Қалашықта шығыс ертегілерінің алуан образдағы кейіпкерлері мен іші гүл-дестеге толы мұз мүсіндер жағалай орналастырылған. Одан әрірек аяқ бассаңыз түрлі-түсті әшекейлермен безендірілген мұз көпір арқасын тосады. Саябақтағы «сен тұр, мен атайын» дегендей түрлі көріністегі мұз мүсіндердің қайсысы болсын эстетикалық күш-қуатымен, тартымдылығымен таңдай қақтырады.
Тақырыпты ашу, жылдамдық, орындау шеберлігіне қарай қазылар алқасының таңдауымен үздік жұмыстар анықталды. Бас жүлдені Ақмола облысының «Далалықтар» тобы иеленсе, бірінші орынға қытайлық «Харбин» тобы лайық деп танылды. Екінші орынды астаналық «Astana ise master» тобы алса, Қытайдың «Гонконг» командасы үшінші орыннан көрінді. Жүлделі орын алған қатысушыларға әкімдік тарапынан 3 миллион теңге көлемінде ақшалай сыйлықтар тарту етілді.
Есіл ауданы әкімі орынбасарының міндетін атқарушы Нұрлан Омаров бастама келесі жылы да жалғасатынын айтады.
– Мұз қалашығы шығыс ертегісі үлгісінде жасалды. Бұл ісіміз қала тұрғындары мен қонақтарына ұнайды деген үміттеміз. Сондықтан аудандық әкімдік шараны дәстүрге айналдыруды жоспарлап отыр, – дейді Нұрлан Омаров. Сондай-ақ ботаникалық бақтың аумағында балалар мен ересектерге арналған мұз айдыны да қарастырылған. Онда конькилер мен тюбингтер жалға беріледі. Енді көктем келгенше елорда қонақтары мен тұрғындарына мұз құрсанған саябақтың есігі айқара ашық.
Ая ӨМІРТАЙ,
«Егемен Қазақстан»