы әкімдігінің қолдауымен жарық көрген бірегей туынды өскелең ұрпақты өткен күннің ұлы мұрасымен қауыштырып тұрғандай әсерге бөлейді. «Босағаң берік болсын» деп бата беретін дана халқымыздың игі тілегі саябаққа келген жастардың болашағына азық болса дейсің.

Сапарбай ПАРМАНҚҰЛ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ