Руханият • 17 Қаңтар, 2019

Қарағандылықтар 100 жылдық домбырамен күй тартты

721 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Кеншілер астанасындағы «Достық үйінде» Қарағанды облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қазақтану» деп аталған ғылыми-ағартушылық жобасы аясында құрылған «Күй-керуен» орталығының жұмыс істей бастағанына да көп бола қойған жоқ.

Қарағандылықтар 100 жылдық домбырамен күй тартты

Алайда аз ғана уақыт ішінде бұл орталық шертпе күй өнерін насихаттау жолында бірқатар жобаны жүзеге асырып үлгерді. Таяуда оқушы балалар үшін домбырада ойнау шеберлік сыныбының ұйымдастырылғанын да осы игі істердің қатарына жатқызуға болады. Дәрісті дәулескер күйші, шертпе күй өнерін биік деңгейге көтеріп кеткен Дәулетбек Сәдуақасұлының баласы, өзі де танымал домбырашы Қайролла Сәдуақасов өткізді.

Әке жолын қуып, ұстаздыққа ден қойған күйші жас балаларға   домбыраның құрылысы, оның қилы тарихы жайлы егжей-тегжейлі айтып берді. Қазақтың қасиетті аспабы туралы мол мағлұматқа қанық болған оқушылар
«Күй-керуен» орталығындағы құнды жәдігер – жасалғанына 100 жыл болған  домбырада күй тарту мүмкіндігіне ие болды.

– Әрбір ұстаз үшін халық шығармашылығын танымал етудің маңызы зор. Бірінші кезекте біз өскелең ұрпақты ұлттық дәстүрлерімізді дәріптеп өсетіндей етіп тәрбиелеуіміз керек. Халық дәстүрі қасиетті, ал дәстүрді құрметтеу – әркімнің міндеті, – дейді «Күй-керуен» орталығының директоры Қайролла Сәдуақасов.

Қайрат ӘБІЛДА,

«Егемен Қазақстан»

ҚАРАҒАНДЫ