Аймақтар • 17 Қаңтар, 2019

4 мешітті ҚМДБ меншігіне өткізуде кедергілер бар

123 реткөрсетілді

Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметовтің қатысуымен өңірдегі діни ахуалдың жай-күйі мен дін саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру бойынша өткен жылы атқарылған жұмыстар туралы жиын өтті. 

Жиын барысында облыстық Дін істері басқармасының басшысы Жангелді Омаров баяндама жасап, былтыр жыл басында жасалған облыс әкімі мен қала және аудан әкімдері арасындағы басқармаға тиесілі екі индикаторлық көрсеткіштің толығымен орындалғанын атап өтті. Сондай-ақ, басқосуда өткен жылдың 3 мамырында облыс әкімінің төрағалығымен өткізілген кеңестің №51 хаттамасына сәйкес берілген тапсырмалардың орындалу барысы да талқыланды.

  Басқарманың мәліметіне сүйенсек, өткен жылы «Нұр Мүбәрак» университетінің оқытушылары құрамының қатысуымен өңірдегі 100 имамға арналған екі апталық оқыту курсы ұйымдастырылған. Бұған дейін имамы болмаған облыстағы 16 мешіттің де мәселесі толығымен шешіліп, діни қызметшілермен қамтылған. Сонымен қатар, басқарма басшысы мектептердегі «Зайырлылық және дінтану негіздері» пәнінен сабақ беретін барлық мұғалімдердің арнайы курстан өткенін де жеткізді. Сонымен қатар, пәнді меңгеру деңгейін анықтау үшін 450 мұғалім және 16127 оқушының қатысуымен тестілеу жүргізілген.

  Дей тұрғанмен, шешімін таппаған мәселелер де айтылмай қалмады. Атап айтсақ, 23 хаттамалық тапсырманың 14-і ғана шешімін тапса, қалғаны орындалмаған болып шықты. Өңірдегі жеке меншік иелігіндегі мешіттердің ғимараттары мен жер телімдерін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының меншігіне өткізу мәселесі толығымен шешімін таппаған. Бүгінде 19 мешіттің құжаттары рәсімделуде десек, 4 мешітті Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының меншігіне өткізу мәселесінде кедергілер туындауда. Тіпті, шетелде діни білім алып жатқан 26 азаматтың 10-ы сенімді, 16-ы күмәнді оқу орындарында оқып жатыр екен. Бұл ретте әкім оқыту курсы мен мектептегі «зайырлылық және дінтану негіздері» пәнінің тақырыптарын толықтырып, нақтылауға басқарманың атсалысу керектігін ескертті. Сондай-ақ, жеке меншіктегі мешіттерді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының меншігіне өткізуде тиянақты жұмыс жүргізуді тапсырды.

  Жиын барысында әкім діннің ұрпақ тәрбиесіндегі маңыздылығын айрықша атап өтіп, жас ұрпақтың бойындағы иман мен білім арқылы қоғамдағы әділетсіздіктер мен арсыздықтарды айтарлықтай азайтуға болатынын жеткізді.

 

Хамит ЕСАМАН,

«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар