Әрине, аталған келеңсіз көрсеткіштер Қазақстанды айналып өтпейтіні белгілі. Бұл орайда Қазақстан бариатриялық және метаболикалық хирургтар қоғамының президенті, жоғары санатты хирург-дәрігер Орал Оспанов Қазақстан халқының жартысынан астамы артық салмақ пен семіздіктен жапа шегіп отырғандығын айтады.
«Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтеріне сүйенсек, Қазақстандағы 20 жастан жоғары ересек адамдардың 55,6%-ы артық салмаққа ие болса, оның 23,7%-ы семіздіктен зардап шегеді. Болжам бойынша 2010-2030 жылдар аралығында елімізде семіздіктің кеңінен таралуы 2020 жылға тап келеді. Ал 2030 жылға қарай елдегі ерлердің 45%-ы және әйелдердің 29%-ы семіздікке шалдығады», дейді О.Оспанов.
Жалпы, мамандардың айтуынша, бүгінгі таңда артық салмақ адам ауруларының ішіндегі ең қауіпті індеттің біріне айналған. Тіпті, ДДСҰ семіздікті аурулардың халықаралық жіктемесінде жеке шифрмен белгілеп, адам денсаулығына кері әсер ететін ауру деп көрсеткен. Нақты мәліметтерге сүйенсек, жыл сайын 2,8 миллион адам жөнсіз тамақтанудан болған артық салмақ пен семіздіктен қайтыс болады. Сонымен қатар қант диабетінің 44%-ы, жүректің ишемиялық ауруларының 23%-ы және онкологиялық сырқаттардың 7%-42%-ы артық салмақ пен семіздікке келіп тіреледі.
Аталған аурудың алдын алу шаралары елімізде қаншалықты жүзеге асырылып жатыр деген заңды сұрақ туады. Шын мәнінде, Қазақстанда семіздік ауруына тиісінше назар аударылып отырмағандығын айтуымыз керек.
Бір-екі жыл бұрын Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығы еліміздегі жалпы білім беретін оқу орындарында «денсаулықты нығайтуға ықпал ететін мектептер» атты қанатқақты жоба енгізіп, оқушылар тағамының сапасына мән беру, ас қауіпсіздігі мен үйлесімді мәзірге ерекше ден қою сияқты шара ұйымдастырғаны бар. Түрлі жиындар, тәтті сусындарды акциздеу сияқты аз-кем шаралар жүргізілгенімен, нақты іс пен нанымды көрсеткіштерге көз жетпей отырғаны шындық.
Бұл тұрғыда жоғарыда атап кеткен Қазақстан бариатриялық және метаболикалық хирургтер қоғамының жұмысы артық салмақ проблемасымен бетпе-бет келіп, тиісті шараларды аз да болса атқарып жатқанын айтуымыз керек.
Аталған қоғамдық бірлестік жыл сайын литвалық профессор Алмантас Малецкас және профессор Орал Оспановтың қатысуымен Қазақстандағы бариатриялық апталық аясында шеберлік сыныптарын өткізіп келеді. Шетелдік ғалым елімізде бариатриялық хирургияның кейінгі жылдарда ғана дами бастағанын айтады.
«Қазақстанға келуімнің мақсаты − қазақстандық дәрігерлерді бариатрикалық ота жасауға оқыту. Жыл сайын Қазақстан халқының семіздік үлесі артып келеді, семіздікпен байланысты аурулардың салдарынан өлім саны да жиілеп кеткен. Қазақстанда семіздікпен айналысатын өте жақсы дәрігерлер бар. Алайда олардың саусақпен санарлықтай ғана аз екенін жасырмауымыз керек», дейді литвалық профессор А.Малецкас.
Жалпы, бүгінде Қазақстан халқының төрттен бірінде семіздік белгісі бар, тағы төрттен бір бөлігі артық салмақ қосып алған. Бұдан арылудың жолы не деген тұста, маман иелері қазіргі таңда морбидті семіздік жағдайында ең тиімді және сенімді әдіс ретінде осы бариатриялық хирургия екендігін нұсқайды. Оның сыртында тұтынатын тағам санын шектеу мен оның сіңуін азайтуға бағытталған шаралар да салмақтың бірден азаюы мен тұрақталуына, сондай-ақ артық салмақтан пайда болған аурулардың, айталық қант диабеті, артериялық гипертензия сияқты аурулардың азаюына алып келеді.
Бұл жерде бариатриялық хирургия жайлы кеңінен айта кетуіміз керек. Қазақстан бариатриялық және метаболикалық хирургтар қоғамының президенті айтып кеткендей, қазіргі таңда арықтау үшін қолданылатын түрлі әдістер (диета және медикаментті емдеу түрлері, липосакция − денедегі артық майды сылу, абдоминопластика − денедегі артық терілерді алу) бариатриялық хирургияға жатпайды.
«Артық салмақ пен семіздіктен арылуды хирургиялық жолмен емдеу халықаралық бариатриялық хирургтар мен эндокринологтардың нұсқаулығы бойынша орындалады. Бариатриялық операция асқазанға құрсау (бандаж) кигізу, асқазанды, өт және ұйқы бездерін тұйықтау арқылы жүзеге асырылады. Қарапайым тілмен түсіндіретін болсақ, бариатрия – патологиялық семіздікті және екінші типті қант диабетін, сондай-ақ артық салмаққа байланысты туындаған проблемаларды хирургиялық жолмен емдеу деген сөз. Бариатриялық операция кезінде асқазанның көлемі кішірейтіледі. Ота тесу тәсілі арқылы жасалады және ағзаның бірде-бір мүшесі кесілмейді. Бұл операция адам бойындағы тамаққа тез тою сезімін қалыптастырады. Ота жасалған күні науқас аяғына тұрады, су ішеді, ал 4 күннен кейін үйіне барады», дейді медицина ғылымдарының докторы, профессор Орал Оспанов.
Мұны шетелдік профессор Алмантас Малецкас та дәйектейді. «Артық салмақ пен семіздіктен зардап шегіп жүрген науқастарға жасы ұлғайған сайын мүгедектікке ұшырау қаупі төнеді. Операцияның бұл түрі семіздіктен құтқарып қана қоймай, артық салмақтың кесірінен адам бойында пайда болатын ілеспе ауруларды тоқтатады. Ең бастысы бариатриялық операцияның әсері ешқашан жойылып кетпейді. Бұған қоса операцияның осы түрінен кейін ас ішуде қатаң режім сақтаудың қажеті жоқ», дейді А.Малецкас.
Бүгінде аталған әдіспен еліміздің ірі төрт қаласында ота жасалып жатыр. Оған Астана, Алматы, Шымкент, Атырау қалалары кірген. Жоғарыда айтқан бариатриялық хирургия апталығы аясында, еліміздегі «Аланда» сияқты танымал клиникаларда лапароскопиялық шағын гастротұйықтау, лапароскопиялық банд-бөлшекті бір анастомоздық гастротұйықтау, «Ру» тәсілі бойынша лапароскопиялық гастротұйықтау сияқты бариатриялық оталар жасалады.
Алмантас мырза осыдан екі жыл бұрын Қазақстанда салмағы 160 келі болған 37 жасар келіншекке көмек көрсеткен.
Артық салмақтың зардабы мен залалы туралы Қазақ тағамтану академиясы, Ұлттық дұрыс тамақтану орталығы мен профилактикалық медицина академиясының президенті, академик Төрегелді Шарманов та айтады. Академиктің айтуынша, артық салмақ пен семіздіктің 90 пайызы дұрыс тамақтанбау салдарынан болады. «Әлемде жалпы өлім-жітімнің 60 пайызы тамақтану режимін бұзу салдарынан болады. Жас ұлғайған сайын артық салмақ пен семіздік құрығына іліккендер саны да арта түседі. Адамдардың басым бөлігі артық салмақ пен семіздіктің, дұрыс тамақтанбау салдарынан туындайтын өзге де аурулардың алдын-алуда тамақтану мен дене шынықтыру факторларын ескермейді», дейді Т.Шарманов. Ғалымның сөзіне қарағанда, артық салмақ пен семіздіктің алдын-алу үшін калориясы төмен, пайдалы әрі сіңімді тағамдарды тұтынған жөн.
Жалпы Ұлттық дұрыс тамақтану орталығы таратқан мәліметтерге сүйенсек, жастар арасында денсаулыққа зиян келтіретін тағамдар мен сусындарға сұраныс жоғары. Мысалы, еліміздегі әрбір үшінші оқушы қалтасындағы ақшасын фаст-фудқа, әрбір үшінші бала кем дегенде аптасына бір рет тәтті газдалған сусындар ішеді, әрбір оныншы бала энергетикалық сусындар сатып алады. Ал студент қауымның түгелі дерлік фаст-фудпен ауқаттанатыны белгілі.
Мирас АСАН,
«Егемен Қазақстан»