Апта сайын жарық көретін арнайы бетте көтерілуге тиіс мәселелер де ауқымды. Білім беру, әлеуметтік ахуал, кәсіпкерлік саласы, демография, қысқасы жастарға қатысы бар, жастарды алаңдататын, қоғам үшін маңызды тақырыптар барынша кең қамтылады деген үміт бар.
Жалпы, жастар деп кімдерді айтамыз? «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» заңда айтылғандай,14 пен 29-дың арасындағы ел азаматтарының барлығы осы санатқа жатады. Ресми статистикаға жүгінсек, еліміздегі халық санының 21,5 пайызы, яғни 3 900 834 адам жастар санатында екен. Осынша адамның 496 мың 209-ы – жоғары оқу орындарының студенті.
«Жастар – қоғамның қозғаушы күші» деген тіркесті жиі айтамыз. Алайда, бүгінгі таңда елімізде жастардың рөлі қоғамды өрге сүйрейтіндей деңгейде емес екені белгілі. Қоғамды сүйремек түгілі, қара басын алып жүру мұң болып, екі қолға бір күрек таппай сенделіп жүргендер де аз емес. 2018 жылдың соңғы ширегіндегі дерек бойынша олардың саны – 81,9 мың. Қарап жүрмей қылмысқа шатылғандардың да қарасы көп, оған қатысты нақты деректерді төменде келтіреміз. Қысқасы, бәрі ойдағыдай болса, «Жастар жылын» жариялаудың да қажеті болмас еді ғой. Сол себепті де Елбасы Н.Назарбаев былтыр қараша айында тиісті Жарлыққа қол қойды. Ол құжатта: «2019 жыл Жастар жылы деп жариялансын. Үкімет Жастар жылын өткізу бойынша қажетті шаралар қабылдасын», делінген.
Ал Президент Жарлығында айтылған «қажетті шаралар» қандай болмақ? Жүзеге асыру міндеті жүктелген Үкімет нендей жұмыстарды қолға алмақ? Жалпы, жастарды қолдауға арналған ең ауқымды шараларды Елбасының былтыр көктемде жариялаған «5 әлеуметтік бастамасынан» тарқатуға болады. Президент айтқан маңызды әлеуметтік бастамалардың бір бағыты жоғарғы білім алудың қолжетімділігі мен білім сапасын арттыруға, студенттерді жатақханамен қамтуға арналды. Жоғары білім алуға жыл сайын бөлінетін 54 мың грантқа қоса тағы 20 мың грант бөлу Үкіметке тапсырылды. 20 мың гранттың қай мамандықтарға көбірек бағытталатыны да нақтыланды. Сондай-ақ 2022 жылдың соңына дейін кемінде 75 мың орындық жатақхана салынатыны туралы айтылды.
Жастар жылындағы жұмыстарды үйлестіріп отыру Қоғамдық даму министрлігінің құзырына берілген. Осы министрліктің Жастар және отбасы ісі комитетіне хабарласқанымызда:
– Мемлекет басшысының 2018 жылғы 5 қазандағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен өмір сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық жоспардың 94-тармағын іске асыру шеңберінде Жастар жылын өткізу жөніндегі жол картасы әзірленді. Ол қаңтар айының соңына дейін Үкімет қаулысымен бекітілетін болады, – деген жауап алдық.
Комитеттің хабарлауынша, жол картасында жастардың барлық санаттарын қолдау шараларының толық кешені қамтылмақ. Атап айтқанда, білім беру, жұмыспен қамту, денсаулық сақтау, қолжетімді баспанамен қамту, жастар арасында кәсіпкерлікті өрістету, қаржы сауаттылығын жетілдіру, құқықтық мәдениеті дамыту, дарынды жастарды қолдау сынды бас-аяғы 11 бағытта жұмыс жүргізіліп, 70-тен астам шара өткізілмек.
Жастар жылына қатысты әр аймақ жоспарларын жариялап жатқанын да айта кетейік. Мәселен, Ақтөбе облысының баспасөз қызметінің хабарлауынша, жастар санатына жататын 200 мың шамалы азаматы бар аймақ 300-ден астам республикалық және халықаралық деңгейдегі шара өткізбек.
Маңғыстау облысы да білек сыбанып кіріскен сыңайлы. Облыстық жастар саясаты басқармасының хабарлауынша, жыл бойы барлығы 100 шара өткізіледі. Оған қоса 3 мың орындық жатақхана салынып, 200-ден астам азаматқа баспана алуға несие берілмек. Жергілікті билік жаңа кәсіптің көзін тапқандарды қолдау үшін 1 мың адамға 1 миллион теңгеден қайтарымсыз грант беруді қолға алғанын да атап өткен жөн.
Былтырғы Ақтау саммитінің өткеніне 1 жыл толуына орай тамыз айында Маңғыстаумен шекаралас елдер азаматтарының «Жастар достығы – 2019» форумы өтеді. Оған дейін мамыр айында халықаралық «Жастар марафонын» дүркіретіп өткізу жоспарланып отыр екен.
Айта берсек, әр аймақтың жоба-жоспары жеткілікті. Бастысы – іс-шаралар жастардың әлеуетінің әлеуметтенуі мен дамуына, оның қоғамдық өмірдің барлық салаларында бәсекеге қабілеттілігінің деңгейін арттыруға ықпал еткені. Ас та төк той, алқалы форум, қаптаған флешмобтардың нақты қандай нәтиже әкелетінін де ескерген жөн.
NEET жастар деген ұғымның шет мемлекеттерде қолданыла бастағанына 20 жылға жуықтайды екен. Қателеспесек, біздің елде де бұл тіркес бірер жылдың бедерінде жиі қолданылып жүр. Қарапайым тілмен айтқанда, еңбек етпейтін, оқымайтын, пайдалы кәсіпке онша қызықпайтын, күнін босқа өткізіп жүрген буынды NEET жастар деген тіркеспен суреттеуге болады. Отбасы және жастар ісі комитетінен сұрап білгеніміздей, өткен жылдың үшінші ширегінің қорытындысы бойынша NEET жастардың үлесі 7,5 пайызды құрайды екен.
– 18-29 жас аралығындағы NEET жастарды, оның ішінде 2018 жылғы түлектерді жұмыспен қамту бойынша Жол картасы әзірленді. Атап айтқанда ауыл жастары, мүмкіндігі шектеулі жастар, жұмыссыз жастар, орта білімі бар жастар, табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен жастар, жұмыс тәжірибесі жоқ білімді жастар, жас балалары бар жас әйелдер, әлеуметтік жастар сынды 8 санатқа жататын азаматтар 6 бағыт бойынша жұмысқа бағытталады, – деп хабарлады тиісті комитет. Аталған 6 бағыт кәсіптік бағдарлау жұмысы, кәсіптік оқыту, жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету, жастар кәсіпкерлігін дамыту, жастарды әлеуметтендіру, тағы басқаларын қамтиды.
Өткен жылдың қазан айындағы Жолдауында Елбасы Н.Назарбаев: «Жастар мен отбасы институтын кешенді қолдау мемлекеттік саясаттың басымдығына айналуға тиіс. Жастардың барлық санатын қолдауға арналған шараларды толық қамтитын әлеуметтік сатының ауқымды платформасын қалыптастыру керек» деген болатын. Әрине, уақыт талабына орай жастардың әлеуетін күшейтуді, мемлекет мүддесіне тиімді пайдалануды қоғам қызу қолдайтыны түсінікті.
Бүгінгі таңда халықтың 20 пайыздан астам бөлігін құрайтын жастар қауымын алаңдататын мәселелер, олардың күн сайын бетпе-бет келетін шешілмеген әлеуметтік проблемалары аз емес. Статистика бойынша, істерге жұмыс таппай сенделіп жүрген жастардың саны 81 мыңнан асады. Кәмелетке толмай жатып түрлі деңгейде қылмыс жасағандардың қатары соңғы 3 жылдың бедерінде жыл сайын 3 мың адамнан төмендеген емес. Үкіметтің, жер-жердегі атқарушы органның Жастар жылына жасаған жоба-жоспарлары осы тектес теріс көрсеткіштерді төмендетуге септігін тигізуі керек. Жылдың қаншалықты жемісті болғаны сонымен өлшенбек.
«Жастық менің жаныма жыр байлады, Жастық мені жалтартпай шыңға айдады» дейді Мұқағали ақын. Шындығында, елді өрге сүйрейтін басты күш – сол елдің азаматтары, тепсе темір үзетін буын. Үкіметтің көздеп отырғаны сол буынның әлеуетін көтеру. Дегенмен, Үкімет қашан жағдайымды жасап береді деп қол қусырып көмек күтіп отыратындардың да ешкімді ұшпаққа шығармайтынын есте ұстаған жөн сияқты. Еңбекке қабілетті, бәсекеге төтеп бере алатын, білімге құштар, өзіне деген сенімі нық жастардан ғана нәтиже күтуге болады. Ал Үкіметтің міндеті оларды демеу, әлеуетін елдің игілігіне жарату болса керек-ті.
Қандай қолдау қажет?
Айбол АРҒЫНҒАЗИНОВ, «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ Талдау және әлемдік экономика орталығының директоры:
Біріншіден, Жастар жылы бір жыл ішінде өте шығатын науқандық шара болып қалмауға тиіс. Жас буынның әлеуетін бағалайтын, сол әлеуетті арттыруға ықпал ететін мемлекеттік бағдарлама жасалуы керек. Бірнеше жылды қамтитын бағдарламада жастар саясатына қатысты негізгі индикаторлар мен бағдарламаны жүзеге асыруға жауапты органдар белгіленгені дұрыс.
Екіншіден, әлеуметтендіруге байланысты мәселелерді шешуге назар аударылса деймін. Кеңес үкіметі кезінде жастарды тәрбиелеудің мемлекеттік идеологиялық аппараты болды. Жастар бала кезінен бастап октябрят, пионер, комсомол болып, өздерін қоғамның маңызды бір мүшесі ретінде сезінетін. Біздің балалар қазір жас қыран, жас ұлан болады да, одан кейін сабақтастық үзіліп қалады. Осы жағына көңіл бөлінсе, идеологиялық саладағы кемшіліктерден құтылып, бұл мәселе күн тәртібінен өзінен-өзі түсіп қалар еді.
Үшіншіден, отбасылы жастарды қолдауға қатысты нақты шаралар қабылданғаны жөн. Жастар арасында отбасы институтын ілгерілету, сол құндылықтарды жастардың бойына сіңіру керек деп ойлаймын. Бұл бағытта идеологиялық және басқа да тұрғыда ынталандыратын шаралар қолға алынса деймін.
Төртінші мәселе жастардың әлеуметтік мәселелерін шешуге байланысты. Мысалы, кезіндегі «Дипломмен – ауылға!» атты бағдарлама сияқты. Алдағы уақытта мемлекет-жеке меншік әріптестігі арқылы немесе басқа да тетіктерді қолдана отырып, болашақта сұранысқа ие болатын мамандарды мақсатты түрде даярлау керек. Болашақ мамандық иесі диплом алғаннан кейін қайда баратынын, қай жерде жұмыс істейтінін білсе, оларға белгілі бір пайыздық мөлшерлемемен несие берілсе, бұл шаралар азаматтардың қоғамның бір мүшесі ретінде кірігуіне, мемлекетке пайдасын тигізетін азамат болуына ықпал етер еді.
Жалпы, мемлекет тарапынан жастардың білім алуына, түрлі кәсіппен шұғылдануына, өз ісін ашуына қажетті жағдайлар жасалып жатыр. Өзінің отбасына, қоғамға пайдалы азамат болу-болмау, бірінші кезекте, жастардың өзінің талабына, ынтасына байланысты деп ойлаймын.
Арнұр АСҚАР,
«Егемен Қазақстан»