17 Қаңтар, 2019

Оралдықтар 19 қаңтарда суық суға шомылады

565 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

19 қаңтар – православ христиандар «Крещения Господня» діни мерекесін атап өтеді. Бұл күні олар мұзды ойып, суға түсіп, «сумен шоқыну, сумен тазару» рәсімін жасайды.

Оралдықтар 19 қаңтарда суық суға шомылады

Бір қызығы, Орал қаласында бұл мереке жалпыхалықтық сипат алған. Яғни қыстың қақаған аязында Жайықтың мұзын ойып, бір сүңгіп шығу үшін өзенге ағылған нөпір халықтың ішінен орыс пен қазақты, мұсылман мен христианды қатар көруге болады.

- Бұл күні халық жиі шоғырланатын жерлерде біздің қызметкерлеріміз, құтқарушылар кезекшілік етіп, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін болады, - дейді Батыс Қазақстан облыстық Төтенше жағдайлар департаменті Төтенше жағдайларды жою бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Бақытжан Ихсанов.

Биыл суға түсуге ниет білдіргендер үшін Орал қаласы аумағындағы Жайық, Шаған, Деркөл және басқа өзен-көлдерге арнайы 14 суат ойылып, адамдар түсіп-шығатын баспа-саты орнатылмақ. 

- Қаңтарда мұздай суға түсу оңай емес. Сондықтан алдын ала қауіпсіздік шараларын қатаң ескеру керек. Су ішінде 10-20 секундтан артық болуға болмайды. Мұз үстінде, суға түсіп-шығарда тайып құламау үшін арнайы аяқ киім, сүртінетін сүлгі, ыстық шай секілді нәрселерді алдын ала қамдау керек, - дейді төтеншеліктер.

Өткен жылы 19 қаңтарда Жайық өзенінде Орал қаласының Көне соборь аталатын аумағындағы бір ойыққа ғана 2 мыңнан аса адам суға түсіп шыққаны тіркелген.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Батыс Қазақстан