Осы орайда басылым бетінде көтерілген өзекті жайтқа Ақмола облысы Зеренді ауданының әкімдігі ресми жауап берді.
Аудан әкімдігінің хабарлауынша, бүгінде 547 тұрғыны бар Березняковка ауылын сумен қамту мақсатында аптасына екі рет сейсенбі және жұма күндері су таситын автокөлікпен қажетті ауыз су жеткізіліп отырады. Су құбыры желілері ауылда 20 жылдан аса уақыт бойы жоқ. 2012 жылы 12,8 млн теңгеге Заречное мен Березняковка ауылдарына су құбыры желілерінің құрылысына жобалық-сметалық құжаттама әзірленген. Құрылыстың сметалық құны 579 млн теңгені құраған. 2015 жылы құрылысты бастау үшін республикалық бюджеттен 295,4 млн теңге бөлінген, бірақ 2015 жылы 17 ақпанда республикалық бюджет комиссиясының шешімі негізінде қаражат қайтарылып, жарияланған конкурстық ресімдер тоқтатылды. 2018 жылы аталған қос ауылға су тарату желілерінің құрылысына 5,8 млн теңгеге жаңадан жобалық-сметалық құжаттама әзірленді. Бұл кезде құрылыс-монтаждау жұмысының құны 700 млн теңгеден астам қаражатты құрады.
Жобаның мемлекеттік сараптамасы өткізілгеннен кейін құрылысты қаржыландыру үшін жоғары тұрған бюджетке өтінім беріледі.
Ауданда орталықтандырылған сумен қамту желілерін зарарсыздандыру шарасы жыл сайын өтеді. 2018 жылы бұл мақсатқа 3 млн теңгеден астам қаржы жұмсалған. Жалпы, Зеренді ауданы бойынша орталықтандырылған сумен 26 868 тұрғын немесе ауданның 69,4 пайызы қамтылған.
Өңірдегі аталған мәселелердің жергілікті атқарушы орган тарапынан оң шешімін табуын бас басылым алдағы уақытта да назарда ұстайтын болады.