Аймақтар • 17 Қаңтар, 2019

Жағажай бар, жағдай да жасалады

1284 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Түркістан облысындағы Шардара ауданы жағажай туризмін дамытуға қолайлы аймақ. Бұл мақсатта орман қоры жерінен елді мекен санатына ауыстырылған 255 гектар жер учаскесіне инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымдар құрылысына жобалық-сметалық құжаттама әзірлеп, құрылыс жұмыстарын 2019 жылы бастау көзделіп отыр.

Жағажай бар, жағдай да жасалады

Жобаға сәйкес 60 нысан салынуы тиіс. Оның 30-ы қонақүй болмақ. Тартылатын инвестиция көлемі 6,7 млрд теңге, оның ішінде мемлекет тарапынан инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым құрылысына 1,7 млрд теңге бөлу жоспарлануда. Қазіргі таңда жағажайда «Golden beach» және «Сыр нұры» демалыс аймағы қызмет көрсетуде. Көршілес Қырғызстан, Өз­бекстан, Ресейден келетін турис­тер көп. Аудан әкімі Болатбек Қыстауовтың айтуынша, инвес­торларға жер биылдан бастап жалға беріле бастайды.

Кезінде Шардарада кіші авиация жұмыс істеген. Қазір орны сақталып тұрған әуежай аудандық коммуналдық меншікте екен. Кіші авиация жұмысын қайта жандандыру күн тәртібінде тұрған мәселе. Бұл мақсатта аудан әкімдігі алматылық инвесторлармен келіссөздер жүр­гізіпті. «Жағажайдың туристік әлеуетін, жолаушылар легін зерттеп-есептеп жатқан инвес­торлар Шардараға келетіндер саны көбейсе, әуежайды іске қо­сары анық. Жоба жүзеге асы­рылған соң, алғашқы жылы келушілер саны 30 мыңнан асады деп болжанып отыр. Сондай-ақ жағажайдағы нысандардың жыл бойы жұмыс істеуі де жобада қаралған. Балық аулау, катерлермен серуендеу секілді қызметтерден басқа турис­тік бағыттар дайындалуда. Кең көлемде әрі алғаш рет өт­кізіл­ген «Safari Shardara» ту­ристік фестивалі жағажайдың мүм­кіндігі мен әлеуеті мол еке­нін аңғартты», дейді Болатбек Қыс­тауов.

Ауданда туризмді дамытумен қатар жүзеге асырылып жатқан жұмыстар жетерлік. Бюджет кірісін былтыр 3,5 млрд теңгеден асыру жоспарланған, яғни ауданның өзі жалпы шы­ғынның 27 пайызын тауып отыр. Биыл бұл көр­сеткішті инвестиция тарту арқылы 5 млрд теңгеге жеткізу көзделуде. Алатау батыр ауыл округінде жалпы қуаттылығы 25 мың тонна болатын үлкен мақта зауыты салынуда. Сондай-ақ балық зауыты іске қосылады. Шал­ғайда орналасқанына қара­мастан индустриалды аймаққа келуші инвесторлар аз емес. Оның бір себебі электр қуатының ар­зан­дығында болса керек. Ди­қандар да  биыл мол табысқа ке­неліп отыр. Мысалы, мақтаның әр гектарынан орта есеппен 27 центнерден өнім жиналған. Көп шаруашылықтар тамшылатып суару әдісін енгізу ар­қылы өнімділікті арттыруда. Былтыр 24 мың гектар мақта алқабынан 36 мың тонна өнім жинау жоспарланған. Сондай-ақ Шардара күріш өсіруге ыңғайлы аудан. Өткен жылы 110 гектарға күріш егіліпті. Ал бақша көлемі 12 мың гектарға жеткен. Дегенмен ауданда батпақтанып кету себебінен 4,5 мың гектар пайдалануға жарамсыз күйінде жатыр. Жер сорланбауы үшін 302 тік дренажды реттеу қажет. Осы мақсатта су шаруашылығы ПУИД-2 жобасын биыл көктемнен жүзеге асыра бастамақ. Сондай-ақ жылдар бойы тазаланбаған каналдар мен арықтар бүгінде өзекті мәселеге айналып отыр. Жыл сайы­н тазалау экономикалық тиімсіз бол­ғандықтан арық-каналдарды бетондау қажет. Аудан әкімдігі бұл бағытта жұмыстар жүргізуде екен. Тағы бір өзекті мәселе – тұрғындарды «көгілдір отынмен» қамту. Бүгінгі таңда аудан­ның үш елді мекенінде ғана газ бар. Яғни, тұрғындардың 17,3%-ы қамтылған. Ал 2019 жылдан бастап Шардара қаласына газ тарту жоспарланған. Бұл орайда жобалық-сметалық құжаттары әзірленіпті. Жалпы, 2021 жылы аудан халқының 96%-ы «көгілдір отынмен» қамтамасыз етілетін болады.

Шардараны жағажайы мен ауылшаруашылық өнімдері ғана емес, спортшылары да әлемге танымал етуде. Аудан орталығында «Чемпиондар аллеясының» ашы­лып, қол күресшілердің ескерт­кіші орнатылуы көп жайтты аң­ғартады. Ауданда спорттың армрестлинг түрі жақсы дамыған. Бұл – қол күресінен Қазақ елінің даңқын шығарған Шардарадағы облыстық армспорт мектебі. Бүгінде Шардарадағы қол кү­ресі сөз болса, міндетті түрде Ар­ман Қарсыбаевтың есімі қатар аталады. Құрыш білекті жігіт 2000 жылдары аудандағы өзі құралпы жастарды жиып, армспорт мектебінің негізін қа­лаған. Қазір бұл мектепте қол кү­ресі, ауыл атлетика, кір тасын көтеру үйірмелері жұмыс істейді. Онда мыңнан аса жас өрендер шыңдалуда. Шардара ауданы армрестлинг спортының ордасы іспетті. Өйткені қол күресінен еліміздің ұлттық құрамасының сапында өнер көрсететін қыз-жігіттердің көбі Шардарада шыңдалған спортшылар. Бүгінге дейін ауданнан спорттың осы түрі бойынша 24 әлем чемпионы, 26 әлем кубогының иегері және 157 Азия чемпионы шыққан.

 

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,

«Егемен Қазақстан»

Түркістан облысы