Аймақтар • 17 Қаңтар, 2019

 «Мақсат. Әрекет. Жетістік» серпін клубының таныстырылымы өтті

645 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жастар жылы ел келешегі - жастарды қолдауға бағытталған іс-шаралармен ерекшеленбек. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Жамбыл атындағы жасөспірімдер кітапханасында «Мақсат. Әрекет. Жетістік» серпін клубының таныстырылымы өтіп, жас оқырмандар клубтың бағдарламасы мен бағыттарына қатысты пікірлерімен бөлісті.

 «Мақсат. Әрекет. Жетістік» серпін клубының таныстырылымы өтті

Кездесуге жиналған жасөспірімдердің басым көпшілігі кітапхананың тұрақты оқырмандары. Жамбыл атындағы жасөспірімдер кітапханасы директорының міндетін атқарушы Ғазиза Нұрғалиева «бір кездерде кітапханаға келушілер санының азайып кеткені рас. Алайда мұны кітапқа қызығушылықтың азаюымен емес, кез келген оқу орнында әмбебап, заманауи кітапханалардың жасақталғандығымен байланыстырамыз» дейді. Ал қазіргі кезде көпшілікке арналған кітапханаларға келу үрдісі қайта жандана бастады. Бүгінде кітапхана қоры 300 мыңнан асатын Жамбыл атындағы жасөспірімдер кітапханасына күніне елу оқырман жазылады екен. Соңғы айдағы көрсеткіштер бойынша жазылушылардың саны он мыңнан асқан. Көркем әдебиеттер, IT, дизайн, медицина, экономика, ағылшын тіліндегі көркем әдебиеттер мен әдістемелік құралдарға, сонымен қатар  психологиялық-философиялық кітаптарға сұраныс артып келеді.

Сондай-ақ түрлі тақырыптарға байланысты өтетін тренингтер де көбейген. Әлеуметтік желілердің де ықпалы байқалады. Осы орайда мектеп оқушылары мен студенттер үшін кәсіби, білікті мамандардың кеңесі аса қажет. Ал кітапханада жүзеге асып жатқан жобалар арқылы жасөспірімдердің уақытын тиімді пайдаланып, заман көшінен қалмауға бағыттап отыруға мүмкіндік бар. Сөрелерде сап түзеген кітаптар оларды үлкен өмір жолында өз орнын анықтап, дұрыс мақсат қоюға, білім аясын кеңейтуге ықпал ететін болса, арнайы жобалар ақпараттарды дұрыс қабылдап, жылдам меңгеруге мүмкіндік береді. 2019-2021 жылға жоспарланған шаралар аясында жасөспірімдер мен жастарға бағыт-бағдар, кеңестер беру үшін ай сайын түрлі тақырыптарға арналған кездесулер өтетін болады. Оның барысында салалар бойынша мамандар шақырылып, пікір алмасу мүмкіндіктері қарастырылған. Серпін клубының алдағы жұмыстарымен таныстырып өткен Жансая Себепова арнайы әзірленген бейнекөріністі оқырмандар назарына ұсынса, белгілі психолог Кәмшат Бекжігітова жетістікке жетудің қыр-сырына қатысты ғылыми дәйектелген тәжірибелер тұрғысында көптеген мәліметпен бөлісті.

 

Эльвира СЕРІКҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ